Заңгер-блогер Әділетхан Молдахан 2,5 жылға сотталды
Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатына қатысты жалған ақпарат таратты деп айыпталған заңгер-блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот үкімі шықты.
Сот оны Қылмыстық кодекстің 274-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, оған бес жыл бойы әлеуметтік желілерде ақпарат жариялауға тыйым салынды.
Іс материалдарына сәйкес, Молдахан Әл-Фараби даңғылындағы жол апатынан кейін әлеуметтік желілерде жоғары лауазымды полиция қызметкерлеріне қатысты дәлелденбеген айыптаулар жасаған. Осыған байланысты Алматы қалалық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев оның үстінен арыз түсірген.
Сот барысында блогер өз кінәсін мойындап, істі медиация тәртібімен аяқтауды сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, істі жалпы тәртіппен қарады.
Белгілі болғандай, Әділетхан Молдахан бұған дейін, 2023 жылы қарақшылық қылмысы үшін шартты түрде үш жылға сотталған. Сондай-ақ ол полиция органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылған.
Еске салайық, 2026 жылғы 31 наурызда блогер қамауға алынып, оған Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты жариялаған видеосы арқылы көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған болатын.
Аталған жол апаты 21 наурызда Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы қаза тауып, Zeekr жүргізушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген еді. Осы оқиғадан кейін Алматы полициясының бірнеше жоғары лауазымды қызметкері қызметінен босатылған.