Ұшақ бортында пилоттар пышақтасып, Flydubai ұшағы Сауд Арабиясына шұғыл қонды
Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Flydubai ұшағының пилоттары әуе кемесі ішінде жанжалдасып, физикалық төбелеске барған.
Оқиғадан кейін ұшақ апаттық сигнал беріп, бағытын өзгертіп, Сауд Арабиясына қонған. Бұл туралы Reuters хабарлады.
FZ1073 рейсі Иорданияның әуе кеңістігіне жақындаған кезде бағытын өзгертіп, Сауд Арабиясы аумағына бет алған. Flightradar24 мәліметінше, әуелі ұшақтан жалпы апаттық сигнал берілген. Бірнеше минуттан кейін заңсыз араласу болуы мүмкін екенін білдіретін тағы бір сигнал тіркелген.
Израильдік БАҚ-тың мәліметінше, Boeing 737 ұшағының бортында шамамен 150 израильдік жолаушы болған. Ұшақ кейін тағы да жалпы апаттық сигнал беріп, Сауд Арабиясының солтүстік-батысындағы Табук әуежайына қонған. Жолаушылардың бірінің анасы ұшақтағы жағдай туралы айтып, пилоттардың бірі пышақ алып, екіншісіне шабуыл жасауға әрекеттенгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қызы айғай мен көмек сұраған дауыстарды естіген. Осыдан кейін ұшақтың басқарылуы қиындай бастаған.
Оқиғаның нақты себептері мен пилоттар арасындағы жанжалдың мән-жайы әзірге нақтыланып жатыр.