Ыстанбұлда 26 жастағы қазақстандық қыз жұмбақ жағдайда қаза тапты
Түркияның Ыстанбұл қаласында 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханова жұмбақ жағдайда көз жұмды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ол алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан көрші ғимараттың шатырына өтпек болған кезде биіктен құлаған.
Қайғылы оқиға 25 қазан күні таңғы сағат 08:00 шамасында Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон шағынауданында болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, қазақстандық қыз алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан көрші ғимараттың шатырына өткен. Кейін шатырдың ортасына қарай жүрген.
Болжам бойынша, ол шатырдағы ашық жерді жауып тұрған жабынның үстіне шығып, төменге құлап кеткен. Қыз ғимараттың минус екінші қабаты деңгейіне құлаған.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы келген. Дәрігерлер қыздың қайтыс болғанын анықтады.
Түркиялық БАҚ мәліметінше, қайғылы оқиға кезінде бойжеткеннің үстінде киімі толық болмаған. Оның мұндай жағдайда неліктен ғимараттың шатырына шыққаны және пәтерден балкон арқылы кетуге не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Белгілі болғандай, Айсұлу Бекмаханова Түркияға 2026 жылдың қыркүйегінде туристік визамен барған. Алдын ала ақпарат бойынша, ол елге Ресей азаматшасымен бірге келіп, кейін онымен бір пәтерде тұрған.
Полиция мен прокуратура қызметкерлері оқиға орнын тексергеннен кейін марқұмның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін Сот медицинасы институтына жеткізілді.
Қазір Ыстанбұл полициясы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Қыздың өліміне қатысты тергеу жалғасуда.