Саясат

Жастар саясатын қолдау өзекті

Қазақстанда мемлекеттік саясаттардың ішіндегі ең сүбелісі және сүйектісі – жастар саясаты.

Жастар саясатын қолдау өзекті

Жастар саясаты мемлекет дамуының айқын бағыттарының бірі. Жастар саясаты жастардың білім алуы, еңбекпен және жұмыспен қамтылуы, денсаулық сақтау саласы бойынша азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға бағытталған. Жалпы, жастар саясатының басты мақсат-міндеттерінің бірі – еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосуға, ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздікті нығайтуға жастарды тәрбиелеу болып табылады.

Осы бағыттар бойынша бірнеше жылдардан бері жастар саясатына үлкен мән беріліп, арнайы бағдарлама төңірегінде нақты жұмыстар қолға алынып келеді. Жастар саясатын қолдау бойынша бүгінге дейін өңірлерде әртүрлі іс-шаралар атқарылды. Оның ішінде, жастарды дамытуға арналған әртүрлі мәдени және спорт орталықтары салынды. Ауыл мен аудандарда футбол алаңдары мен шағын спорт залдары бой көтерді. Үлкен қалаларда бұл жағынан қомақты жұмыстар жасалды.

Ал биыл жастар саясаты бойынша қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Наурыз айының басында ғана жастар саясаты жөніндегі комиссияның жаңа құрамы бекітілген болатын-ды. Оның құрамына елге белгілі жастар тартылды. Арасында ғалымдар мен экономистер, журналистер бар. Жаңа құрамға артылған міндет ауыр. Олар жастар саясатына қатысты түйткілдерді шешудің жолдарын билік назарына, қоғам талқысына ұсыну керек. Мәселен, жастардың жұмыссыздық мәселесін, білім алу бойынша түйткілдерді, денсаулық сақтау және спорттық сала бойынша қордаланған немесе шешімін таппай келе жатқан түйіндерді шешудің жолын ұсынуы қажет. Осы тұрғыдан айтқанда, жаңа құрамға деген халық сенімі үлкен, оған селкеу түспеуі керек!

Өткен жылы Тәуелсіздіктің отыз жылдық мерейтойына арнаған сөзінде Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағы жастардың қолында екенін баса мән бере отырып, айтты. Сонымен бірге жастар алдына қойылған үлкен міндеттің бірі әрі бірегейі мемлекетшіл болу екенін сөзге тірек етті. Жастардың мемлекетшіл болғаны, Отанын сүюі, елдің дамуына қызмет етуі – әрбір жастың міндеті. Мейлі ол ғылымда болсын, мейлі спортта, мейлі мәдениетте болсын, жастар Отан үшін қызмет етуі керек! Жастар саясаты осы бағытта жұмыс жасауға тиіс. Мұны айтып отырғанымыз, соңғы жылдары бірнеше мың білімді жас жақсы жұмыс іздеп, шетел асып кетті. Қазақта «Балам дейтін елің болмаса, елім дейтін балаң болмайды», деген қанатты сөздің төркіні осыдан туған. Сондықтан мемлекет саясаты жастардың осындай түйткілдеріне арналуы керек.

 Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасы президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің XXIV отырысында  президенті әкімшілігі басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Дәурен Абаев жастар саясатының бағдары мен болашағына арнайы тоқталып, президент Қасым-Жомарт Кемелұлы жастар мәселесіне айрықша басымдық беріп, үнемі назарда ұстап отыратынын айтқан болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жастар саясатына қатысты бірқатар тапсырма берілгенін де атап өтті. Сонымен бірге Қазақстан Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін одан әрі жетілдіру қолға алынып отырғанына тоқталған-ды.

Алдағы уақытта Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, ҚР парламентінің қарауына ұсынылады. Заңнамада «Жастардың даму индексі», «Жастардың әлеуметтік қызметтері», «NEET санатындағы жастар» ұғымдары заңнамалық тұрғыдан бекітілетін болады. Бұдан бөлек, министрлік алдына «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасын әзірлеу міндеті де қойылған. Оған жастарды мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бірыңғай құжатқа біріктіру, талантты жастарды қолдау үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарын тағайындау сияқты жастарды шабыттандыратын нақты шаралар қарастырылған болатын.

Жастар саясатын қолдау – жастардың басын қосып, конференция өткізу немесе жиналыс жасау емес. Нақты жұмыс қажет екенін саясаттанушылар мен жастар саясатының жетекшілері айтып жүр. Мәселен, ғылым саласы бойынша өте білімді жастар бар, соларды қолдап, арнайы гранттар бөліп, жағдай жасау – жастар саясатымен айналысатын жетекшілер мен ұйым мүшелерінің міндеті. Одан бөлек, спортта өте мықты жастар бар, өнерде де солай. Жастар саясатын қолдау деген сол озық жастарды қолдау. Спортшы жастарды қанаттандыратын нақты жұмыстар қажет. Спорт залдарымен қамтамасыз ету, ел ішіндегі және халықаралық жарыстарға қатыстыру сияқты жағдай жасау жастар саясатының міндеті.

Жастар саясатын қолдауды тармақтап айтар болсақ, «Еңбек» бағдарламасы бойынша солтүстік аймақтарға қоныстанып жатқан оқыған жастарды да айтуға болады. Неге? Өйткені теріскейді қазақтандыру уақыт күттірмейтін саясат. Ал бұл саясатты жылдам жүзеге асырудың нақты амалы СҚО, Павлодар, Қостанай, Ақмола, ШҚО облыстарындағы тұрғындар саны азайған, мектептері жабылудың алдында тұрған ауылдарға диплом алған жастарды апарып, бәрін жұмыспен қамтамасыз ету және сол өңірге тұрақтандыру. Кеңес одағы Қазақстанда тың игеруді қалай жүзеге асырды? Жастар саясатын тура сол бағытта жүргізу керек. Теріскейді қазаққа толтыру – оқу бітірген жастарды сол аймақтарға қоныстандыру. Мұны Жастар саясатының негізгі мақсатына қосу керек!

Тегтер: Без Тега
Кемел Жан
Кемел Жан Кемел Жан

Оқыңыз