Жапония архивінен Желтоқсан көтерілісіне қатысты тың құжаттар табылды
Қазақстандық ғалым, жапонтанушы Олжас Қуанбай 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысты бұрын белгісіз болған архивтік құжаттарды тапқанын мәлімдеді.
PhD дәрежесі бар зерттеуші Жапония университеттерінің бірінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Ол анықтаған материалдар Жапония Сыртқы істер министрлігінің архивінде сақталған. Құжаттарда Алматыдағы оқиғалардың шетелдік дипломаттар мен журналистерге қалай жеткені баяндалады.
Ғалымның айтуынша, жапон тіліндегі архивтік жазбаларда Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінен алынуы, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуы және бұл шешімге қарсы Алматы жастарының наразылығы туралы мәліметтер бар.
Жапон дипломаттары Желтоқсан оқиғасын қалай бағалаған?
Олжас Қуанбай жариялаған құжаттарда 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыда болған наразылық туралы кеңестік ақпарат құралдарының хабарламалары келтірілген. Атап айтқанда, 18 желтоқсандағы "Время" телебағдарламасы мен ТАСС агенттігінің мәліметтері негізге алынған.
Кеңестік ақпарат құралдары алаңға шыққан жастарды "ұлтшыл көзқарастағы топ" деп сипаттап, олардың партия басшылығының кадрлық шешіміне қарсы болғанын хабарлаған.
Архив материалдарында зауыттарда, жоғары оқу орындарында және еңбек ұжымдарында жиналыстар ұйымдастырылғаны да жазылған. Онда партия басшылығының шешімі қолдау тауып, жастардың әрекеті айыпталғаны көрсетілген.
Бұл деректер сол кездегі кеңестік биліктің Желтоқсан оқиғасын ресми ақпарат құралдары арқылы қалай көрсеткенін аңғартады. Сонымен бірге құжаттардың Жапония архивінде сақталуы тарихи оқиғаға шетелдік дипломаттар мен журналистердің көзімен қарауға мүмкіндік береді.
Зерттеуші ерекше назар аударған жайт – жапон дипломаттары мен тілшілерінің Геннадий Колбиннің тағайындалуына қатысты пікірі.
Олжас Қуанбайдың пайымдауынша, архивтік жазбалардан Қазақстанды бұрын басқармаған, жергілікті жағдайды жете білмейтін адамның республика басшылығына келуі Мәскеудің үлкен саяси қателігі болғанын байқауға болады.
"Ең қызығы, ел билігіне ұлты қазақ болмаған Колбиннің тағайындалуы КСРО тарапынан жіберілген үлкен қателік екенін жапон дипломаттары мен тілшілерінің жазбасынан байқауға болады", – дейді ғалым.
Оның пікірінше, бұл құжаттар Желтоқсан көтерілісінің тарихын тек кеңестік және отандық деректер арқылы емес, шетелдік дипломатиялық жазбалар негізінде де зерттеуге жол ашады.
Желтоқсан көтерілісі қалай басталды?
1986 жылғы 16 желтоқсанда Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы қызметінен босатылды. Оның орнына бұған дейін Қазақстанда жұмыс істемеген, Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетін басқарған Геннадий Колбин тағайындалды.
Мәскеудің бұл шешімі республика жастарының наразылығын туғызды. Қазақстанның болашағына қатысты маңызды шешім жергілікті халықтың пікірі ескерілмей қабылданды.
17 желтоқсанда Алматыдағы орталық алаңға студенттер мен жұмысшы жастар жинала бастады. Олар республика басшылығына жергілікті жағдайды білетін адамның тағайындалуын және ұлттық мүдденің ескерілуін талап етті.
Алайда бейбіт басталған шеру күшпен басылды. Алаңға милиция мен ішкі әскер бөлімдері тартылып, көптеген жас соққыға жығылды, ұсталды және қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жүздеген студент оқудан шығарылып, бірқатар азамат қызметінен қуылды.
Кеңестік билік ұзақ уақыт бойы Желтоқсан оқиғасын "қазақ ұлтшылдығының көрінісі" ретінде сипаттап келді. Ал көтерілістің қасіретті тарихымен Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев және Сәбира Мұхамеджанова есімдері тығыз байланысты.
Арада бес жыл өткен соң, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.
Желтоқсан көтерілісі қазақ халқының ұлттық санасын оятып, кеңестік жүйенің әділетсіздігіне қарсы қарсылықтың символына айналды. Ал Жапония архивінен табылған құжаттар сол тарихи күндерге шетелдік дипломаттардың қалай қарағанын тереңірек зерделеуге мүмкіндік бермек.