Жастар: «Жастар жылы» «массовкалар» жойылса екен
Қазақстанда 2003-2005 жылдары «Ауыл жылы» жарияланған-ды. Бірақ… Науқанға ұласқан бұл жылдары есепте бәрі жақсы болуы әбден мүмкін.
Бірақ бір ғана Солтүтік Қазақстан облысында «ауыл жылынан» кейін бес жылдың ішінде 48 елді мекен Қазақстан картасынан жойылды.Енді негізгі әңгіме «Жастар жылына» ойыссақ.Күні кеше 23 қаңтар күні мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Жастар жылын» ресми түрде жариялады. Президент белсенді жастармен кездесіп, алдағы мақсат-міндеттері туралы нақты ойларымен бөлісті. Бұл ретте жас өрендердің де бұл жылдан күтетін үміттері көп. Бұл жиынға қатыспаған студент Айгүл АЛЬМУХАНОВА да 2019 жылдан көп нәрсе күтеді. Жас Алаштілшісімен сөйлескен студент биыл «массовкадан» құтылатын жыл болса деп тілейді.«Қазір студенттері «массовкадан» көз ашпайды. Орталық алаңда өтетін түрлі флешмобтарға еріксіз түрде қатысып жүреміз. Қыркүйекте оқуға келеміз, бәрі басталады. Қала күні, 1-желтоқсан — Президент күні, әкімшіліктер өткізетін наурыз, 1-мамары мен 9-мамыр мерекесі. Одан қалса жиналыстарға, кештерге, телеарналардағы ток-шоуларға жібереді. Ұйқың келетін жиналыстарға отырғызып қояды. Бармасаң оқытушылар ұрысады. Айтқанына көнбеген студенттердің соңына мұғалімдер түсіп алады. Емтихан кезінде біршама қиындықтар көреміз», — дейді студент Айгүл Альмуханова. «Бір жұрт білмейтін кітаптардың тұсау кесерлеріне жібереді. Партиялардың да шараларында болдық. Жолға ақша да бермейді. Биылғы жылы керек емес «массовкалар» тоқтаса екен», — дейді тағы бір студент Ерасыл ҚҰРМАН. Қазір қандай мерекелік жиындар болмасын, студенттердің қатысуымен өтеді. Бірдей киімдер киіп алған жастар, жаттанды ұрандарды айқайлаумен шаршайды. Мұндай оқиғаларға «Дарын» жастар сыйлығының иегері, жас ғалым Елдос ТОҚТАРБАЙ да талай рет куә болғанын айтады. Жас ғалым керісінше жастарды уақытты тиімді пайдалануды үйрету керек дейді. «Өз басым студент кезімде «массовка» ретінде жиындарға қатысудан бас тартатынмын. Амалдың жоғынан шараларда отыратын студенттер өте көп. Тәрбиелік мән–мағынасы жоқ акциялар жастарды қажытып жіберді. Әсіресе, мұндай шаралар Алматы мен Астана қалаларында жиі өтеді. Өзіміз соның ортасында жүрген соң, көп байқаймыз. Биліктің жастарға деген көзқарасын өзгерту керек деп ойлаймын. Қолдарына шар ұстап, лозунг көтергеннің орнына кітапханада отырып, өзіңе қажетті дүниемен айналысқандары дұрыс», — дейді Елдос Тоқтарбай. ЖСДП-ның төралқа мүшесі Тазабек СӘМБЕТБАЙ президенттің қатысуымен өткен жиынның өзі «массовка жылы» болып басталды деген пікірде. Қазақстанда студенттерді саяси науқанға араластыру да үйреншікті жағдайға айналды дейді.«Жастар жылының ресми бастауы ашылған жиынды бақылап біршама ойға қалдық. Оның бірі науқаншылдыққа толы жастардың қарасын молайта жинап өткізетін жиындар. Осындай шараларға жастар, әсіресе жоғарғы не арнаулы оқу білімгерлері жіберіледі. Бұл әрекет көбіне жас азаматтардың еркінен тыс, мәжбүрлі түрде жасалады. Әдетте оқу ордасының басшылығы «тәуелді» білімгерлерді бұйрық бере отырып жетектеп әкеледі. Кешегі форумда да осындай жағдай орын алды. Жиын басында бір топ қыз сахнаға жақын келіп залдағылардың орнынан тұруына қимылмен нұсқау берді. Ешкім қалыс қалмады, қатысушылар нұсқауды мүлтіксіз орындады. Мұндай «тұр десе тұратын, отыр десе отыратын» кадрларға көзіміз үйренгелі қашан. Онымен қоса бейжайлықпен, әбден жалыққан түрімен отырған жастарды көрдім бұл жиыннан. «Еріксіздер» тобырының үйреншікті мүшелері-ау деген ой келді. Көбіміз ерекше үміт еткен «Жастар жылы» жаңашыл үрдістермен бастала ма деген едік. Өкінішке қарай, «баяғы жартас — сол жартастың» кебін киіп жүрмелік. Биліктің әкімшілік ресурстарына негізделген кезекті жасанды «науқаншылдық» бола ма деген күдік бар. Студенттер мен бюджет қызметкерлерін мәжбүрлі түрде науқандарға қатыстыруды тоқтату керек. Әркім өз саласын сапалы игеріп, білім алып, басқаға көңіл бөлмегені жөн», — дейді Тазабек Сәмбетбай. Кешегі жиынан кейінгі өрбитін сценарий де белгілі. Енді облыстар жарысып жиын өткізеді. Әкімдер алаулаған-жалаулаған жиындардың бел ортасында жүреді. Сосын ретіне қарай мұндай әлем-жәлем жиындарды аудандар мен ауылдар да жалғастырады.Фото: azattyq.org