Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:45, 19 Ақпан 2025

Назарбаевтың фамилиясы жүрген істі ешкім қарағысы келмейді

Жарқын Күреңтаев
Фото: ашық дереккөз

Біз былтыр Медғат Қалиев пен Нұрлан Бимурзин атынан прокуратураға, ішкі істер министрлігіне және депутаттарға арыз жаздық.

 Арызымыз кейіннен Алматыдағы Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне қарауға жіберілді. Бұл арызда біз тек болған оқиға мен фактілерді ғана келтірдік. Қылмыстың қай баппен тергелетінін прокуратура осы арыз бойынша қарап, өзі шешім қабылдайды. Алмалы аудандық ішкі істері де, бас прокуратура да істі қарамай бас тартты. Істің қаралмау себебі «дәлелің жоқ» деген уәж айтылды. Ал біз жазған арызда және оған қосып берілген құжаттарда дәлелдің барлығы келтірілген болатын. Оның ішінде куәгерлердің аты-жөні де жазылған. Бірақ прокуратура да, ішкі істер министрлігі де оған мән бермеді. Куәгерлерді шақырған жоқ. Заң бойынша, яғни қылмыстық процессуалдық кодекс бойынша істі қозғап, сосын аталған фактілер бар ма, жоқ па, анықтау керек еді. Бірақ аталған заң органдары ештеңені қарамай, тергеуден бас тартты. Депутаттар да бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне қаншама өтініш жазғанымен «олар іс жүріп жатыр, алдағы уақытта анықталады» деп, аяғында істі қарамай қойды. Қазақстанда әділдік жоқ екеніне көз жеткізгеннен соң Медғат Қалиев пен Нұрлан Бимурзин халықаралық сотқа – Швейцария, Амстердам және Лондон сотына арызданып жатыр. Бұдан бөлек, олар АҚШ-тың әділет министрлігіне де арыз жазды. АҚШ Нұрлан Бимурзинге арыз түскенін, қазір бәрін реттеп, кейіннен тағы да хабарласатынын айтқан. Швейцария мен Амстердам прокуратурасының жауабын күтіп отырмыз. Ол жердегі арызда нақты дәлелдер көрсетілген.

Енді іс не үшін қаралмады дегенге тоқталайық. Бәрімізге белгілі, Назарбаевтың фамилиясы жүрген істі ешкім қарағысы келмейді. Былтыр желтоқсан айында Назарбаев Путиннің алдынан өтті. Мысалы, 2014 жылы Виктор Янукович Украинадан қашып, Ресейді паналады. Қырғызстаннан қашқан Ақаев Мәскеуде отыр. Құрманбек Бәкиевті Ақаевпен бір қалада ұстауға болмайтындықтан Беларуссияға жіберді. Жақында Сирия президенті Башар Асад та Мәскеуге қашты. Себебі Путин осындай адамдарға кепілдік беретін жалғыз президент болып отыр. Жақында байқасаңыз, Әли Назарбаеваның да Мәскеуге кетейін деп жатқаны БАҚ беттерінде жазылды. Ол Қалиев пен Бимурзин ісінен қашып жүр. Себебі Нұрлан Бимурзин мен Медғат Қалиев оны халықаралық сотқа беріп, іздеп жатыр.

Енді неге халықаралық сотқа біздің азаматтардың шағымданып жатқанын түсіндіре кетейін: Біріншіден, олар дүние-мүлкін доллармен сатып алды. Доллар пайдалансаңыз, бірден АҚШ-тың әділет министрлігінің юрисдикциясына кіресіз. Екіншіден, Швейцария мен Англия сотына берген себебі, Назарбаева ақшасын осы елдегі офшорда, дүние-мүлкін осы мемлекеттердің аумағында сақтайды. Енді Бимурзин мен Қалиев осы арқылы әділет талап еткісі келеді. Өйткені жаңа айтып өткенімдей, біздің елден қайран болмады.

Жарқын Күреңтаев, қоғам белсендісі