Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 12 Маусым 2025

«Жемқорлық па, әлде қажеттілік пе?»: «Самұрық-Қазына» сынға жауап берді

Жақыпов
Фото: zhasalash.kz

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры соңғы кезде қоғамда қызу талқыға түскен «бір көзден сатып алу» тәжірибесіне қатысты түсініктеме берді. 

Қор басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, сатып алулардың басым бөлігі — халық игілігі үшін жасалып отырған қажетті шара.

Жақыпов мәлімдегендей, қаржы жылының қорытындысына арналған брифинг кезінде қордың жалпы сатып алуларының шамамен 60%-ы «бір көзден» жүзеге асқаны рас. Бірақ ол бұл көрсеткішті «әдіснаманың ерекшелігімен» байланыстырды.

- Бұл 60 пайыздың немесе 2,2 триллион теңге сатып алудың неден құралғанын қарайықшы. Оның ішінде 1,3 триллион теңге холдинг ішіндегі сатып алулар. Холдинг ішіндегі кооперация біздің бизнестің ажырамас бөлігі және ол өте маңызды. Мысалы, «ҚазМұнайГаз» мұнай өндірді және оны «А» нүктесінен «Б» нүктесіне құбыр арқылы тасымалдау керек. Он нарыққа шығып, тендер жариялай алмайды. Ол өзінің еншілес компаниясы «ҚазТрансОйл» барады. Ол құбырлар жүйесіне иелік етеді және сол мұнайды тасымалдайды. Басқа мысал, «Богатырь» көмір өндіреді. Ол көмірді Алматыдағы жылу электр станциясына жеткізу керек. Егер ол тендер жарияласа, оны жеңімпазы бәрібір айналып келіп біздің ҚТЖ-ға келеді. Бірақ делдалдың үстіндегі табысы үшін алматылықтарға көмірдің бағасы қымбатқа түседі, - деді Нұрлан Жақыпов.

Сонымен қатар ол көмір тасымалдау мен табиғи монополиялардан сатып алынатын коммуналдық қызметтер де бір көзден алуға жататынын атап өтті.

Су тасқыны кезіндегі төтенше жағдай да бұл тәсілді қолдануға итермелеген. Жақыповтың айтуынша, 364 миллиард теңге дәл осы табиғи апат кезінде жұмсалған.

«Ол кезде тендер өткізіп отыруға уақыт болған жоқ. Адамдарға шұғыл көмек көрсету қажет болды», - деді ол.

Нұрлан Жақыпов қор алдағы уақытта бір көзден сатып алулардың үлесін азайтуға ниетті екенін де мәлімдеді. Қор ашықтық пен тиімділік қағидаттарына басымдық беретінін айтып, болашақта жаңа тәсілдер енгізілетінін жеткізді.

Алайда бұған дейін Мәжіліс депутаттары «Самұрық-Қазынаның» сатып алулары жемқорлық қаупін тудыратынын ашық айтып, бір көзден алу жүйесін сынға алған болатын. Бұл сынға қоғам тарапынан да үн қосылды.

«Самұрық-Қазына» қоры бірнеше жылдан бері сынның нысанасына айналып келеді. 

Егер осындай категорияларды алып тастасақ, онда 2024 жылы бір көзден сатып алу бойынша жұмсалған қаржы 255 миллиард теңге немесе жалпы сатып алулардың 60 пайызын емес, 7 пайызын құрайды, - деп өзінің есебін жасады қор басшысы.

Айта кету керек, қорды трансформациялау жөніндегі алғашқы талпыныстар осыдан он жылдан астам уақыт бұрын басталған. Ол кезде халықаралық қаржы институттары мен алпауыт инвестициялық қорлардың қатысуымен кеңестер өткізіліп, Temasek, Khazanah, Qatar Investment Authority сынды құрылымдардың тәжірибесі зерттелген.

Бүгінде «Самұрық-Қазына» – еліміздің стратегиялық активтерін басқарушы және іс жүзінде «екінші Ұлттық қор» саналады. Сондықтан оның қызметі мен ашықтығы – тек экономикалық емес, саяси маңызы бар мәселе болып отыр.