Wildberries сайтында «Барлығы СВО үшін» деген іздеу сұранысы жұмысын тоқтатты
Ресейдегі Wildberries маркетплейсінде «Барлығы СВО үшін» («арнайы әскери операция үшін») деген іздеу сұранысы нәтиже көрсетпейтін болды.
Бұған 25 шілдеде украиналық Telegram-арналар назар аударды.
Әңгіме әскери қызметкерлер пайдалануы мүмкін тауарларға арналған белгі туралы болып отыр. Олардың қатарында дулығалар, броньды кеудешелер, тапанша қаптары, әскери қазаншалар және басқа да жабдықтар бар. Алайда бұл тауарлардың өзі сайттан алынып тасталмаған және әлі де сатылымда.
The Moscow Times басылымының жазуынша, броньды кеудешелер мен қорғаныс дулығаларын «Спорт» бөлімінен, ал FPV-дрондар мен олардың бөлшектерін «Теледидар, аудио, фото және бейнетехника» санатынан табуға болады. Сонымен қатар «СВО тауарлары», «СВО жиынтығы» сияқты басқа іздеу сөздері арқылы әскери дәрі қобдишалары, рациялар, рюкзактар, шеврондар мен тулар әлі де қолжетімді.
Сондай-ақ «СВО-ға арналған керек-жарақтар» деген іздеу сұранысы да жұмыс істейді. Бұл бөлімде әскери дәрі қобдишаларымен қатар «Вагнер» жеке әскери компаниясының логотипі бар банк картасына арналған жапсырмалар және «жерлеу рәсіміне арналған жиынтық» ұсынылған.
Украина Wildberries қоймаларына шабуылдарын жалғастырып жатыр
18 шілдеден бері Украина Қарулы күштері Ресей мен аннексияланған Қырымдағы Wildberries компаниясының бірнеше логистикалық орталығына шабуыл жасады. Нысандар Мәскеу облысында, Тамбов облысында, Санкт-Петербург маңында, Тверьде және басқа өңірлерде орналасқан.
25 шілдеде украиналық дрондардың шабуылынан кейін Екатеринбургтегі Wildberries қоймасы маңындағы автотұрақта өрт шықты. Компанияның қоймасы зақымданбаған.
«Коммерсант» газетінің мәліметінше, бұл шабуылдар Wildberries компаниясының жалпы ауданы 550 мың шаршы метрден асатын логистикалық қуатының 10 пайыздан астамына зиян келтірген.
Украина президенті Владимир Зеленский Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдарды Ресейдің Украинадағы азаматтық инфрақұрылымға жасаған соққыларына жауап деп атады. Оның айтуынша, әсіресе Тамбов облысы мен Мәскеу облысындағы логистикалық орталықтар санкцияға іліккен дрон бөлшектері мен навигациялық жабдықтарды жеткізу үшін пайдаланылған.