Әлеумет

Верониканың өлімі неге қайта талқылана бастады?

Қазақстан қоғамы соңғы жылдары жас қыздардың жұмбақ жағдайда қаза табуына қатысты бірнеше резонансты істі ұмытқан жоқ. Атыраулық Яна Легкодимованың өлімі елді дүр сілкіндірсе, енді әлеуметтік желіде Орал қаласының тумасы, 22 жастағы Вероника Соколованың тағдыры қайтадан қызу талқылана бастады.

Вероника

Вероника 2024 жылдың маусым айында Алматыда қаза тапқан. Ресми нұсқа бойынша, қыз көпқабатты үйдің төртінші қабатынан құлап, көз жұмған. Алайда арада екі жыл өтсе де марқұмның жақындары бұл оқиғаның өз-өзіне қол жұмсау болғанына сенбейді.

Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға қыздың алғашқы кездесуінен кейін болған. Алматыға пәтер іздеп келген Вероникаға баспана көрсеткен Әлібек есімді азамат кейін әлеуметтік желі арқылы хабарласып, кездесуге шақырған. Алғашында олар мейрамханада болған. Кейін қыз жігіттің пәтеріне барған. Сол күннен кейін Вероника тірі оралмаған.

Анасы Любовь Соколованың сөзінше, қызы қайғылы оқиға алдында көтеріңкі көңіл-күйде болған. Алдағы демалысын жоспарлап, жаңа таныстығы туралы айтып жүрген. Сондықтан анасы қызының өз еркімен өмірімен қоштасуы мүмкін деген болжамды қабылдамайды.

Отбасының күмәнін күшейткен жайттар аз емес. Олар оқиға орнындағы кейбір фотосуреттердің, бейнежазбалардың және Верониканың киімдерінің іс материалдарынан жоғалып кеткенін айтады. Сонымен бірге дененің құлаған жері, куәгерлердің түсініктемелері мен тергеудің кейбір әрекеттері де сұрақ тудырып отыр.

Марқұмның туыстары тағы бір маңызды жайтқа назар аударады. Олардың айтуынша, сараптама қыздың қанынан есірткі заттарын анықтамаған. Бірақ дәл осындай нұсқа күдікті тараптың түсініктемелерінде айтылған.

Бастапқыда іс өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бабы бойынша тергелген. Кейін қылмыс құрамы жоқ деген негізбен тоқтатылған. Бірақ Верониканың анасы істі қайта қарауды және жан-жақты тергеу жүргізуді талап етіп келеді.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл істі Атыраудағы Яна Легкодимованың өлімімен салыстыра бастады. Екі жағдайда да жап-жас қыздар таныс ер адамдармен кездесуге барғаннан кейін қаза тапқан. Екі оқиғада да қоғамды алаңдатқан көптеген сұрақ жауапсыз қалған.

Айта кетейік, 11 маусымда екі жыл бұрын Алматыда жоғарғы қабаттан құлап қаза тапқан Ақнәр Гүлістанның өлімі бойынша істе ешкім күдікті деп танылмады. Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

Оның айтуынша, қоғамда үлкен резонанс тудырған істі қазіргі уақытта ІІМ-нің Тергеу департаменті қарап жатыр.

Министр орынбасарының сөзінше, қылмыстық іс материалдарының бір бөлігі мен сараптама қорытындылары халықаралық тергеу тапсырмасы аясында Қытай Халық Республикасына жолданған. Бұған Ақнәр Гүлстанның бұрын Қытайда оқып, тұрғаны себеп болған.

"Сараптама нәтижелері мен бірқатар материал Қытай тарапына жіберілді. Қазіргі уақытта әріптестерімізден жауап күтіп отырмыз. Осы қылмыстық іс бойынша әзірге ешкім күдікті деп танылған жоқ", - деді Санжар Әділов.

 Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты тергеу екі жылға жуық уақыттан бері жүргізіліп келеді. Бұған дейін марқұмның анасы Мемлекет басшысына үндеу жасап, Алматы құқық қорғау органдарының жұмысына сенімсіздік білдірген болатын.

Ол істі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша тергеуді талап етіп, қызы қайтыс болған сәтте оның жанында болған екі құрбысын жауапкершілікке тарту мәселесін көтерген еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз