Жалындап тұрған жастар көп
«Ақыл – жастан...» деген асыл сөз бекер айтылмаған ғой. Қазіргі заманда ғылымға ұмтылған жастардың әрбір қадамына көңіл бөліп, жетістігіне қолдау көрсету қажет.
Өйткені бүгінгі жас буынның арасында фантазиясы бай, ойлау қабілеті ерекше, технологияны еркін меңгергендері көп. Азаннан-кешке дейін мониторға шұқшиып, компьютер ойнап қоя салмай, жаңалық ашып, өзіндік бағдарламалар құрастыруға талпынып жүргендері қаншама десеңізші… Сондықтан жастардың қолынан шыққан IT-жобаларға ерекше маңыз беру керек. Елімізде инновациялық жобаларды дамытуға жан-жақты мүмкіндік жасалып жатыр.Жақында Астанада өткен Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің мүмкіндіктерін таныстыруға арналған іс-шарада стартаптар технопаркінің негізгі бағыттары көрсетілді. Яғни отандық және халықаралық IT-мамандар қатысқан шара барысында стартаптардың дамуы бойынша жаңа бағдарламалар легі іске қосылды. Атап айтқанда, технопарктің екінші акселераттау бағдарламалары бастау алды, жас ІТ-жобаларды кешендік дамытумен айналысатын «100 стартап» жаңа жобасы іске қосылды.– Жаңа ғана балалар өздері ойлап тапқан, өз қолдарымен жасаған жұмыстарын көрсетті. Енді Қазақстанның және шетелдік білікті IT-мамандарының басын біріктіру қажет. Мен бұл жерде үлкен дүние жасалып жатқанын айқын сезініп тұрмын. Жалындап тұрған жастар көп екен, – деді бұл жөнінде премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев.Жалпы алғанда, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы инновациялық технологияларды дамытуға ықпал етіп, мүмкіндіктерді молайтатынына сенім мол. Бұл бағдарлама негізгі бес бағыттан тұрады: адами капитал, цифрлы мемлекет құру, цифрлы экономика, телекоммуникациялық инфрақұрылым қалыптастыру және ең бастысы – инновациялық экожүйе құру. Бұл жаңа идеялар дүниеге келетін және ақиқатқа айналатын сала. Оны іске асыру үшін алдымен тиісті заңнамаларға түзету енгізу керек. Қазіргі таңда үкімет венчурлік қаржыландыру бойынша белсенді жұмыс істеуде.Яғни салық жеңілдіктері IT саласындағы мамандарға, стартап жобалардың иелеріне тиімді болуы үшін барлық мүмкіндікті қарастырып отыр. Мамандарды мектептерде, институттарда әзірлеу ісіне де көңіл бөлінеді– Біз тарихи оқиғаның, айрықша ұлттық инновациялық экожүйенің қалыптасуына куә болып отырмыз. Мен бүгінгі кішкентай қадамның болашақта үлкен серпінге негіз болатынына сенімдімін. Келешекте Astana Hub әлемдегі озық технологиялар мен дарынды мамандар шоғырланған үлкен орталыққа айналады, – дейді ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.Ақпарат және коммуникациялар министрі өз сөзінде еліміздегі стартаптар мен IT-жобаларды қаржыландыруға атсалысып жатқан инвесторларға алғысын білдірді. Осы іс-шара аясында биік белестерді бағындырған стартаптардың негізін қалаушылар, халықаралық сарапшылар стартаптардың қалыптасу жолы мен инновациялық экожүйені дамыту бойынша ойларын ортаға салды.А.Садыхан