Әлеумет

«Ұмай» ипотекасы: Әйелдерге арналған бағдарлама қашан басталады?

«Отбасы банк» 31 тамыздан бастап әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдайды.

Ұмай

Бағдарлама арқылы қазақстандық әйелдер жаңа үйлерден де, қайталама нарықтан да баспана сатып ала алады.

Жоба Азия даму банкінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Бағдарламаға алғашқы кезеңде 9 миллиард теңге бөлінген. Ипотеканың мөлшерлемесі – 14,8 пайыз, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3-16,8 пайыз аралығында.

Бағдарламаға қатысу үшін отбасының ай сайынғы табысы 1,25 млн теңгеден аспауы керек. Сонымен қатар соңғы алты айдағы төлем қабілетін растау және сатып алынатын немесе жөнделетін үйде тұру талап етіледі.

«Ұмай» арқылы тұрғын үй сатып алуға 50 млн теңгеге дейін, ал баспана жөндеуге 15 млн теңгеге дейін қарыз алуға болады. Бастапқы жарна Алматы мен Астанада кемінде 20 пайыз, ал басқа өңірлерде 15 пайыз болуы тиіс.

Қайталама нарықтан алынатын үй 2016 жылдан бұрын салынбауы керек. Ал бастапқы нарықтағы баспананы «Баспана Маркет» арқылы сатып алуға болады.

Өтінімді «Отбасы банкінің» сайтындағы «Бейнеқызмет» арқылы, «Баспана Маркет» жеке кабинетінен немесе банк бөлімшесі арқылы беруге мүмкіндік бар.

Маңызды талаптың бірі – бағдарлама бойынша сатып алынатын тұрғын үй әйелдің атына рәсімделеді. Егер ол некеде болса, баспана ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі ретінде тіркеледі.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз