«Жаңа Қазақстан» ескі қателіктерге жол беріп жатыр
Құдды бір «қара қазақты қинай түсейік» деп, халыққа қатты өштесіп алған үкімет болды, біздікі.
Әкімшілік кодекске жаңа түзетулер енгізілетін болыпты. Тағы да жазалар күшейтіліп, айыппұлдар өседі екен. Жау жағадан алғанда. Қымбатшылық қысқанда. Жоқшылықтан көз ашылмай жүргенде. Жетпегені осы еді, ә? «Жаңа Қазақстан» халықтың жағынан оңдырмай салып қалды.
Кезінде асқан әділетсіз болған «ескі Қазақстанның» ішкі істер министрлері Қасымов пен Тұрғымбаевтың тұсында айыппұлдар тым қатты көтерілген еді, парақорлыққа жол ашып. «Жаңа Қазақстанда» осы бір олқылық түзеле ме десек.
Жанға бататыны, полицияда тамыр-танысы бар, биліктегі шенеуніктер, жемқорлар қоғамында бір-бірімен сыбайласқан қасқаларға бұл заңдар жүре қоймайды. Қарға қарғаның көзін шұқымас. Айналып келгенде, бұл қара халықты шырылдатып, әке-көкесі жоқ кедей-кепшіктің қалтасын қағу ғой?
Бір жағындағы Қытайдан, екінші жағындағы Ресейден басқаны үлгі қыла алмайтын қазақ билігінің бар тірлігі – шектеу, тежеу, тыйым салу, соттау еді. Тәртіпсіздердің тәртіп орнатпақ болатынын-ай.
Заңгер Жангелді Сүлейменовтің сөзінше, «нормальный» елдер өз халқына беталбатты айыппұл салмайды. Олардың билігін халық әділ сайлауда шын сайлағандықтан, ондай биліктің беті қашан да халыққа қарап тұрады екен.
«Біздің шенеуніктердің бар білетіні – айыппұл сала беру. Үш жыл бұрын салықты азайтып көрсеткені үшін айыппұлды 1,7 есеге көтере салған. Енді көліктің орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл енгізуді ойлап тапты. Қаптаған радарлар, «Сергектер», жолдағы гаишниктер мен көшедегі парковшиктер – бәрінің мақсаты әйтеуір штраф салу. Ал дамыған елдерде олай емес. Оларда радарлардың шамамен 90 пайызы ескерту сипатында тұрады. Қит еткеннің бәріне айыппұл сала бермейді. Мемлекет өз азаматтарын сыйлайды, азаматтары өз мемлекетін сыйлап үйренген. «Жаңа Қазақстан» жақсы мемлекет болып көрейін десе, ең алдымен, радарлары мен «Сергектерінің» құрығанда 20-30 пайызын штраф салмайтын, оның орнына ескерту жөнелтетіндей режимге ауыстыруы керек. Полиция мен шенеуніктердің міндеті жүргізушіні жазалау емес, жол қауіпсізідігіне жағдай жасау болуы керек еді», – дейді заңгер.