ҰҚК Жаңаөзеннің бұрынғы әкіміне қатысты тергеу жүріп жатқанын растады
25 қазанда Ақтауда адам ұрлау дерегі бойынша ақпарат тараған.
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жаңаөзен қаласының бұрынғы әкімі, қазіргі Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі Жансейіт Қайнарбаевқа қатысты ақпаратқа түсініктеме беріп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады.
Бұған дейін Жансейіт Қайнарбаев пен Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекеновтің Ақтауда адам ұрлау ісіне қатысы болуы мүмкін екені хабарланған.
"Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді ҰҚК.
Алайда ведомство қылмыстық істің мән-жайын, нақты қандай айып тағылғанын және тергеудің басқа да деректерін жарияламады. Бұған қылмыстық-процестік заңнама талаптары себеп екені айтылды.
Айта кетейік, 25 қазанда Ақтауда адам ұрлау дерегі бойынша ақпарат тараған. Журналист Михаил Козачковтың дереккөздерінің мәліметінше, 24 қазан күні кешке Жансейіт Қайнарбаев таныстарының бірімен кездескен. Кездесу барысында жанжал туындап, ер адам кетуге әрекеттенгенімен, оны Lexus 600 автокөлігінде күштеп ұстаған деген ақпарат бар.
Болжам бойынша, жанжалға Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов пен оның жанындағы адамдар да қатысқан.
Кейін жәбірленушіні қала сыртына алып кетпек болғаны айтылады. Журналистің мәліметінше, жолда сегіз адамнан тұратын топты ҰҚК-нің жергілікті департаменті қызметкерлері ұстаған.
Осыдан кейін Қайнарбаев пен Бисекеновтің де ұсталғаны хабарланды.
Әлеуметтік желілерде құқық қорғау органдарының қызметтік мәліметі ретінде ұсынылған құжаттың суреті тарады. Онда алдын ала сөз байласқан адамдар тобының адам ұрлауы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны жазылған.
Әкім мен спорт федерациясының өкілі қамауға алынған
Адвокат Айбек Сүйіндіков бұған дейін КТК телеарнасына 26 қазанда тергеу соты Жансейіт Қайнарбаев пен Манарбек Бисекеновті қамауда ұстауға санкция бергенін хабарлаған.
Оның айтуынша, тергеу мүддесіне байланысты қылмыстық істің өзге мәліметтері жария етілмейді.
Жансейіт Қайнарбаев кім?
42 жастағы Жансейіт Қайнарбаев 1984 жылғы 20 мамырда Маңғыстау облысының Құланды ауылында дүниеге келген. 2016-2022 жылдары Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Кейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары болған.
2024 жылғы ақпанда Жаңаөзен қаласының әкімі болып тағайындалды. Ал 2026 жылғы 26 қыркүйекте Қарақия ауданының әкімі қызметіне кірісті.
Манарбек Бисекенов Маңғыстау облысының спорт саласында танымал. Ол Самбо федерациясының бірінші вице-президенті қызметін атқарады. Бұған дейін өңірлік спорт ұйымдарын басқарған.
Әзірге күдіктілерге нақты қандай айып тағылғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.