Әлеумет

Венесуэлада жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды

Венесуэлада 24 маусымда болған екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2 295 адамға жетті.

Венесуэла

 Ресми мәлімет бойынша, тағы 11 мыңнан астам адам жарақат алып, шамамен 13 мың тұрғын баспанасыз қалған. Елде жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланды.

Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригестің айтуынша, 24 маусымда елдің солтүстігінде, астана Каракастың батысында болған қос жер сілкінісі ел тарихындағы ең алапат табиғи апаттардың біріне айналды.

Соңғы ресми дерекке сәйкес, табиғи апаттан 2 295 адам қаза тапқан. Сонымен қатар 11 267 адам түрлі деңгейде жарақат алып, 13 мыңға жуық тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған.

Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, әзірге 50 мыңға жуық адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында. Оның шамамен 30 мыңы ең көп зардап шеккен Ла-Гуайра портты қаласы аумағында болған.

Ресми мәлімет бойынша, құтқарушылар қираған ғимараттардың астынан 6,5 мыңға жуық адамды тірідей алып шыққан. Дегенмен тірі қалғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені көптеген тұрғын өз күшімен немесе жақындарының көмегімен үйінді астынан шығып үлгерген.

Осы қайғылы оқиғаға байланысты Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес елде жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады. Аза тұту 1 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 18:00-де басталды.

Ол әлеуметтік желідегі үндеуінде Венесуэла халқы қаза тапқандардың отбасыларының қайғысына ортақ екенін айтып, жараланғандар, хабар-ошарсыз кеткендер және табиғи апаттан зардап шеккен барлық азаматтар үшін дұға жасалатынын жеткізді.

24 маусымда елдің солтүстігінде арасы небәрі 39 секунд болатын магнитудасы 7,2 және 7,5 балдық екі қуатты жер сілкінісі тіркелген. Мамандар бұл құбылысты «сейсмикалық дублет» деп атайды. Яғни бір аймақта қысқа уақыт ішінде қатарынан екі ірі жер сілкінісінің болуы.

Жер сілкіністерінен кейін ондаған афтершок тіркелді. Соның салдарынан көптеген тұрғын үйлер қираған. Әсіресе елдің ең ірі теңіз порты мен халықаралық әуежайы орналасқан Ла-Гуайра штаты ең көп зардап шеккен өңір ретінде аталып отыр.

Қазіргі уақытта табиғи апатқа байланысты ел бойынша төтенше жағдай режимі күшінде. Құтқарушылар үйінді астында қалған адамдарды іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз