Қостанайда полициядан қашқан жүргізуші автобусқа соғылып, қаза тапты
Қостанайда полициядан қашпақ болған Volkswagen Passat жүргізушісі жолаушылар автобусымен соқтығысып, оқиға орнында қаза тапты. Тағы үш адам зардап шекті.
Оқиға 25 қазан күні сағат 21:10 шамасында Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы мен Алтынсарин көшесінің қиылысында болған.
Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Volkswagen Passat жүргізушісі патруль қызметкерлерінің тоқтау туралы талабын орындамай, қашуға әрекеттенген. Полиция оның соңынан қуған.
Жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, № 10 бағыттағы жолаушылар автобусымен соқтығысқан. Қатты соққы салдарынан жеңіл көлік жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал оның жанындағы жолаушы жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Апат кезінде автобуста 55 адам болған. Олардың екеуіне оқиға орнында медициналық көмек көрсетілген.
Полиция патруль көлігінің бейнекамерасына түсірілген жазбаны жариялады. Видеода тәртіп сақшыларының Volkswagen көлігін қуып, жүргізушіден бірнеше рет тоқтауды талап еткені көрінеді. Алайда ол қозғалысын жалғастырып, автобусқа соғысқан.
Қазір жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция жүргізушінің не себепті тоқтау талабын орындамағанын және оқиғаның өзге де мән-жайларын анықтап жатыр.