Ұранхаевтан жарты айдан кейін жауап келді
«Жас Алаштың» 17 тамыздағы санында «Семейде «Абай Аренаға» адам, Ұранхаевқа шаң жуытпайды» деген материал жариялаған едік. Мақаланы дайындау барысында Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа «Жас Алаштың» атынан арнайы хат жазып, спорт кешенге байланысты бірнеше сауал жолдағанбыз.
Хат иесіне жеткенімен, үш күн күткен сауалымызға жауап ала алмадық.
Біз Ұранхаевқа жазған хатымызда «Спорт кешені кімдерге қызмет көрсетеді, жергілікті тұрғындар балаларын неге үйірмелерге тегін бере алмай отыр, меншік иесі Дүсқұжановтармен әкімдік арасында қандай келісімшарт бар, әкімдікке кешенді жалға беруден ақша түсе ме, түскен қаржы қайда, қалай жұмсалады» деген сияқты сауалдар бар еді.
Біз хатты 15-тамыз күні жолдағанбыз. Одан бері 16 күн өтті. Жарты сағат қарап, үш-төрт сағатта дайындай салатын сауалымызға жарты айдан кейін, 31-тамыз күні жауап келіпті. Тасбақаға байлап жіберсе де жететін уақыт. Интернет дамыған заманда Абай облысының әкімдігі өздерінің үшбу сәлемдемелерін пошташыдан жібергені қызық болып тұр. Оған да шүкір! Ең бастысы жауап хат келді ғой дедік. «Ж.Мукатаевтың» қолы қойылып келген жауапхаттың мазмұнымен танысып шығып, көңіліміз су сепкендей басылды. Жарты ай дайындаған жауаптарының сиқына қарағанда, Ұранхаевтың кеңсесінде қазақ тілді маман жоқ сияқты. Немесе қазақша хат дайындай алмайтын, барды бар, жоқты жоқ деп жазатын жібі түзу баспасөз хатшы жоқ. «Бас десе, құлақ дейдінің» кері.

Біз спорт кешенді сенімгерлік басқаруға алған Дүсқұжановтар туралы сұрағанбыз. Ал олардың жауабында Дүсқұжановтар туралы бір ауыз сөз жоқ. Басынан аяғына дейін құжат тілімен, заңның бұйрық, шешімдерін келтіріп жазылған орысша құжаттың қазақша «калькасы» ғана. Дүсқұжановтардың атын атамайды, бірақ солардың меншігіндегі «Семей-Номад» ЖШС-ның жеңімпаз болып, сенімгерлік басқаруға алғанын айтыпты.
«Құрылысты салған компанияның аренаны сенімгерлікке алып жүргізуі қаншалықты заңды?» деген сауалымызға берген жауабын бірнеше қайтара оқысақ та ешнәрсе түсіне алмадық.
«Спорт кешеннің кірісінен мемлекетке (жергілікті әкімдікке) ақша түсе ме, «Семей-Номад» ЖШС-мен әкімдіктің арасындағы келісімшарт қалай?» деген сұрағымызға берген жауабынан бір ғана сөйлемді түсінгендей болдық. Қысқасы, кешеннен түсетін таза кірістің 30 пайызы – «Семей-Номадқа», 70 пайызы – жергілікті бюджетке құйылады екен.
Ал Қарағайлы шағын ауданының тұрғындарының балалары кешенге неге кіре алмайды деген сауалымыз болған. Оған да сенімгерлік басқаруға алған компаниямен жасалған шартты жазып шығыпты. Содан кейін, түсініксіз құжат тілімен ана бұйрық, мына бапты келтіріп «тегін қызмет көрсетілуде» деп қайырыпты. Ал Қарағайлының тұрғындары бізге балаларын спорт кешендегі үйірмелерге тегін бере алмайтындарын, тіпті есгінен сығалай алмайтындарын айтқан болатын. Айтпақшы, хаттың соңына қол қойған Мукатаевтың лауазымы көрсетілмепті. Сөйтсек, ол Семей қаласы әкімінің орынбасары көрінеді. Ұранхаевтың да орынбасары емес.