Өңір

Заңғар КӘРІМХАН. Автопарк

АВТОПАРК(қаз-қалпында)Алматы қалалық №2 автопарктің жүргізушісі орта бойлы, бет-әлпеті келісті біткен, жирен шашты жігіт кеш үйіріле бере диспетчердің терезесінен сыртқа үңіліп қараған.

Заңғар КӘРІМХАН. Автопарк
Сыртта ол Давыдов деген еңгезердей біреудің Зәуірбековке тіл тигізіп жатқанын естиді. Бірақ бұл шудың неден басталғанын білмейді. Әлбетте, жүргізушілер арасындағы жиірек боп тұратын қақтығыс деп ойлады. Әлжуаз әрі қартайған Зәуірбековтің жер-жебіріне жеткен сөзге шыдамай сыртқа шықты. «Жастау болғанымда сөздері үшін жауап бергізер едім» деген қолын сілтеп жөніне кете барған Зәуірбековке Давыдов пен оның серіктесі Харченко айғайлап-ақ тұр:– «Орыс емес – чуркасыңдар», қоянжүрек қорқақсыңдар!– Бері кел, қақбас, көтіңнен бір теппей тұрғанымда!– Сен өзің қалай сөйлеп тұрсың? – деп әңгімеге жирен шашты жігіт араласты. – Үлкен сыйлауды есіңнен шығарып алдың ба, әлде саған ешкім үйретпеген бе? Байқа, өз-өзіңе жауап бере алмай қап жүрме!– Балам, бұл іске араласпай-ақ қой! – деп Зәуірбеков аға шырылдады.  Жирен шашты жігіт Харченконың жанына келді де, зілді дауыспен:– Жаныңның барында ағадан кешірім сұра! Болмаса сазайыңды тартқызамын! – деді.– Ары кетші, ей, күшік! – деп, жирен шашты жігіттен екі бас биік Харченко жұдырығын жігіттің бетіне дәлдеп тұрып сермеп қалды. Ауа қармап қалған оның қолынан соң жирен жігіт шалт қимылдап, тізені бүге көтеріп, иектен астынан ұрды. Сосын көз ілеспес жылдамдықпен табаны жерге тиер-тиместе айнала беріп, екіншісін теуіп жіберді. Сол сәттің көзді ашып-жұмғанша өте шыққаны соншалық, ары қарай не болғанын ешкім аңғара алмады. Әкіреңдеген Харченко мен Давыдов қатты соққыдан бір сәтте есеңгіреп жерде жатты. Айнала тым-тырыс, тіпті терезенің ар жағында отырған дәрігердің тыныс алуы ғана естілгендей.– Балам-ау, сен не істедің? Өлтіріп қойдың ба? – деп Зәуірбеков шошып кетті.  – Жоға, аға, бірақ мұндай азғындарды өлтіріп тастаса да обалы жоқ, – деп жауап берді жирен шашты жігіт.Осы сәтте диспетчерлік бөлімге автопарктің директоры Эдуард Феофанович Рудой жүгіріп кірді. Саратов облысының тумасы, түзу және бойшаң денелі неміс бұл кезде елу жас шамасында еді.– Нәсенов! Болды! Жұмыстан шықтың! Тапа-тал түсте жасы үлкен әріптестеріңді сонша сабағаның не? Мен бәрін терезеден көріп тұрдым!  Енді ешқандай ақталуыңа құлақ аспаймын, жұмыстан шықтың! Және дәл қазір милиция шақыртамын! Мына екеуін жаралағаның үшін сені тұтқынға алсын! 02-ге шұғыл телефон соғыңдар! – деп диспетчерге бұйрық берді.– Тұра тұр, Эдуард Феофанович, бұл жерде сенікі жөн емес, – деді ұзын бойлы қара жігіт ағасы. Автопарктің ауласынан сөйлей кірген Иманбек еңгезердей екеудің қартаң жүргізушіні жәбірлеп жатқанын көрген болатын. – Және ешқандай да милицияға хабарласудың қажеті жоқ, әйтпесе мына дүлейлеріңді ұлтаралық қақтығысты тудырғаны үшін бес жылға түрмеге қаматып аларсың! Одан да, Эдуард Феофанович, Зәуірбековтен мәселенің мән-жайын дұрыстап сұрап алғаның жөн! Жас жігіттің еш кінәсі жоқ. Біле білсең мыналардың тілі қышып, өздері тілеп алды.– Иә, олар өздері кінәлі, – деген Зәуірбековтің сөзін ес-түссіз жатқан екеудің есін жидыру үшін нашатыр ала шыққан дәрігер растады.– Жақсы, солай-ақ шығар. Мен басын байқамай қалдым ғой, Иманбек! Бұл жанжалдың ақ-қарасын ажыратып, кінәлілерді жазалаймын! Жұмыстан шығарамын! Мыналарға не істедің сен, Нәсенов? Давыдов спорт мастері ғой! Харченко да осал емес. Жарайды, естерін жисын, сосын сөйлесерміз!Эдуард Рудой Иманбекпен қоштасып, автобус паркінің дирекциясына қарай бет алды. Бұл сәтте Зәуірбеков, Иманбек және жирен шашты жігіт үшеуі ауладан алыстап бара жатып еді.  – Жігітім, жарайсың! – деп Иманбек жирен жігітті жанына шақырып, – Менің атым – Иманбек, бірақ бұл жердегілер мені «Ибақ» дейді.– Несіпбай, – деп жирен жігіт қағілез екен, қолын ұсынды.– Жүріңдер, бәріміз бірге сыраханаға барайық, мен сыйлап жіберейін сендерді, – деп Зәуірбеков ұсыныс жасады.– Аға, сіз ренжімеңіз, бірақ мен мүлдем ішпеймін ғой, – деді Несіпбай, – Өзіңіз білесіз, спортпен шұғылданамын, жастарды жаттықтырамын, ішімдіктердің иісінен жиіркенем.– Несіпбай балам, ағаңды сыйлап, бізбен жүргін. Сен сыра ішпесең ішпе. Кәуап алдырайық, шай іш. Біз Ибақ екеуміз сенің денсаулығың үшін және қазақ халқының намысын таптатпай, жүгенсіз кеткен екі азғынның сазайын бергенің үшін тост көтерерміз, – деп Зәуірбеков ата қиыла бастады. Амал жоқ, шегінерге сылтау таппаған Несіпбай келісіп, олар Розыбакиев пен Жандосов көшелерінің қиылысындағы сыраханаға қарай бет алды.Бұл күні тәңір аяқ астынан жолықтырған Ибақ-Иманбектің қызы дүние есігін ашқан еді. Жарық дүниеге іңгәлап дүниеге келген сәби Әйгерімге денсаулық тілеп, балалардың жарқын болашағы үшін, олардың соғыс көрмей, коммунизмде бақытты өмір сүруі үшін тост көтерді. Үш-төрт  жылдан кейін соңғы тамшы қаны қалғанша қорғап өтуге ант берген «ұлы» мемлекет күйрейтінін ол кезде кім білген?!№2 парк жүргізушілері ауыр жұмыс күнінен соң барып, демалатын сол әйгілі сырахана бұл күндері «Зодиак» казиносы болып, түрлі-түсті шамдары мен бағалы сыйлықтарымен көздің жауын алып тұр. Автопарктің жұрнағы да қалмады десе болады.Иманбектің қызының дүние есігін ашуын тойлап, сол бір 1986 жылы олар бақытты еді. Сыраханада Ибақтың қай бөлімшеде қызмет жасап жүргенін білетін МҚК (КГБ) құпия қызметкері, автопарктің бас механигі Федор Иванович Соколов та болды.– Ал, Ибақ, сенің енді үш балаң бар ма? Жетер енді, осымен тоқтасаңшы! Кедейлердің қатарын көбейтпекпісің?! – деді Федор Иванович. Өзіне Соколовтың жоқ демейтінін білген Иманбек:– Федя тамыр, сен босқа уайымдама. Балаларымды бірдеңе қылып өзім жеткізермін. Сен одан да мына ініме көмектессеңші, әйтпесе ескі темірді мініп жүр, – деп өтінді.– Інің кім? – деді Федор Иванович.– Мына тұрған жігіт, – деп Ибақ өзі жаңа танысқан жирен жігітті таныстырды.– Жақсы, солай болсын. Мен оған жақсы көлік беремін, бірақ мұндай жағдайда бір литр қою керектігіңді білетін шығарсың?– Әңгіме жоқ! Несіпбай інім, магазинге барып келші, – деді Ибақ-Иманбек ақша ұсынып.– О не дегеніңіз, аға, бұл маған керек қой, өзім аламын! – деп Несіпбай жақын жердегі дүкенге жүгіріп кетті.Сырахананың ауасы тар болып, Ибақ іштегілерді сыртқа, кіреберістегі орындыққа алып шықты. Олар сыртқа шыққанша екі шыны салқын арақ пен тіске басар кәуаптар алып Несіпбай келді.– Ал, жігітім, ертең екінші ауысымға шығасың, судай жаңа ЛАЗ мінесің, жарай ма? – деді Федя ағай.– Әрине! Сізге көп рахмет! – деп жауап берді Несіпбай Нәсенов.– Маған емес, мынаған рахмет айт! Менің бір адамдарға берешегім бар еді, сен арқылы сол берешегімді кешіре сала ма дегенім ғой, – деп күлдірді Федя ағай.Қырлы стақандарға ақ құйып, әрқашан жолдары болып, ең қиын сәттерде де жандарында сенімді де адал достары табылуы үшін тост көтерді. Сол күні барлығы біраз масайып, Несіпбай таксимен Иманбекті, артынан Зәуірбековты үйлеріне жеткізіп салды.Міне, осылай алаяқ коммерсанттар мен аферистердің қорқынышына айналатын жирен шашты жігіттің Алматыдай нән шаһардағы алғашқы қақтығысы, қазақты қорлаған жатжұрттыққа жұмсалған жұдырығы осындай жағдайларда басталған болатын.Фото: circulaseguro.com
Тегтер: Без Тега
Қуаныш  Қаппас
Қуаныш Қаппас Қуаныш Қаппас

Оқыңыз