Қоғам

Жастар санасындағы жасырын қауіптер

Қазіргі қоғамда жастардың болашағына қауіп төндіретін ең өзекті мәселелердің қатарында нашақорлық пен лудомания алдыңғы шепке шығып отыр. Бұл құбылыстар тек жеке адамның тағдырына әсер ететін тұрмыстық мәселе ғана емес, тұтас әлеуметтік құрылымға, ұлттық қауіпсіздік пен адами капитал сапасына ықпал ететін күрделі феноменге айналды.

лудомания

Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, әлемде 35 миллионнан астам адам есірткіге тәуелділік дертімен күресуде, ал құмар ойындарға тәуелді адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Кейбір елдерде ересек халықтың 1-3 пайызы лудомания белгілерін көрсетсе, жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін. Әсіресе цифрлық технологиялардың дамуы, онлайн-букмекерлік платформалардың қолжетімді болуы бұл дерттің ауқымын тіпті кеңейтіп, оны жасырын әрі жылдам таралатын психологиялық тәуелділікке айналдырғаны рас.

Нашақорлық пен лудоманияның ортақ тұсы – екеуі де адам санасын билеп, ерік-жігерін әлсіретіп, тұлғалық тұтастығын ыдырататын құбылыстар. Бірі – химиялық тәуелділік арқылы ағзаны уласа, екіншісі – психологиялық тәуелділік арқылы сананы тұмшалайды. Соның салдарынан адамның өмірлік бағдары бұзылып, әлеуметтік жауапкершілігі төмендейді, ал бұл өз кезегінде қоғамда түрлі әлеуметтік мәселелердің көбеюіне алып келері анық. Осындай өзекті мәселелердің алдын алу мақсатында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Шардара ауданында мазмұны мен мәні жағынан өзара сабақтас екі маңызды семинар-тренинг өткізілді. Бұл кездесулердің өзегі – жастар санасында салауатты өмір салты мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, зиянды әдеттердің алдын алу арқылы болашаққа деген саналы көзқарасты орнықтыру.

Алғашқы кездесу Шардара ауданындағы №16 колледж қабырғасында «Нашақорлыққа жол жоқ! Тәртіп – тұрақтылық кепілі!» тақырыбымен өтті. Семинарды «Отбасы институтын дамыту» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тәжірибелі тренер-педагог Нұржан Сапарханұлы жүргізіп, жастармен ашық әрі мазмұнды диалог орнатты. Кездесу барысында есірткіге тәуелділіктің адам денсаулығына ғана емес, оның мінез-құлқы мен психологиялық күйіне, өмірлік мақсаттарына тигізетін кері әсері жан-жақты талқыланды. Спикердің пайымдауынша, нашақорлық – адамның тек физиологиялық саулығын бұзатын індет емес, ол тұлғаның ішкі өзегін әлсіретіп, білімге, еңбекке деген ынтасын жоятын қауіпті әлеуметтік құбылыс. Жастарға дұрыс орта қалыптастырудың маңызы ерекше атап өтіліп, уақытты тиімді пайдалану, спортпен айналысу, пайдалы әдеттерді өмір салтына айналдыру жөнінде нақты ұсыныстар айтылған еді. Себебі қазіргі жаһандану дәуірінде адамның ортасы – оның тағдырын айқындайтын басты факторлардың бірі. Осы тұрғыда тәртіп пен өзін-өзі дамыту мәдениеті әрбір жастың өмірлік капиталы ретінде қарастырылмақ.

Кездесу барысында қатысушылар тек тыңдаушы рөлінде қалып қоймай, өз ойларын еркін білдіріп, пікір алмасты. Психологиялық жаттығулар арқылы жастардың өзін-өзі тануына, дұрыс шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Осы мазмұндас екінші кездесу Шардара мектеп-лицейінде «Өмір – қымбат сый: Лудомания – қоғам дерті» тақырыбында жалғасын тапты. Бұл жолы назар құмар ойындарға тәуелділіктің психологиялық және әлеуметтік салдарларына аударылды. Нұржан Сапарханұлы лудоманияның адам өміріне тигізетін зиянын нақты мысалдар арқылы түсіндіріп, оның тек жеке адамның мәселесі емес, тұтас отбасы мен қоғамға әсер ететін дерт екенін атап өтті.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, құмар ойындарға тәуелділік көбіне қаржылық қиындықтарға, қарыздың ұлғаюына, отбасылық қатынастардың бұзылуына әкеледі. Кейбір зерттеулерде лудоманияға шалдыққан адамдардың арасында депрессия мен мазасыздық деңгейі бірнеше есе жоғары болатыны айтылған. Бұл жағдай жастар арасында ерекше алаңдаушылық тудырады, себебі өмірлік тәжірибесі қалыптаспаған жас буын тәуекелге бейім келеді.

Семинар барысында қатысушыларға қаржылық сауаттылық, уақытты басқару, мақсат қою мәдениеті жөнінде маңызды мәліметтер берілді. Спикер құмар ойын арқылы мәселені шешу – уақытша иллюзия ғана екенін, ал шынайы жетістік тек жүйелі еңбек пен нақты мақсат арқылы келетінін жеткізді. Бұл ой жастардың дүниетанымын кеңейтіп, өмірлік таңдауларына сыни көзқараспен қарауға жетеледі деп сенеміз. «Отбасы институтын дамыту» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Сапарханұлының айтуынша, екі семинардың мазмұнын біріктіретін ортақ идея – адамның болашағы оның бүгінгі таңдауы мен ортасына тікелей байланысты деген тұжырым.

«Нашақорлық та, лудомания да кездейсоқ пайда болатын құбылыс емес, ол көбіне ішкі бос кеңістіктің, мақсатсыздықтың, әлеуметтік бақылаудың әлсіреген кезде пайда болатын құбылыс. Сондықтан мұндай кездесулер тек ақпарат берумен шектелмей, жастардың санасына құндылықтық бағдар қалыптастыруды көздейді. Мәселен, әлемнің бірқатар елдерінде, соның ішінде Скандинавия мемлекеттерінде тәуелділіктің алдын алу жұмыстары мектеп қабырғасынан бастап жүргізіледі. Онда жастарға тек қауіп туралы ескерту жасалмайды, керісінше, эмоционалдық интеллектіні дамыту, күйзелісті басқару, өмірлік мақсат қою дағдылары жүйелі түрде үйретіледі. Біз де осы тәжірибеге сүйене отырып, жастарға өз сезімдерін тану мен оны дұрыс арнаға бағыттай білу – кез келген тәуелділіктің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі екенін атап өттік. Сонымен қатар халықаралық зерттеулерде «қауіп факторы» мен «қорғаныш факторы» деген ұғымдар кеңінен қолданылады. Қауіп факторларына әлеуметтік оқшаулану, отбасындағы түсініспеушілік, бос уақыттың реттелмеуі жатса, қорғаныш факторларына – қолдаушы орта, тұрақты қызығушылық, мақсатқа бағытталған әрекет жатады. Осы ұғымдарды тарқата отырып, әрбір жастың өз өмірінде қорғаныш факторларын күшейтуі маңызды. Яғни адам өзін дамытатын ортаға саналы түрде ұмтылған сайын, кез келген зиянды ықпалдан алшақтай түспек», – дейді тренер-педагог.

Қос семинардың соңында ұйымдастырушылар жас буынды білімге ұмтылуға, саналы өмір салтын ұстануға, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, олардың ынтасы мен қызығушылығы қолдау тапты. Жалпы алғанда, Шардара ауданында өткен бұл кездесулер бүгінгі қоғам үшін аса маңызды мәселені көтеріп қана қоймай, оның шешу жолдарын да ұсынған тағылымды алаңға айнала алды деп сенеміз. Мұндай бастамалар жастардың өмірлік ұстанымын қалыптастыруға, ішкі жауапкершілігін оятуға ықпал етпек.

С.Бақберген

Түркістан облысы

Тегтер: лудомания
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз