Жасөспірімдер жолда көліктің алдына әдейі жүгіріп шығып жүр ме?
Әлеуметтік желіде жасөспірімдердің қозғалып келе жатқан көліктердің алдына «на слабо» ойыны үшін жүгіріп шығатыны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі тексеру жүргізетінін мәлімдеді.
Талқылауға себеп болған оқиға 11 мамыр күні Астана қаласында болған. Ресми мәлімет бойынша, Renault көлігінің жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне жүгіріп шыққан 13 жастағы жасөспірімді қағып кеткен.
Полиция департаментінің хабарлауынша, жасөспірім реттелетін жаяу жүргінші өткелінен тыйым салынған белгіге қарамастан жүгіріп өткен.
Жол апаты салдарынан кәмелетке толмаған бала түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Оқиға бойынша тексеру басталған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен баланың №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасына жеткізілгенін хабарлады. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
— Қазіргі уақытта пациентке қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр, — деп мәлімдеді ведомство.
Әлеуметтік желілерде осы оқиғадан кейін жасөспірімдердің көліктің алдына әдейі жүгіріп шығатын қауіпті «ойынға» қатысуы мүмкін деген болжамдар тарай бастады.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мұндай ақпаратты бұған дейін алмағанын, алайда мәселе міндетті түрде тексерілетінін айтты.
Оның сөзінше, кәмелетке толмағандардың өліміне немесе жарақат алуына қатысты істер ІІМ-нің ерекше бақылауында.
Полиция ата-аналарды балаларға жол қозғалысы ережелерін түсіндіруге және оларды бақылауды күшейтуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін де Астанада тұрғын үй ауласында көлік кішкентай баланы қағып кетіп, қайғылы жағдай тіркелген еді.