Қоғам

«Заң керуені»

Құқықтық мәдениетті қалыптастыруға арналды

«Заң керуені»

Заңдылық, халықтың құқықтық сауаттылығы туралы әңгіме қозғағанда, кейбір мәселелердің қарын аштыратыны рас. Елімізде соңғы жылдары алаяқтықтың көбеюінің бір ұшы да  құқықтық сауатсыздыққа барып тіреледі. Мемлекеттік органдардың жұмысына деген өкпе-реніш де кейде азаматтардың өз құқығын білмеуінен туындап жатады. Сондықтан халықтың құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығы зор. 

Жуырда Бас прокурордың бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде «Заң керуені» акциясы ұйымдастырылды. Осы акция аясында Шымкент қаласында прокуратура, полиция, қылмыстық атқару жүйесі, экономикалық тергеп-тексеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, мемлекеттік кірістер, қала әкімдігі мен басқармалардың қызметкерлерінен құрылған жұмыс тобы Абай ауданына қарасты Жаңаталап, Игілік, Қызылжар, Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ елді мекендеріндегі халықпен кездесулер өткізді.

Шымкент қалалық прокуратурасының хабарлауынша, аталған акция халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, өңірде қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайтуды мақсат етіп отыр. Топ мүшелері халықпен тікелей кездесіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді азаматтардың өз ауыздарынан, бетпе-бет отырып, тыңдады. Сонымен қатар кейбір тұрғындарға заң талаптары түсіндіріліп, құқықтық кеңес берілді.

Аталған акция аясында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында Шымкент қаласының прокуроры, қалалық полиция департаментінің бастығы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы, қала әкімінің орынбасарлары, қала әкімдігінің салалық басқармаларының басшылары да азаматтардың талап-тіліктері мен арыздарын тыңдады.

Акцияның мақсатын түсіндірген Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов:

 - Шымкент қаласының прокуратурасында азаматтарды қабылдау орталығы бар және онда кезекші прокурорлар азаматтарды кез келген уақытта қабылдайды. Дегенмен біз азаматтарға өз аяғымызбен барып, шалғай елді мекендерде тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап жатырмыз, – деді.

Прокурорлардың айтуынша, акцияның алғашқы күнінде Шымкент қаласында 500 адам өздерінің сұрақтарын қойып, арыздарын айтқан. Акцияға келген тұрғындардың басым көпшілігі әлеуметтік мәселелерді қозғаған.

Шымкент қаласының прокурорлары арнайы ашық есік күнін де ұйымдастырып, «Заң керуені» акциясы аясында жеке қабылдауға келген тұрғындардың сұрағына жауаптар беріп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Бақтияр Мұхамеджан бастаған заң керуені кестеге сәйкес жергілікті халыққа жедел құқықтық көмек көрсету мақсатында Еңбекші ауданы Тоғыс елді мекеніне ат басын бұрды.

​Көшпелі топтың құрамындағы прокуратура, әкімдіктің, құқық қорғау органдарының және аумақтық мемлекеттік органдардың басшылары мен жауапты қызметкерлері кездесуге келген Тоғыс, Маятас, Елтай, Жыланбұзған, Айнатас елді мекен тұрғындарына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы, оның ішінде көшелерді жарықтандыру, асфальттау, қосымша жол белгілерін қою мәселелерімен қатар, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, жер беру, табиғатты қорғау, кәмелетке толмағандардың бос уақытын қамтамасыз етуге қатысты толғандыратын проблемалар бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқанын және алдағы жоспарланған іс-шаралар бойынша тиісті ақпараттар берді.

​ Еңбекші ауданында өткен «Заң керуені» акциясында тұрғындарға мемлекеттік қызметтер, әлеуметтік көмектер, жәрдемақылар мен жеңілдіктерді алу, мүлікті тіркеу, мұрағаттық анықтамалар беру, салықтарды есептеудің дұрыстығы және басқа да  өзекті мәселелердің шешімі бойынша сала мамандарынан заңнама шеңберінде тиісті кеңестер мен жауаптар берілді. Кездесуге аудан аумағындағы Абдуллабад, Базарқақпа, Бадам-1, Тұрдыабад, Шаңырақ елді мекен тұрғындары өтініш-тілектерімен келді.

Көзбояушылықты болдырмау мақсатында дереу сол жерде шешілмейтін мәселелер бойынша оларды егжей-тегжей қарау үшін тиісті уәкілетті органдардың өкілдерімен азаматтардан жазбаша өтініштері қабылданды.

Сонымен бірге Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өткен аптада қала халқын жеке мәселелері бойынша кезекті бірыңғай қабылдауын өткізді. Жалпы 250-ден астам азаматты қала әкімі және салаға жауапты әкім орынбасарлары, басқарма басшылары, Шымкент қаласының прокуратура және қалалық полиция департаменті қызметкерлері, мемлекеттік орган өкілдері қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.

Әртүрлі себептермен қиын жағдайларға тап болып, жәрдем сұрап келгендердің тізімі алынып, шешім жолдары қаралды.

Тұрғындар тарапынан жер телімдерін заңдастыру, жер телімдерінің нысаналы мақсатын ауыстыру, тұрғын үйге кезекке тұру, баспананы жалға алу, бизнес бастауға грант алу мүмкіндігі, арнайы әлеуметтік көмек түрлеріне жазылу, жылыту маусымындағы жылу жүйелерінің сапасы секілді басқа да өзекті мәселелері көтерілді. Денсаулық саласы мен білім беру мекемелеріне жұмысқа тұру жөнінде де сұрақтар аз болған жоқ. Барлығының шешілу жолы заң шеңберінде қаралып, мәселелер тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты саралана отырып, хаттамаға енгізілді. Өзектілігін жоймаған тұрғын үй кезегі мен жер телімін заңдастыру мәселесін қозғап келген тұрғындарға шешім реті мен заңдылығы түсіндірілді.

Жалпы, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың азаматтарды бірыңғай қабылдауы жүйелі түрде, әр айдың алғашқы сәрсенбісінде өтуде.

Тегтер: Без Тега
Б.Сәрсенби
Б.Сәрсенби Б.Сәрсенби

Оқыңыз