Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:55, 07 Ақпан 2024

Ұябұзар. Досаев іскер болып көрінсем дейді

Алматы
Фото: из открытых источников

Құрылыс компанияларын ұзақ уақыт еркіне жіберген Алматы әкімдігі кейінгі жылдары ұйқысынан шошып оянғандай. Түрлі тексерісті күшейтіп жатыр. Тіпті 2023 жылдан бері «сатып алуға ұсынылмайтын тұрғын үй кешендері» деген тізім танымал бола түсті. Рас, мұндай құжат бұрыннан бар болатын, бірақ былтырдан бері маңызы артып тұр. Мысалы, 2022 жылы қарашада бұл тізімде 9 ТҮК болса, биыл олардың саны 45-ке жетті.

«Қара тізімдегі» 45 үй

2024 жылы 26 қаңтарда Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы жариялаған «қара тізімге» мегаполистің 5 ауданында орналасқан тұрғын үйлер енген. Әкімдік бұл үйлердің «рұқсат берілген құжаты толық емес, жобадан ауытқыған және басқа да заң бұзу әрекеті бар» екенін айтып отыр. Мысалы, Наурызбай ауданындағы «Французский дом» ТҮК-нің құрылысқа рұқсаты жоқ, салынып жатқан жері – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімі. Ал «Demeu Residence» ТҮК-нің құжаты толық емес. Үй салынған жер телімі жеке қосалқы шаруашылыққа арналған, заң бойынша ол жерде ТҮК салуға болмайды. Сондай-ақ тізімдегі үйлердің көбі эскиз жобасынан ауытқып кетіпті.

Ең қызығы, әкімдік 45 тұрғын үй кешені заңсыз салынып жатқанын қалай байқамаған? Болары болып, халық ақша құйып, үйлері сатылған соң ғана қимылдап отыр. Қимылдары да аса ширақ емес, 2022 жылғы тізімге енген үйлер 2024 жылғы тізімде әлі тұр. Соған қарағанда, әкімдік әу баста «сатып алуға кеңес бермейміз» деп үндеу жасаумен ғана шектелген сияқты. Кей тұрғын үй кешенін бұзу туралы сот үкімі бар, бірақ ол әлі орындалмапты. Ал тізімнің бел ортасында тұрған кей компания әлі желіде жарнама жасап, үй сатып жатыр.

Ерболат Досаев бастаған шенділер заң бұзған құрылысшыларды құрықтаудың орнына «азаматтар үй сатып аларда барлық қажетті құжатты тексергені жөн» деп бар жауапкершілікті халықтың өзіне ысырып қойыпты. Соған қарағанда, халықты заңсыз құрылыстан қорғау Досаевтың қолынан келмейтін сияқты. «Үй алғыңыз келсе әкімдіктің WhatsApp-ына жазып, ТҮК-ін тексертіп алыңыз» дегені тіпті қызық. Демек, баспана алғысы келген әр адам алдымен әкімдікті жағалап, тұрғын үй кешенінің құжаты бар-жоғын анықтауы қажет. Егер тәртіп қатал, үйдің бәрі заңды жолмен салынса, халық бұлай әуреге түспес еді.

Сынап көру үшін әкімдіктің ресми сайтында көрсетілген WhatsApp нөмірге хат жазып, Sky park ТҮК жайлы ақпарат сұрадық. Жауап келді. Ащы ішекше шұбатылған түсініксіз сөйлемнен ұққанымыз – бұл мекенжайда құрылыс жүріп жатқан жоқ, құжаттары толық емес.

«Көрмес – түйені де көрмес»

Әкімдіктің «қара тізімі» жариялана сала желідегі жұрт «осы үйлер салынып жатқанда ай қарап, жұлдыз санап жүрдіңдер ме» деп шулап жатыр. Бұл уәждің жөні бар, кішігірім кепе қора емес, зәулім тұрғын үйлерді көрмей қалу... ақылға сыймайды. Ал әкімдіктің айтуынша, заңсыз салынып жатқан нысанды тексеру үшін халық шағым жазуы қажет, онсыз құзырлы органдар өз бетінше қозғала алмайды-мыс. Екінші жолы, нысанға жоспардан тыс тексеріс жүргізу керек. Бірақ жоспардан тыс тексеріс жүргізудің әуресі көп, мың түрлі мекемеден рұқсат алуға тура келеді. Сөйтіп жүргенде құрылыс аяқталып, үй сатылып кетеді екен.

Досаев әйтеуір ақталудың жолын табады. Олар үшін тәртіпті күшейтіп, заңсыз құрылысты тоқтату қиын болғанымен, сатылып кеткен үйді бұза салу оп-оңай. Екі ортада тағы қарапайым халық зиян шегеді. Жылдар бойы сол үйді күтіп жүрген, тіпті несие алып, ақша салған тұрғындар жайы не болады? Ұзаққа созылатын сот процесі кезінде баспанасынан айырылған жұрт далада қалары анық.

Былтыр 30 қарашада Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт шығып, 13 адам көз жұмды. Сол кезде де қаланың қақ ортасында тұрған қонақ үй туралы Досаев «бұл хостелді ашуға біз рұқсат берген жоқпыз, мұнда хостел барын көрмей қалдық» деп ақталған. Қазіргі жағдай да соған ұқсап тұр, аталған 45 ТҮК-ін салуға билік рұқсат бермеген, салынып жатқанын көрмеген. Бірақ әкімдік рұқсат бермесе, жүз неше пәтерден тұратын тұрғын үй кешенін өз бетінше салып алатын құрылысшыларды жын қаққан жоқ шығар.

Әрине, құрылыс компанияларында да кінә бар. Көбі «амалдап үйді салып болып, сатып үлгерсек, соны алған тұрғындарды шулатып жүріп заңдастырып аламыз» деген көлеңкелі ойды азық етеді. Ал олардың осы ойын жүзеге асыруына әкімдіктегі «көк қағаз» арқылы табысқан танысы көмектесуі мүмкін. Яғни ол «таныс» заңсыз құрылыс әупірімдеп салынып болып, тұрғындар қолына өткенше құзырлы органдардың көзін көлегейлей тұрады. Түптеп келгенде, әкімдік әділ, әкімдер таза болса, ешкім заң бұза алмас еді.

Бас жоспары жоқ қала

2023 жылы шілдеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласының жер және қала құрылысы саласында жемқорлық деректері анықталғанын хабарлады. Қала құрылысы жүйелі жоспарланбаған, Алматының бас жоспары 2011 жылдан бері жаңармапты. Әкімдіктің лауазымды адамдары жердің нысаналы мақсатын өз қалауы бойынша өзгерткен. Мысалы, саяжай учаскелерінің орнына ЖТК салынған. Сондай-ақ антикор құрылыс процесі де жемқорлық фактілеріне толы екенін және билік құрылыс саласына толық бақылау жүргізе алмай отырғанын хабарлады. Мысалы, әл-Фараби даңғылынан жоғары салынған объектілер биіктігі 12 метрден (3 қабат) аспауы қажет, бірақ бұл шектеуге қарамастан биіктігі 15 метр «Домино» клуб үйі бой көтерген. Мұндай 18 нысан анықталып отыр.

Қала деген – бос жер көрсе үй сала беру емес. Құрылыс жұмыстары қаланың бас жоспарына сай жүруі қажет. Бас жоспарда қала 5-10 жылдан кейін қалай болатыны айқын көрініп тұруы керек. Бірақ антикордың есебінен Алматының бас жоспары кейінгі 13 жылда ұмыт қалғаны белгілі болды. Жоспарсыз, бақылаусыз жүргізілген құрылыс жұмыстарының соңы неге соққанын көріп отырмыз. Айдын-күннің аманында азаматтар баспанасынан айырылғалы отыр.

Тараптар не дейді?

Халық, әкімдік және құрылыс компаниялары «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешіп отыр. Көрпені әркім өз жағына тартады. Әкімдік БАҚ-ты шулатып «қара тізім» жариялағанымен, жеке пікір беруге дайын болмай шықты. Жолдаған ресми сауалымыз жауапсыз қалғаны өз алдына, қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Бақытжан Наурызбековті «ұстау» мұң болды. Соңынан екі күн «жүгіріп», ақыры сайттағы пресс-релизді қанағат тұттық.

Сондағы Наурызбековтің айтқан сөзі мынау: «2023 жылы Алматы соттарына заңнама мен құрылыс нормасы талабын бұзғаны үшін 174 талап-арыз жіберілді. Оның 86-сы нысанды толық немесе жартылай бұзуға қатысты. 41 талап-арыз қанағаттандырылды, тағы 45 нысанды бұзу бойынша сот талқылауы жүріп жатыр. Оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, тұрғын емес үй-жайлар, дәмханалар мен мейрамханалар, сауда павильондары, көлік жуу орындары және басқа да құрылыс нысандары бар. 2023 жылы барлығы 22 нысан толық немесе жартылай бұзылды».

Ал тізімге енген құрылыс компаниялары қойдан қоңыр болып отыр. Ұшқары пікір айтып, әкімдіктің шамына тиіп алудан қорқатын сияқты, көбі пікір білдіруден бас тартты. «Demeu Development» компаниясының өкілі «бұл – ескі тізім, әлі жаңарған жоқ, басқа ештеңе айта алмаймыз» деп қысқа қайырды. Ал өзінің де, компанияның да атын атамауды сұраған мердігердің сөзінен әкімдікке тіс қайрап отырғанын аңғардық.

«Құрылыс барысында эскизден сәл ауытқыған едік, акимат соны сылтауратып, тізімге қосып қойыпты. Біз ол кемшілікті түзетіп, қайта өткіздік. Аталған тізімге еніп кеткендіктен, салған үйімізді сатудан алып тастадық, оны өзіміз пайдаланамыз. Әкімдік БАҚ-та шу шығарып, қатты жұмыс істеп жатқандай көрінуді мақсат тұтып отыр деп есептейміз. Алдымен құжат мәселелерін шешіп алайық, сосын әкімдікті сотқа беруге де дайынбыз», – дейді ол.

Бұл мәселеде тұрғындардың да өз айтары бар. Желіде жарнамасы жер жарып тұрған тұрғын үйге ақша салып, үлескер атанғандар көп. Тіпті кейбірі үй аларда қала құрылысын бақылау басқармасы рұқсат берген деп отыр. Біз сөйлескен Дидар есімді тұрғын былтыр ақша салған тұрғын үй құрылысы әлі басталмағанын айтады.

«Былтыр қыркүйекте «Мұнартау» ТҮК-нен үй алатын болып, компаниямен келісімшарт жасап, ақша салдық. Жоспар бойынша үй 2024 жылдың екінші тоқсанында берілуі керек, бірақ құрылыс әлі басталмады. Біз келісімшарт жасарда Абай даңғылы бойында орналасқан қала құрылысын бақылау басқармасына барып, кеңес сұраған едік, ондағы мамандар біз алатын нысанға қатысты мәселе жоқ екенін, алаңсыз сатып ала берсек болатынын айтты. Негізі біздің ТҮК-ке қатысты дау 4 қабатты блоктан шықты. Ал біз 3 қабатты блокқа ақша құйдық. Ендеше, біз алған үйдің құрылысын неге бастамай отырғаны түсініксіз».

Тағы бір азамат әкімдіктің заңсыз үйлер жайлы жазбасына «бір жылдан асты «Французский дом» ТҮК-не салған ақшамызды ала алмай жүрміз. Ақшаны қайтару жөнінде сот үкімі шықса да қаржымыз қолымызға тиген жоқ» деп пікір жазды. Оның айтуынша, үйді құрылыс басқармасы ұйымдастырған жәрмеңке кезінде алған. Ол шенділердің алдымен үй салуға рұқсат беріп, кейін құрылысты тоқтатып тастағанына таңғалып отыр. Тұрғындар бұл мәселеге кім жауап беретінін де білмейді.

Алматыдағы тұрғын үй дауының ұзын-ырғасы осы. Халықтың игілігіне берілген үйден, сот шешімін күтіп тұрған үй көп. Досаев оңтүстік астананың тізгінін ұстағаннан бері жолдарды қопарып, үйлерді құлатуға әуес болып тұр. Мүмкін бұл жоғарыдағы мердігер айтқандай «іскер болып көрінудің бір тәсілі» шығар. Бірақ «іскер» әкім іске ертерек араласып, қарапайым халықтың мүддесін қорғамаған соң, ендігісі ұябұзар демейік, үйбұзардың әрекетіне ұқсайды. Жау кеткен соң қылыш сермеп, жұртты дайын үйден қуып шығу абырой әперетін жұмыс емес. Әйтпесе, Алматы халқы Бақай мен Шаңырақта үй бұзған әкімді әлі ұмытқан жоқ.

Қуаныш Қаппас