Wildberries Астана мен Алматыда ірі қоймаларын 2027 жылдың басында іске қоспақ
Wildberries компаниясы 2027 жылдың бірінші тоқсанында Астана мен Алматы қалаларында жаңа логистикалық қойма кешендерін іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұл туралы Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.
Астанадағы қойманың жалпы аумағы 160 мың шаршы метр, ал Алматыдағы нысанның көлемі 100 мың шаршы метр болады. Екі жобаға салынатын инвестиция көлемі 47,7 млрд теңгені (шамамен 97,8 млн доллар) құрайды.
Логистикалық хабтардың құрылысы 2027 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында аяқталады деп жоспарланған.
Қазір Wildberries Қазақстанда жалпы аумағы 46 мың шаршы метр болатын жалға алынған қоймаларды пайдаланып келеді. Жаңа кешендер іске қосылғаннан кейін компанияның елдегі қойма сыйымдылығы бес еседен астам ұлғаяды.
Сонымен қатар Арман Шаққалиев Сауда және интеграция министрлігіне Wildberries компаниясынан қосымша қоймалар салуға қатысты ешқандай ресми өтініш түспегенін тағы да атап өтті.
Айта кетейік, соңғы апталарда Ресейдегі Wildberries-тің бірнеше логистикалық орталығы ұшқышсыз дрон шабуылына ұшырады. Соңғы шабуылдар кезінде Санкт-Петербург маңындағы Ленинград облысындағы қойма өртенсе, Мәскеу облысындағы Чехов ауданындағы Wildberries сұрыптау орталықтарына да зақым келді. Бұған дейін Волгоград, Татарстан, Рязань, Пермь өлкесі, Удмуртия және Пенза облыстарындағы компания нысандары да дрон шабуылдарының салдарынан зардап шеккен болатын.