Сараптама

«Үлкендер» бармай қалған Үлкен ауылында...

Кешелі бері АЭС салуға байланысты Үлкен ауылындағы жария тыңдау туралы айтылып жатыр.

«Үлкендер» бармай қалған Үлкен ауылында...

Қарсы болып жатқандар да, қолдап жатқандар да бар. Жұрттың пікірі екіге жарылуы заңды нәрсе. Әрине, билік екі тарапты бірдей тыңдай ма, жоқ па, тыңдаса, одан қандай қорытынды шығарады, ол жағы әзірге белгісіз. Бірақ бір нәрсе нақтыланып келеді, ол – АЭС салу мәселесі енді күн тәртібінен түсе қоймайды. Бұған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бергі сөздері дәлел. Басқасын айтпағанда, екі жыл бұрын айтқан «Мен бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын кез келді деп санаймын, өйткені Қазақстанға атом станциясы қажет», деген сөзі-ақ көп нәрсені аңғартып берген. Мәселе соны қалай салады, кім салады дегенге қарай ойысып барады осы күні.

Сөйтіп жүргенде… АЭС салынбақ Үлкен ауылында жария тыңдау өтетіні туралы ақпарат тарады. Алғашқы жиыны дегесін, бұл мәселеге жауапты игі жақсының бәрі қатысатын шығар деген ой болған. Бірақ жиыннан облыс әкімі де, энергетика министрі де, «Самұрық-Қазынаның» бастығы да төбе көрсетпеді. Есесіне, әр тараптан келген белсенділер аз болған жоқ. Олардың пікірі, негізінен, АЭС – қауіпті дегенге саяды. Ал атом станциясын қолдаймыз дегендердің дені осы ауылдың тұрғындары. Олар ауылдың құрып бара жатқанын, бұрын он мың тұрғыны болса, қазір бар болғаны мың жарым ғана адам қалғанын, Балқаштың суына, балық шаруашылығына зияны тимесе болды, қолдаймыз дегенді айтады. Тіпті қырық жыл күттік дегендер де болды. Бірақ қалай болғанда да, қарсы тараптың пікірі басым түсіп жатты. Солардың бірі қолдаушы ауыл тұрғындарына қарата: «Сіздерге дұрыс ақпарат берілмеген» деген сөз айтты. Үлкен ауылындағы даудың басы осыдан басталады.

Негізі, бұл жиында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының төрағасы Нұрлан Жақыповтың қатыспауына ерекше назар аудару керек. Министрлік тарапынан – Энергетика министрлігінің атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова, облыс тарапынан Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертасов келіпті және Қазақстан атом электр станциясы компаниясының бас директоры Тимур Жантикинкөрініп қалды. Тасада тығылып отырмаса осы жобаға жауапты «Самұрық-Қазынадан» ешкімді көре алмадық.

Иә, қазақша білмейтін, елдің алдына шығып, брифинг өткізуге жүрегі дауаламай жүрген Сәтқалиевтің шалғайдағы ауылға (қызып тұрған қазақша даудың ішіне) келе алмайтыны түсінікті. Өзі басқарып отырған облыста АЭС салынғалы жатқанда және бір ауылдың тұрғындарын тыңдау жүріп жатқанда Сұлтанғазиевтің үнсіз қалуы – күннің күйіп тұрған басты тақырыбын мәнсіздендіріп жіберді. Сұлтанғазиев сірә «президент «АЭС бізге қажет» деді, болды, менсіз де салынады» деп ойлайтын болу керек. Әйтпесе, өзін тағайындап отырған президентінің былтыр ғана «Мен жауапты тұлғалардың атом электр стансасының құрылысы туралы сұраққа дипломатиялық жолмен жауап беруден неге жалтарып жатқанын түсінбеймін», деп ренжігенін ұмыта қоярдай уақыт өте қойған жоқ.  

Осы жиында Сұлтанғазиевтің негізгі сөзін ұстап барған Жамбыл ауданының әкімі ғой. Сол жиынды ашып тұрып «Жамбыл ауданына электр энергиясының жеткіліксіз. Қазір осындай даудың кесірінен 200 млрд теңгенің жобасын тоқтатып тұрмыз», деп міндет арта сөйлепті. Бұл дәл ашық талқылау тақалғанда емес, бұдан бұрын, көп бұрын айтылуы тиіс мәселе емес пе еді? Және бұл тек бір ауданның ғана емес, бүкіл облыстың проблемасы ғой? Бір ғана ауданда 200 млрд жобаға электр қуаты жетпей жатса, бүкіл облыста қанша? Осының бәрін жіпке тізіп тұрып, Сұлтанғазиев неге сөйлемейді? Негізі, онсыз да үй күшік атана бастаған Сұлтанғазиев бұл жиынға баруы керек еді. Сосын, елдің алдына шығып, көсіліп бір сөйлеуі керек еді. Қазір әлемде энергетика ретінде көмір жағу әлемдік экологияда шетін мәселе екенін, судың да сұрауы бар екенін, сулы-нулы Жетісу өзендерінің егін суарудан артылмай жатқанын, одан бері орағытып келіп бұл АЭС-тің құрылысына 30 мың адам жұмысқа тартылатынын, соның негізгі мүмкіндігі осы ауылдың байырғы тұрғындарына берілетінін айтып бір кетсе… АЭС салынғаннан кейін де жұмыссыз қалмайсыңдар деп бір демеп қойса… Жұрт жапатармағай құлай кетпегенмен, тұрғындар «біздің әкіміміз бізді ойлап жүреді екен ғой», деп, арқасын кеңге салып, бір жасап қалар еді ғой. Облыс әкімінің келмегеніне қырсығып тұрған ел аудан әкімінің сөзіне құлақ асушы ма еді! Мұндайда «би айтқан сөзді мен де айтам...» дейтін құлдың сөзі еске түседі. Иә, облыс әкімінің өзі бұғып қалған мәселені аудан әкімі қалай шешсін! Облыс әкімінің аузында жоқ дуа аудан әкімінде қайдан болсын!

Не де болса, «бұйрық қатты, жан тәтті» деп, тек бір адамның көңілінен шығу үшін жұмыс істеп үйреніп қалған үшеу жаман қырымыздан көзге түсіп қалармыз деп, Үлкендегі даулы жиынға барудан тайсақтаған сыңайлы. Біздің кіші шенеуніктердің бәрінде бұрыннан қалыптасқан бір әдет – «үндемеген үйдей бәледен құтылады» ұстанымы. Өйткені көзге көп түссе, бір сөзді дұрыс айтпай қалам ба деп қорқады. Бұл – кәсіби тұрғыда, кадрлық мәселеде апатты жағдай. Жауапкершілік алудан қорқатын, тек тапсырмамен ғана жұмыс істейтін, жаттанды баяндама жасауды ғана білетін «тәрбиелі, тамаша» атқарушылар, шындап келгенде, бұғып қалу арқылы өздеріне артқан (халық болсын, президент болсын) сенімді ақтаудан саналы түрде бас тартады. Үлкендегі жария тыңдауда «атом энергетикасының маңыздылығын кәсіби түрде түсіндіріп» беретін бір адамның табылмауы, «дипломатиялық жолмен түсіндіріп беруден жалтарып кеткен» облыс әкімінің әрекеті достықтың ісі емес, қастықтың ісі. Энергетика министрлігі де Үлкенде болған талқылауды «бәрі тегіс қолдады» деп, ештеңе болмағандай сылап-сипап, ресми сайтында жариялай салды. Мұның бәрі өзі де күйіп тұрған АЭС тақырыбын асқындырып жіберді.

Тіпті кейбір шенеуніктер АЭС салуға іштей қарсы болуы мүмкін, ал оны қорқып жасырып қалса… Бір тырнағы ішінде деген сөз. Осындай жауапты мәселені ведомстволар да бір-біріне сілтеп әлек. Ешқайсысы негізгі жауапкершілікті алудан қорқады. Осы жиында ақылдасып алғандай бірінші басшылардың ешқайсысының бармауы соның айғағы. Елді алаңдатып отырған мәселеде «Бәленше келмесе, менің нем бар, құрысын», деп, кабинетінен шықпай отырып алудан асқан мысықтілеу жоқ. Қарсы шыққандардан, белсенділерден халық жауын жасаудың да қажеті жоқ. Белсенділер өз позициясын түрлі формада ұсынады ғой, сол сияқты шенеуніктер де өз аргументтерін түрлі жолмен дәлелдеп бақсын. Даулассын, тартыссын, айғайлассын. Сонда, халықтың да құлағына бірдеңе жетеді.

Жалпы, Қазақстан халқы АЭС салуды талқылап, біраз жерге барып қалды. Бұл мәселенің ерекше шу болуы Ресей президенті Путиннен басталады. Ол ұсыныс айтты, демек, сол салады деген пікір басым. Билік ұсынған тізім ішінде Ресей бар. Қарсы болып жүргендердің көбінің қорқатыны да осы – Ресей мәселесі. Егер, тізімнен Ресей сызылып кетсе, белсенділер де, қарсы болып отырған тұрғындар да мәмілеге келуге дайын сияқты. Қалай болғанда да, Қазақстан билігі осы бір көзірін соңына сақтап отырғандай көрінеді. Елді шулатып, шулатып келіп, ең соңында «қарсы болып отырғандарың Ресей болса, міне сендерге Корея (Франция, Венгрия)», деп, русофобияны тиімді пайдаланып кете салатын сияқты.

Шаш ал десе бас алатын атқарушылар АЭС-ті үн-түнсіз салып тастаймыз деп ойлайтын болуы керек. Ал бұл АЭС туралы алғаш сөз шыққаннан бері халықтың мүддесі ескерілетіні, пікірі назарға алынатыны туралы уәде беріліп келеді. Ал оны орындауға Сұлтанғазиев, Сәтқалиевтердің білігі жете қоя ма?..

Тегтер: Без Тега
Олжас Сламжан
Олжас Сламжан Олжас Сламжан

Оқыңыз