Зеленский Сауд Арабиясына барды

Украина президентінің кеңесшісі Литвиннің айтуынша, Зеленский Сауд Арабиясының Жидда қаласына келді. Украина мен АҚШ делегацияларының келіссөздері осы қалада өтеді.
Украина президенті Владимир Зеленский дүйсенбі, 10 наурызда Сауд Арабиясына келді, деп х, деп хабарлайды «Укринформ» ақпараттық агенттігі. Украина мен АҚШ арасындағы келіссөздер Сауд Арабиясының Қызыл теңіз жағалауындағы Жидда қаласында өтеді.
Зеленскийдің өзі бұған дейін атап өткендей, Сауд Арабиясындағы АҚШ өкілдерімен кездесуге президент әкімшілігінің басшысы Андрей Ермак, оның орынбасары Павло Палиса, сыртқы істер министрі Андрей Сибига және Украина қорғаныс министрі Рүстем Умеров қатысады.
CNN арнасының хабарлауынша, АҚШ президентінің жоғары лауазымды шенеуніктері осы аптада Сауд Арабиясында Украина және Ресей шенеуніктерімен бөлек кездеседі. Ал 10 наурызда Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Ресей өкілдерінің осы аптада мұндай кездесулерге қатысатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Киев 11 наурызда Сауд Арабиясында АҚШ шенеуніктерімен келіссөздер барысында Ресейге әуе және теңізде атысты тоқтатуды ұсынбақ, деп хабарлады AFP агенттігіне аты-жөнін атамауды сұраған украиналық шенеунік.
Бұған дейін The Financial Times ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Украина делегациясы Жиддадағы америкалық өкілдермен кездесуде ішінара атысты тоқтатуды ұсынатынын, оның ішінде пилотсыз ұшақтар мен алыс қашыққа ұшатын зымырандарға қарсы соққыларға тыйым салу, сондай-ақ Қара теңіздегі әскери операцияларды тоқтату туралы хабарлаған.