Зеленский мінген ұшақ Молдовада дронмен соғыса жаздады
Украина президенті Владимир Зеленский мінген ұшақ Молдовадан Норвегияға ұшар кезде дронмен соғыса жаздаған.
Бұл туралы 9 қыркүйекте NRK телерадиокомпаниясының эфирінде Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре мәлімдеді.
«Оның ұшағы Молдовадан көтерілуі тиіс кезде дронмен соғыса жаздады. Ол осындай жағдайда өмір сүріп жатыр», – деді Стёре.
Алайда Норвегия премьері бұл ақпаратты қайдан алғанын нақтыламаған. Сондай-ақ оқиғаның кездейсоқ жағдай болғаны немесе Зеленскийге қастандық жасау әрекеті болуы мүмкін екені әзірге белгісіз.
Кейін Норвегия премьер-министрінің кеңсесі Стёренің мәлімдемесіне түсініктеме берді.
«Кеше Молдова әуе кеңістігінде дрондардан қауіп төнді. Соның салдарынан Зеленскийдің Ослоға бет алған ұшағы кідірді. Ол күн сайын осындай қауіп-қатермен өмір сүреді. Дрондардың оның ұшағына қаншалықты жақын болғаны белгісіз», – делінген хабарламада.
DW-ге жоғары лауазымды украиналық шенеунік Зеленскийдің ұшағы Кишиневтен ұшуға дайындалып жатқан кезде Молдова әуе кеңістігіне ресейлік реактивті дрон кіргенін айтқан. Осыдан кейін Украина президентінің ұшағының сапары кейінге шегеріліп, басқа рейстер де уақытша тоқтатылған.
Молдовада жарылған дрон табылды
Владимир Зеленский 8 қыркүйек кешінде Молдовадан Ослоға Норвегия королі Харальд V-тің жерлеу рәсіміне қатысу үшін келген. Рәсімнен кейін Украина президенті Йонас Гар Стёремен кездесті. Алайда Норвегия үкіметінің келіссөздер туралы ресми хабарламасында дронға қатысты оқиға айтылмаған.
9 қыркүйекте Молдова полициясы жерге құлаған дрон табылғанын хабарлады. Дрон қозғалтқыш қондырғысымен жабдықталған. Жерге соғылған кезде жарылыс болып, үлкен шұңқыр пайда болған.
Полиция мәліметінше, дронның ішінде адамдарға зақым келтіруге арналған металл шарлар болған. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Жергілікті әскери әкімшілік мәліметінше, 9 қыркүйекке қараған түні ресейлік дрондар Одесса облысының Молдовамен шекарасындағы «Староказачье» халықаралық автомобиль өткізу бекетіне шабуыл жасаған.
NRK дерегінше, Зеленский Ослоға ұшқан әуежай аталған шекара бекетінен автокөлікпен шамамен екі сағаттық жерде орналасқан.