Жазушы таңдауы. Тіл, стиль және идея
Әсілінде көркем әдебиеттің басты материалы – тіл. Жазушының сөзді дәл қолданып, орнымен жұмсап, сөйлем құрылымын шебер қиыстыруы, кейіпкер мінезі мен оқиғаны артық, кемсіз суреттеу
Дегенмен шығарманың композициялық тұтастығы, кейіпкерлер жүйесі, психологиялық талдауы, баяндау құрылымы да жазушының сөз орамы мен көркем тілінен еш кем соқпаса керек. Тілі шұрайлы болғанымен, кейіпкерлері нанымсыз, оқиғасы жасанды, композициясы әлсіз дүмбілез дүниені қалай сүйсініп оқисыз?. Сол сияқты тілі қарапайым туындының адам болмысын терең ашып, күрделі әлеуметтік, психологиялық мәселелерді көркемдік тұрғыдан биік межеге жеткізуі әбден мүмкін. Сондықтан әдеби шығармаға баға бергенде оның жекелеген компоненттерін тұтас көркемдік жүйеден бөліп қарастыру біржақты қорытындыға әкеледі. Енді шығарманың тілі оның сапасына өлшем бола ма деген сұрақ туады. Осы тақырып аясында "Жас Алаштың" сұрақтарына жазушылар Нұрғали Ораз, Сәкен Сыбанбай және Сафина Ақтай қатысты.
– Соңғы жылдары жарық көріп жатқан көркем туындылардың тіліне қатысты сын жиі айтылып жүр. Байқасақ, аға буынның тарапынан қазіргі проза турасында "оқиғасы қызық, көтерген мәселесі өзекті, бірақ тілі жұтаң, сөз қолданысы қате" деген пікірлер айтылып қалады. Сонымен көркем әдебиеттің сапасын, көркемдігін анықтауда жазушының тілі, сөз байлығы басты өлшем бола ала ма?
Н.Ораз: Меніңше, ой – басты мақсат. Тіл – мақсатқа жеткізетін құрал. Баяндау – оқырманды қызықтыратын тәсіл. Стиль – жан сырыңыздың, ішкі мәдениетіңіздің ырғағы, әуені. "Қазіргі көркем шығармалардың тілі" – төл әдебиетіміздің әрбір кезеңінде айтылып, көтеріліп келе жатқан мәселе емес пе еді? Ол үшін Ғабит Мүсіреповтің өткен ғасырда жасаған "Авгейдің ат қорасынан бастайық" атты әйгілі баяндамасын еске алсақ та жеткілікті.
Дегенмен тіл – адамзаттың тіршілігіне, өмір ағымына қарай өзгеріп, жаңа сөздер, тың ұғымдар қосылып отыратыны белгілі. Ондай жаңалықтар қазір тіпті көп. Қаламгердің ойлау жүйесі, түйсігі мықты болуы керек. Ескіні қайталаудың қажеті жоқ. Жаңа дүние жазуға, жаңалық жасауға ұмтылу керек. Бірақ көркем әдебиеттегі "ескі дүние" дегеніміз не? Ол – нашар шығарма. Алтын секілді құнын жоғалтпайтын шығарма уақыт өткен сайын жарқырап, ашыла түседі. Өйткені заман өзгерген сайын оның сырын ашатын, түп негізін түсіндіретін көзқарастардың көкжиегі кеңейе береді.
Айталық, Бейімбет Майлиннің конфискация, колхоздастыру кезеңінде жазған әңгімелері қазір ескірді, уақыты өтті деп айта аламыз ба? Жоқ. Керісінше, жаңа, біз бұрын байқамаған қырлары ашылып жатқан жоқ па? Мәселен, "Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры" деген әңгімесіне тағы да бір көз жүгіртіп көріңізші. Бір ауыз сөзден ілік іздеп, әрбір сөйлемді тапаншаның ұңғысымен түртіп отырып оқитын кеңестік қатыгез цензура оны қалай өткізіп жіберген деп қайран қаласыз. Автор аңқаусыған Дайрабайдың әңгімесімен-ақ жұртты күлдіре отырып, кеңес өкіметінің сол кездегі шалағай саясатын сынайды. Бұл ненің құдіреті? Әрине, тілдің, жазушы таңдаған стильдің құдіреті. Би-ағаның әңгімелерінде тек өз заманына ғана емес, бүгінгі заманға арнап айтылған сын да, күлкі де, әжуа да жеткілікті. Себебі ол – шын мәнінде саясатты емес, адамзаттың тіршілігін жазды ғой.
С.Сыбанбай: Тіл заман қалыбына қарай түрленіп, түлеп, өзгеріп отырады, ол рас. Әжелеріміз айтатын кей сөздер біртіндеп ұмытылып та барады. Ел тұрмысына, халық тіршілігіне орай тың сөздер қосылып жатады. Әрине, жазушының оқиға құрау, кейіпкер сомдау, идея тастау шеберлігі басты орында тұрары анық. Бірақ ол осы әрекетінің бәрін сөз арқылы, тіл арқылы бермей ме? Сондықтан сөзге жауапты, тілге ұқыпты болғаны дұрыс деп ойлаймын. Қазір, рас, қатесі көп кітап қаптап кетті. Біріншіден, әдеби редакторды ешкім қажет етпеуге айналды, өздері жазады, өздері оқиды, сол нұсқамен жарыққа шығара салады. Екіншіден, көп жазушыларымызда сауат та төмен деңгейде екені аңғарылады. Ой-өре жағынан олқы соғып жататын тұстары кездеседі. Жауапкершілікті корректор байғұстың басына жаба салғысы келеді, ал, негізінде, қаламгердің өзі сөз-сөйлемге, термин-атауға сақ болуға тиіс. Осындай кемшіліктерді байқайтыным бар.
С.Ақтай: Жазушының сөз байлығы мен тілі маңызды, десе де, ол жалғыз басты өлшем емес. Осыған дейін әдебиетті терең зерттеген философ әрі әдебиеттанушы Ролан Барт өзінің "Жазудың нөлдік деңгейі" атты кітабында көркем әдебиеттің шынайы сапасы – автордың сол тіл арқылы қоғам алдында қандай әлеуметтік міндетке ие болып, заман мен сана өзгерісін жазу арқылы оны қалай терең түйсіне алатынында екенін айтқан еді. Сондықтан, меніңше, қазіргі проза тілінің сипаты басқаша көрінсе, бұл көбіне жаңа дәуірдегі сана мен жаңа формалардың пайда болуына тікелей байланысты. Тілді біз кез келген жазушыдан бөліп қарай алмаймыз, өйткені тіл – барша автор атаулыға ортақ кеңістік. Ал стиль мен форма әр жазушының өзінің жеке жады мен естелігінен, тәжірибесінен пайда болады. Демек, меніңше, жазушы тілге жауапты емес, оны жеткізу тәсіліне ғана жауапты. Ролан Бартша айтсақ, жазу – жазушының өз сөзін әлеуметтік кеңістікке қалай және қайтіп орналастыратынын көрсететін таңдау актісі, форма моралі. Мәселен, Бальзак пен Флоберді, артынша Камюді алып қарайтын болсақ, біреуі буржуазиялық жазуды тудырып, артынша әдебиетті объектіге айналдыруға жол ашты. Ал енді бірі жазушысыз әдебиет жасап, "ақ жазуға" бет бұрды. Бұдан шығатын қорытынды: әртүрлі дәуірде жазған авторлардың тіл қолданысы, сөз көркемдігі немесе тілдегі айырмашылықтары олардың тілі жұтаң дегенді білдірмейді, бұл қоғамдағы экономикалық басқару жүйесі мен сана-сезімнің түбегейлі өзгеруінен туындайды. Өйткені әрбір жаңа уақыт жаңа жазу тілін тудырады. Көркемдік пен тіл байлығының оған қатысы жоқ, өйткені ол жазушының жеке таңдауынан туады.
– Мәселен, қазіргі прозада баяндаудың ықшамдалуы, сөйлемдердің қысқаруы, ауызекі сөйлеу тіліне басымдық беру байқалады. Мұны бір тарап әдеби тіл жұтаңдап жатыр деп қабылдаса, енді біреулер қазіргі прозаның табиғи өзгерісі, жаңа стильдік ізденістердің көрінісі деп бағалайды. Сіз не ойлайсыз?
Н.Ораз: Қысқа, яғни телеграфтық стиль жайында әлем әдебиетінен бір мысал келтіру керек болса, Э. Хемингуэйді, өз әдебиетімізден екі мысал келтіру қажет болса, Роллан Сейсенбаевтың алғашқы әңгімелері мен Мархабат Байғұттың бір сөзбен бір сөйлем жасаған соңғы әңгімелерін атап айтуға болады. Мәселе, сөйлемнің ұзақ немесе қысқа құрылуында емес қой. Жақсы шығарма оқырманды ә дегеннен-ақ өзіне тартып ала қояды. Себебі онда табиғи, шынайы сөз әуені мен сезім болады. Ой да осы әуен мен сезімнің отына піседі. Қысқа да нұсқа мәтін жұтаңдық емес. Ең бастысы, оқырманды еліктіріп әкететін сөз әуені болсын деңіз. Керісінше, ұзақ, шұбалаңқы, орынсыз теңеулермен "байытылған", ойға жұтаң, мылжың мәтіндер көптеп кездеседі. Орнын тапқан сөз ойнап тұрады. Сондықтан да болар, көркем әдебиетте ауызекі тіл, ауызекі сөз деген ұғым болмайды-ау деймін. Кейіпкердің мінезін, болмысын ашуға келгенде кейбір түкпірдегі ауылдарда ғана айтылатын, қала жұртшылығы қым-қуыт тіршіліктің абыр-сабырымен жүріп әлдеқашан ұмытып кеткен сөздер де жаңа туған айдай жарқ ете қалады.
Бұл ретте, әңгіме қарапайым жазу мен қарабайыр жазудың өзін кейде шатастырып жататындығымызда болар. Артық-кемі жоқ, ақ қағаздың бетіне өзіміз көріп жүрген тіршілікті айнытпай түсіре салғандай болып көрінетін шығармалар, шын мәнінде, нағыз суреткерлік шеберліктен туған дүниелер. Ал қарабайыр шығарманы қанша мақтасаңыз да зерделі оқырман қабылдай алмайды.
С.Сыбанбай: Станислав Ежи Лецтің сөзі бар: "Сенің табиғатты суреттеп жатқаныңды оқырман сезініп қойған жерден кілт тоқта" деген. Сондықтан артық суреттеу қажет емес. Табиғатты суреттеу – кейіпкер психологиясына, оқиға сипатына дәл келуі керек. Әйтпесе бәрібір әсер етуі қиын. Мәселен, кейіпкер жылаған кезде жаңбыр жауатыны секілді, жай символдық қана штрих болғаны жөн. Жалпы қазіргі қазақ әдебиетінде артық суреттеулер де көп емес, азайды ғой. Баяғы қос атты кісінің бір ауылдан шығып, екінші ауылға жетем дегенше созылатын отыз бет баяндаулар сиреді. Бұл жағынан жас жазушыларымыз замана өзгерісін дұрыс қабылдады деп ойлаймын.
Бірақ тіл деген – тек табиғат суреттеу емес қой. Авторлық баяндауларда кетіп жататын қырғын кемшілік, сөз саптаудағы сүрінулерді қайда қоямыз? Кейіпкер аузына сөз салуда да артық орысшалыс сөздер, шектен тыс еркінсу кетіп қалатынын аңғарамыз. Қазіргі қаламгерлер әлеуметтік желіге жаза салатынын әдебиетке де қоса салатын болып жүр. Бұл жөн емес.
С.Ақтай: Стиль – мақсаты жоқ форма. Стиль жазушының сөзін бір ортаға жинақтап, құрылымын жүйелейді, стильде жазушының өзіне тән болмысы көрінеді, сондықтан оны жазушының материясы деп атаған жөн. Меніңше, әдебиетте жазушының кәсіби тұрғыда жетілуінің көрінісі оның тіл қолданысынан емес, стилінен көрінеді. Өйткені стиль автордың қай межеде келе жатқанын көрсетіп отырады әрі оның ниетін де айшықтайды. Ал тіл – жазушының саналы таңдауының нәтижесі емес. Ол автоматты түрде жұмыс істейтін рефлекс, сондықтан таңдаудан тыс құбылыс болғандықтан, тіл жазушыға бағынбай, өз бетінше өмір сүреді. Бұл тұрғыдан алғанда "тілге көркемдік жетіспейді, жұтаң" сынды сындар өз мағынасын жояды, өйткені тіл ешқашан жазушының еркіне көнген емес. Керісінше, жазушыға оқырман қауым оның қалай жазу керегін әрі жазу процесінде қандай тіл таңдау керегін (оның ішінде, көркем жазуды) талап ететін болса, жазушының бостандығы да шектеледі деген сөз. Жазушы – тіл атты осынау кең кеңістікте өз еркімен кез келген жазу түрін таңдап, азаттық алуға хақылы.
– Әрине, қазақ қаламгерлерінің сөз байлығы туралы ұзақ әңгіме өрбітуге болар еді. Оның үстіне көркем әдебиет тілі оқырманның тілдік талғамын қалыптастырады делік. Дегенмен "көркем тіл" ұғымын көбіне шұрайлы сөздермен, бейнелі тіркестермен, күрделі синтаксистік құрылымдармен байланыстыра қарау қаншалықты орынды? Жалпы көркем шығарманың ұлттық тілдік сипатын сақтау дегенді қалай түсінгеніміз жөн?
Н.Ораз: Бірде Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайында бір атақты суретші ағамызбен жолығып қалдық. Ана тіліміз туралы аз-кем әңгіме болды. Өйткені әуежайда біздің тілімізде өзімізден басқа ешкім сөйлемейді. "Қазақ тілі бай дейміз, бірақ синоним сөздер көп. Оларды қысқарту керек. Сонда басқа халықтарға қазақ тілін үйрену жеңіл болады" деп қалды ағайымыз. Сонда мен "Табиғатта біз білетін жеті түрлі анық түс бар. Бірақ сурет салғанда сіздер оларды бір-біріне қосып, жаңа түс жасайсыздар ғой" деп ойлап тұрдым.
Тіл – асыл қазына. Одан шығармаңыздағы суретке, ойға, идеяға сай қалағаныңызша алып пайдаланыңыз. Жаңа сөз тіркестерін жасаңыз. Тек ойға қонымды, ақылға сыйымды болсын. Әйтпесе әлеміш-жәлеміш боп киінген кәрі жезөкше сияқты сиықсыз сөйлем болып шықпай ма… Көркемдік – жарасымды, әдемі, сұлу болса, көзді де, көңілді де қызықтырып тұрады. Кейде бір үстірттеу айтылған пікірлерді естіп қаламыз. Ол – қазіргі оқырманның ұзақ, көркем, бейнелі тілмен жазылған романдарды оқып отыруға уақыты жоқ дегенге саяды. Біріншіден, қалың оқырман қауымды бір ғана категорияға жатқызуға болмайды. Екіншіден, әдебиет кеше немесе бүгін ғана пайда болған өнер емес қой. Ғасырлар бойы уақыт сынынан өтіп келе жатқан романдар бар. Неше түрлі заманаларды бастан кешсе де адамзат оларды ұмытқан жоқ. Үшіншіден, оқырманға арнап жазу деген ойдың өзі ұшқары. Ең бастысы, өзіңнің ең жақын адамыңмен сырласып отырғандай жазу керек деп ойлаймын.
С.Сыбанбай: Әлемдегі әр халықтың тілінде лексика қоры әрі-бері ауыса беруі мүмкін, дегенмен негізгі сөз байлығын сақтау – елдің өзіне, әсіресе сол елдегі сөз өнерін ұстаған адамдарға байланысты екен деген зерттеу бар. Солар ұлт сөзін қаншалықты молырақ қолданып, насихаттайды, солай дамиды. Кей сөздерді, әрине, оқырман оғаш қабылдап, әуелде ұқпай қалуы мүмкін. Бірақ бұл үлкен ізденістерге жетелей түсетін нәрсе. Ұлттың құндылығы – СӨЗ – солай көркем әдебиет арқылы сақталуы керек. Жарайды жастық жігер бар, жаңашылдық та керек. Дегенмен түбінде сен қазақтың тілімен жұмыс істеп отырсың ғой, сондықтан оның бағзы қадірін біліп, байырғы қасиетін ұғынып, тереңіне үңіліп, біліп барып қолданған жақсы. Білмегенді сұрағанның айыбы жоқ. Тіл әдебиет арқылы сақталады, қорытылады, байиды. Дамиды. Сондықтан әдеби шығарманың тілі нағыз қазақы тіл болғаны жөн. Ұрпақ тәрбиесі үшін. "Сентябрьдің следующий субботасында семьямызбен походқа шығамыз" деген ауызекі орысшалыс сөзбен ұлттың тілі өспейді.
– Көркем әдебиетте сөздің дәлдігі мен көркемдігі қатар жүруі керек деп жатамыз ғой. Жазушы кейде сөздің қалыптасқан мағынасын өзгертіп, тосын тіркестер жасауға, үйреншікті синтаксистік құрылымды бұзуға барады. Мұндай тәжірибелердің бір бөлігі сәтті көркемдік шешімге айналса, енді бірі жасанды немесе мағынасыз болып шығуы мүмкін. Енді осы туралы ойыңызды білсем…
Н.Ораз: Бір сөйлемнің өзі-ақ тұтастай бір картинаны көз алдыңа елестете алады. Міне, қараңызшы: "Қара қарғаның миы қайнайтын шаңқай түс". Дулат Исабековтің "Дермене" хикаяты осылай басталады. Қандай тамаша сурет. Шөлейт далада шекеңізден күн өтіп тұрғандай күй кешесіз. Иә, болмаса, Сәкен Сейфуллиннің "Тау ішінде" әніндегі "Тыңдарсың кірпік қақпай ояу жатып" деген бір жолдың өзі көз алдыңызға қандай әдемі бейнені елестетеді. Сіз айтқандай, сөздің дәлдігі мен мінсіз көркемдігі осындай болса керек-ау деймін. Бейнелеп айтқанда, жазушының жан дүниесінде талғам мен ақыл таразысы болады емес пе. Сол таразыға тартылып шыққан таза ой, сурет, теңеулер әрдайым оқырманның көңілінен шығып жатады. Негізі, сөз мәдениетін сақтау парыз деп ойлаймын.
С.Сыбанбай: Қалыптасқан сөз тіркестерін бұзу абырой әпермейді. Жақсы көретін жазушым Рахымжан Отарбаев маған несімен ұнайды? Қазақтың сөз тәртібін бұзбай-ақ жаңа тіркестер жасай біледі: былайғы жұрт жадағай шолып, жалаң баяндаумен шектелетін тұстарды, асығыс айтып, жай сөзбен судыратып өте шығатын көріністерді ол басқаша кестелейді, қазақы нақышпен әдіптеп, сөзбен сурет салады. Ол кісінің жазуында пойыз күншығысқа бет түземейді, "…қайыстай созылып күнге маңдай төсейді" ("Атырау-Алматы пойызы"), күн батып бара жатпайды, "батысқа еңбектей жығылады" ("Жасырынбақ"), ауыл теңіз жағасына қоныс теппейді, "теңіз тамағына төніп отырады" ("Біздің ауылдың амазонкалары"), үйге кіріп келген кісі жай "малдас құра" салмайды, "екі бұтын құшақтастырып отыра кетеді" ("Американың ұлттық байлығы").
Яғни Рахымжан Отарбаев әбден көз үйреніп, қалам қалыптасып кеткен бейнелеу әдістерінен, сіңісті суреттеулерден, дағдылы сөз тіркестерінен әдейі қашады. Таптаурын тәсілдерден үнемі іргесін аулақ салады. Тың теңеу, соны сипат іздейді. Жазушыларымыз қазақ сөзінің әдебін бұзбай, осылай сөз ойната білсе, әрине, қолдаймын. Ал жұрт құлағына сіңген тұрақты сөз тіркесін қолдан шырылдата ажыратып, жасанды тіркес жасаудан аулақ болғандары жөн деп білемін.
Жазушыға, әрине, сюжет құрау, кейіпкер сомдау, образ жасау, ой тереңіне үңілу – бәрі керек. Бірақ бастысы – тіл екенін ұмытпаған жөн. Тіл болғанда, "сөз біледі екенмін" деп салалас-сабақтас-құрмалас сөйлемді орынды-орынсыз қолдану емес. Сөз бен сөздің ұйымдаса-үйлесе жымдасып кетуін қадағалау. Франсуа Ларошфуко айтады ғой: "Шешендік деген – ең қажет нәрсені ғана айту, артық ештеңе айтпау" деп. Осы сөз – менің басты ұстанымым.
С.Ақтай: Менің ойымша, жазушының тілдік нормаларды бұзуы немесе жаңа мағыналар жасауы тек стилистикалық ерекшеленуді ғана білдірмейді. Әрине, бұл жазушының ниетіне де байланысты. Егер ол өзге авторлардан жаңа формамен ерекшеленемін немесе оқырман ойында солай жатталамын деп әрекет ететін болса, ол жоғарыда аталған аксиологиялық жазу ниетін көздесе керек. Ал егер жаңа тарихи шындыққа сай жазу жолында күрес жүргізу ойынан туса, бұл орынды деп есептеймін. Тіл өзгеруге қабілетті феномен, ол жаңа сөздерді де қабылдай алады, керек болса, ығыстырып та тастайды. Кей жазушылар тілдің белгілі бір қатып қалған формаларын тірілту үшін мұндай қадамға барады. Кейбірінде ол хаос болып шығуы да ғажап емес. Әдебиетті сөздің дәлдігі қатар жүру керек деген өте даулы сөз. Себебі әдебиет – ол аударма емес, дәл мағынаны беру-бермеу – жазушының өз көркемдік шешімі. Бізде әдебиетте көркем жазуды әдебиеттің басты объектісі етіп алған, оның артынан жазушының формасы мен стилі сөз болады. Ақын Стефан Малларме әдебиетте объектіні "өлтіріп", сол объектіге айналған сөздерді жоюға тырысты. Менің ойымша, егер жазушыны көркем әдеби тілді дұрыс қолдану-қолданбау тұрғысынан ғана бағалайтын болсақ, оны объектизациялауға жол беріп отырмыз деген сөз. Ол жазушы еңбегіне ешқашан әділ баға бере алмасы анық.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ