Венесуэладағы жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны 1700-ден асты
24 маусымда Венесуэлада болған екі жойқын жер сілкінісінің салдарынан қаза тапқандар саны 1719 адамға жетті.
Тағы 5034 адам жарақат алғанын ел билігі хабарлады. Сонымен қатар, ондаған мың адам әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Венесуэла Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригестің айтуынша, апат салдарынан 15 866 адам баспанасыз қалған.
Бұған дейін қаза тапқандар саны кемінде 1450 адам деп хабарланған болатын. Алайда билік құрбандар санының әлі де артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Апаттан кейін бес күн өтсе де, ондаған мың адамның тағдыры әлі белгісіз.
24 маусым күні Венесуэланың солтүстігінде, астана Каракастың батыс жағында арасына небәрі 39 секунд салып магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісі тіркелді. Бұл – елде соңғы 125 жылдағы ең қуатты жер сілкіністері саналады.
Негізгі дүмпулерден кейін ондаған афтершок болды. Соның салдарынан көптеген тұрғын үй қирады. Ең қатты зардап шеккен өңір – халықаралық әуежай мен елдегі ең ірі теңіз порты орналасқан Ла-Гуайра штаты.
Жер сілкінісіне байланысты Венесуэлада төтенше жағдай режимі жарияланды.
АҚШ-тың Цунами туралы ескерту ұлттық орталығының мәліметінше, Венесуэлада «сейсмикалық дуплет» деп аталатын сирек құбылыс тіркелген. Бұл – бір сейсмикалық аймақта бірнеше секунд аралығында магнитудасы жоғары екі жер сілкінісінің қатар болуы.