Жанәділ Байдарбеков, режиссер: Біздің жасаған фильмдерді шетелдік мамандар жоғары бағалап отыр
Мен Жанәділ Байдарбеков, 2012 жылы Т.Жүргенов атындағы Кино және Телевидение факультетінің анимация режиссурасын бітірдім.
"Қазақанимация" ШБ 2022 жылдан бері қоюшы режиссер ретінде жұмыс істеп келе жатырмын. Осы жылдар ішінде "Толағай" және "Тұран" атты пилоттық қысқаметрлі анимациялық фильмдер түсірдім. "Қазақанимация" ШБ жұмыс істеу барысында өз шеберлігімді жетілдіру, жаңа технологиялар мен бағдарламаларды үйрену мүмкіндігіне ие болдым. Шетелдік үздік мамандардың мастер-класстары мен дәрістеріне қатысып анимациялық фильмдерімнің көркемдік деңгейін өсірдім. Біздің жасаған фильмдерді шетелдік мамандар жоғары бағалап отыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігі анимация саласының дамуына көңіл бөле бастағаны ерекше қуантады. Бір жетіспейтіні, жасалған мультфильмдеріміздің бүлдіршін көрермендерімізге жол тартып көрсетілуі кенжелеп тұрғаны. Кеше ғана депутат Асхат Аймағамбетов мырзаның қазақ тілді анимациялық фильмдердің санын өсіріп, ғаламтор желісінде таралымын арттыру керектігін айтқан болатын. Біздің көкейімізде жүрген мәселелердің мемлекеттік мінбелерден айтылып жатқаны сенімімізді еселей түсті. Бала тәрбиесі - бұл үлкен жауапкершілік. Осы жауапты істі мойнымызға алып, абыроймен атқаруға дайын екенімізді жеткізгім келеді. Өзге елдің мультфильмдерін қазақ тіліне аудару мәселесі бір жақты қаралмауы тиіс деп ойлаймын. Себебі, сөзін аударғанмен мән-мағынасы мен менталитетін аудару мүмкін емес. Сондықтан өз еліміздің мәдениеті мен әдебиетін, тарихын, қаһармандарын дәріптейтін анимациялық туындыларды шығарғанымыз абзал. Оған біздің шығармашылық-технологиялық мүмкіндігіміз жетіп тұр.
Биыл “Қазақанимация” ШБ 13 қысқаметрлі пилоттық анимациялық жобаның түсірілімін қолға алды. Осы жобаның қоюшы-режиссерлерінің бірі мен. Біздің экран кеңістігінде мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған мультфильмдер жетіспей жатыр. Биылғы жобалар осы кем тұсты толтыруға бағытталған. Бүлдіршіндерге арналған мультфильм түсіру қиынның қиыны. Себебі, түсірілім кезінде баланың психологиясын жете зерттеу, түстердің үйлесімділігін, дыбыс пен дауыстың тазалығын сақтау өте маңызды.
Аталған жобаны осы жылдың соңында аяқтап, бүлдіршін көрермендеріміздің назарына ұсынып, сүйікті мультфильміне айналатынына күмәнім жоқ. “Қазақанимация” ШБ түсірілім тобының басты мақсаты осы болмақ.