Қоғам

«Жаңалық»: Университетімізде «ұрлықшы мамандығы» ашылды

Шақырылған қонақтардың алдына институт ректоры Көкірек Кеудебаев шығып, сайрай жөнелді: – Мырзалар!

«Жаңалық»: Университетімізде «ұрлықшы мамандығы» ашылды

Біз жекеменшік университетімізді қалай көгертеміз, қалай көктетеміз деп ары ойлап, бері ойлап, жатып ойлап, тұрып ойлап, ақырында реформа жасауды қолға алдық. Соңғы жылдары университетімізге абитуриенттердің келуі сапсем азайып кетті. Соның себеп-салдарын терең зерттей келе және бүгінгі өмір талабын ескере отырып, университетімізде нар тәуекел деп «ұрлықшы мамандығын» аштық.

     – Астапыралла, не дейт, бұл не деген сұмдық! Осындай да реформа бола ма? – деп залда отырғандар шулай бастады.

     – Шуламаңыздар, мырзалар, шуламаңыздар. Таңғалатын ештеңе жоқ, біздің елде не болмай жатыр, бәрі де бола береді. Біз бұл «мамандықты» тектен-текке ашып отырғанымыз жоқ. Байқап отырсақ, біздің елімізде ұрылар әлі де жетіспейтін сияқты. Кейбір деректерге сенсек, еліміз ұрлық бойынша дүниежүзінде жетінші орында тұр екен. Бұл масқара ғой, ел-жұрттан ұят қой. Неге сонша артта қалып қойғанбыз? Неге бірінші орынды иемденбейміз? Мінеки, біз бүгінгі таңдағы ең өзекті де өткір мәселеге осы тұрғыдан келіп отырмыз, мырзалар! Яғни, біздің елімізде ұрлықпен терең «ғылыми» тұрғыда айналысатын маман кадрлар жетіспейді. Біздің университет осы кемшілікті жою мақсатында, яғни нағыз талантты баукеспе ұрылар даярлау мақсатында ұлан-ғайыр жұмыстар атқаратын болады.

     – Сізге бір сұрақ қоюға бола ма? – деді отырғандардың бірі.

     – Пожалыста.

    – Қолымыздағы баламыз заң институтында оқитын еді. Нағашы атасы кезінде ел-жұртқа танымал атақты ұры болатын. Жұрттың малын ұрлап, зыттырғанда ізін білдіртпейтін. Сол атасына тартып кетті ме қайдам, әлгі баламыз институтта оқып жүріп, ұрлық жасап, оқудан шығып қалған еді. Сол баламды енді «ұрлықшы» мамандығы бойынша сіздің университетке беруге бола ма?

    – Өте тамаша сұрақ, өте орынды сұрақ. Болғанда қандай! Мұндай ерекше қабілеті бар балаларға біз өте зәруміз. Әкеліңіз, қуана қабылдаймыз.

    – Менің де сұрақ қойғым келіп отыр, – деді залдан бір дауыс.

    – Пожалыста.

    – Сонда сіздің университетті бітірген жоғары білімді ұрылар қандай қызметтер атқаратын болады?

    – Өте тамаша сұрақ, өте орынды сұрақ, мырзалар! Біздің университетті бітірген жоғары білімді ұрылар «любой» қызметті атқара беретін болады. Айналаңызға бір сәтке көз тастап қараңызшы, біздің елімізде сиыр мен бұқаны ажырата алмайтын адам ауыл шаруашылық министрі, ауру мен сау адамды ажырата алмайтын адам денсаулық сақтау министрі, қазақша газет оқи білмейтін адам білім және ғылым министрі болып істей береді. Ендеше, біздің жоғары білімді ұрыларға қорқатын дәнеңе жоқ. Ертең олар да прокурор, сот, министр сияқты жоғары лауазымды қызметтер атқара беретін болады.

     – Тағы қандай сұрақтар бар?

     – Мен де бір сұрақ қояйыншы, – деді тағы бір дауыс.

     – Пожалыста.    – Жоғары білімді ұрылар «любой» қызметті атқара береді дегеніңізге өте қуанып отырмын. Дегенмен сіздің университеттің реформасы осы бір ғана мамандықты ашумен шектеле ме, әлде тағы басқа да мамандықтар ашасыздар ма?

     – Өте тамаша сұрақ, өте орынды сұрақ. Біз алдымен осы «ұрлықшы» мамандығын жақсылап «бойымызға сіңіріп алсақ» деп отырмыз. Сосын біртіндеп, «жемқор», «парақор», «жалақор», «жағымпаз» сияқты «мамандықтар» аша береміз ғой… Өмірге бойлап қарасақ, қоғамымызға тап осы «мамандықтар» әлі де жетіспей жатыр. Өйткені бізде «жейтін» нәрселер әлі де көп. Шетсіз, шексіз, бізге жемқор болғанда да шалтай-балтай емес, бір теңіздің суын ішіндегі «бақа-шаянымен» бәрін қоса жұтып жіберетіндей дұрыс жемқор керек. Парақорлық та дұрыс қарқын алмай тұр. Жалақорлыққа да, жағымпаздыққа да кеңінен жол ашу қажет. Осындай да өмір бола ма, мырзалар? Бұл сиқымызбен қалай ел боламыз? Біздің университет бұл мәселелермен алдағы уақытта дұрыстап айналысатын болады.Тағы сұрақтарыңыз бар ма?

    – Жоқ.

    – Ендеше, асханамызда ас-суымыз әзір тұр. Сонда барып жаңа ашылған «ұрлықшы мамандығын» жақсылап жуып тастайық, мырзалар!

Тегтер: Без Тега
Дамир Әбішев
Дамир Әбішев Дамир Әбішев

Оқыңыз