Әлеумет

WSJ: Рэтклиффтің Мәскеуге сапары Трамптың құпия тапсырмасы болған

АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Джон Рэтклиффке Мәскеуге баруды жеке өзі тапсырған.

Джон Рэтклифф

 Бұл сапардың құпия сақталғаны соншалық, Ақ үйдің кейбір жоғары лауазымды шенеуніктері де одан хабарсыз болған. Бұл туралы The Wall Street Journal дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

WSJ мәліметінше, Трамп Рэтклиффті Мәскеуге жіберу туралы шешімін әдетте мұндай сапарлардан хабардар болатын көмекшілері мен әскери басшыларға да айтпаған.

ЦРУ директорының Ресейге келуі еуропалық шенеуніктер үшін де күтпеген жағдай болған. Басылым дереккөздерінің сөзінше, олар сапар туралы ақпарат тарағаннан кейін оның мақсатын анықтауға тырысқан.

Мәскеудегі келіссөздер барысында Рэтклифф ресейлік барлау өкілдеріне АҚШ-тың НАТО-ның ұжымдық қорғаныс қағидатына адал екенін жеткізген. Яғни альянстың бір мүшесіне жасалған шабуыл барлық мүше елге жасалған шабуыл ретінде қарастырылады.

WSJ дерегінше, ЦРУ басшысы Ресей тарапымен Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді қайта бастау мәселесін де талқылаған. Сондай-ақ Кремльді Иранға қолдау көрсетуді тоқтатуға шақырған.

NYT: Рэтклифф Ресейдің жағдайы нашарлап бара жатқанын ескерткен

The New York Times мәліметінше, Мәскеуге сапары кезінде Рэтклифф Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) басшысы Александр Бортниковпен кездесіп, Ресейдің Украинадағы соғыстағы әскери және экономикалық жағдайына қатысты алаңдатарлық бағасын жеткізген.

ЦРУ директоры Мәскеуді елдің әскери және экономикалық жағдайы одан әрі нашарламай тұрғанда келіссөз бастауға шақырған.

Газет дереккөздерінің пікірінше, Бортниковтың арадағы байланыс арнасы ретінде таңдалуы кездейсоқ емес. Бұрын арнайы қызметте жұмыс істеген Владимир Путин ЦРУ директорынан келген ақпаратқа кәдімгі дипломатиялық арналар арқылы жеткізілген мәліметтерге қарағанда көбірек сенуі мүмкін деген есеп болған.

NYT мәліметінше, ЦРУ қызметкерлері Путинге Украинадағы соғыстың барысы мен Ресей армиясының шығыны туралы шынайы ақпарат толық жетіп жатқанына күмәнданады.

Рэтклифф Бортниковпен кездескенде, егер Путин АҚШ-тың үндеуін елемесе, қандай да бір шара қолданылатыны туралы қоқан-лоқы жасамаған.

Мәскеуге аттанар алдында ЦРУ директоры Украина өкілдерімен де сөйлескен. Ол сапардың мақсаты Киевтің атынан қандай да бір жеңілдіктерді келісу емес, Мәскеудің ұстанымын білу екенін айтқан.

Сапардың мақсаты туралы бірнеше нұсқа бар

Джон Рэтклифф Ресейге 25 тамызда АҚШ Әскери-әуе күштерінің Boeing C-17 Globemaster III әскери-көлік ұшағымен келген. Бірнеше сағаттан кейін елден қайта ұшып кеткен.

The Washington Post сапарды АҚШ пен Ресей арнайы қызметтері арасындағы байланыстармен түсіндірді. Кейін Politico үш дереккөзге сүйеніп, Рэтклиффтің негізгі міндеті Ресейге АҚШ-тың НАТО-дағы одақтастарына шабуыл жасауға жол берілмейтіні туралы ескерту жеткізу болғанын жазды. Әңгіме, соның ішінде Эстония, Латвия және Литва туралы болған.

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Рэтклиффтің Владимир Путинмен кездеспегенін мәлімдеді. Ал Ресей Сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкин ЦРУ директорымен кездескенін растағанымен, мұнда «ерекше ештеңе жоқ» екенін айтты.

Дональд Трамп та Рэтклиффтің Мәскеуге сапарын «қалыпты жағдай» деп сипаттап, оның Нарышкинмен «жарты жылда немесе жылына бір рет» кездесіп тұратынын айтты.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз