Қоғам

Жемқорлықпен күрес нәтижелі ме?

Жемқорлық жегіқұрт сияқты. Түскен жерін кеміріп жеп, опырып тынады. Қазақстан жемқорлықпен күресте сылбырлық танытпай, барынша ширақ жұмыс істеп отыр.

Жемқорлықпен күрес нәтижелі ме?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі аймақтар бойынша үнемі жедел ақпарат таратып, парақорлықтың алдын алудың жолын қарастыруда. Қоғамды ақпараттандыру жеткіліксіз. Жасалған жұмысты көрсетіп, жариялап отыру – қоғамды дендеген дерттен құтқаратын нақты қадам. Біз сыбайлас жемқорлық бойынша қалалар мен облыс-аймақтарда атқарылып жатқан соңғы жұмыстардың бірнешеуіне тоқталдық.

Нұр-Сұлтан қаласы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мынадай қылмыстың бетін ашты. Сотқа дейінгі тексеру кезінде халыққа қызмет көрсету орталығындағы мамандар мен полиция қызметкерлері бірігіп, көліктерді тіркеу кезінде заңсыз жолмен ақша алып отырған. Агенттік осы жүйедегі баюдың жолын тапқандарды әшкерелеп, қылмыскерлердің жолын жапты.

Тергеп-тексеру кезінде Нұр-Сұлтан қаласының №2 арнаулы халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері мен Алматы облысы полиция департаментінің мемлекеттік автоинспекторы екеуінің сыбайласып, парақорлыққа жол бергені, заңсыз ақша алып отырғаны анықталған.

Әлгі күдіктілер шетелден әкелінген көліктерге мемлекеттік нөмір беру үшін мемлекетке төленетін ақшаларды машина иесіне төлеттірмей, тұрақты түрде ақшалай сыйақы алып отырған. Қысқаша айтқанда, пара алу арқылы автокөліктерді тіркеп, мемлекеттік нөмір беріп, құжаттарын заңдастырып отырған. Бұл әрине заңды белден басу, заңсыз тіркеу деген сөз.

Осы іске байланысты 14 тамызда күдіктілер қамауға алынған. Мына масқараны қараңыз, тергеп-тексеру кезінде күдіктілер бүкіл республика бойынша 500-ге жуық автокөлікті заңсыз тіркегені анықталды. Әрине, 500 көлікті бір-екі адамның заңсыз тіркемегені анық. Іс ары қарай тергеп-тексеріліп жатыр. Күдіктілердің сыбайластары республика бойынша іздестірілуде.

Ақмола облысы

Екінші оқиға. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мүгедектерді «жеп» келген мемлекеттік қызметкерлердің жолын кесті. Күдіктілер тағы да халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары. Бұл оқиға Ақмола облысында тіркелген. Жүйе былай: ХҚКО мамандары мүмкіндігі шектеулі, яғни мүгедек азаматтардан паспорт пен жеке куәлікке төленетін мемлекеттік салықтарды еш негізсіз, заңсыз алып отырған. Сау адамды емес, мүгедек адамды жегеннен кейін, халыққа қызмет көрсету орталығына қайдан сенім болсын?

Соңғы тергеу нәтижелері мен талдау кезінде 500-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығы бұзылып, заңсыздыққа тап болғаны белгілі болды. Еске сала кетсек, Салық кодексінің 622-бабына сәйкес, біз атап айтқан азаматтар әртүрлі құжаттар алу үшін мемлекеттік салықтарды төлемейді. Қазіргі таңда азаматтар төлеген ақшаларды қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Заңсыз төленген ақшаның көлемі – 1 345 000 теңге.

Жамбыл облысы

Үшінші жемқорлық дерек – Жамбыл облысында тіркелген. «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер» дегендей, Жамбыл облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы алаяқтық жасап қылмысты болыпты. Тексеру комиссиясының төрағасы Жанатбек Жапаров қандай алаяқтық жасауы мүмкін?

Ол 2020 жылы қыркүйекте бір кәсіпкерден субсидияның есебіне көз жұма қарап, сол «жақсылығы» үшін 3 миллион теңге алыпты. Сөйтіп, парақор басшы 3 миллион теңге аламын деп, 45 миллион теңге айыппұл арқалап шықты. Қазақ ондайларды «Мүйіз сұрап, құлақтан айырылды» дейді. 

Параны беретіндер де, алатындар да қазір амалын табады. Мысалы, субсидия Қазақстанда өте даулы әңгіменің бірі. Бұған дейін де талай мемлекеттік қызметкер қорасында малы жоқтарға миллиондап субсидия беріп, ауыл шаруашылықпен айналыспайтын кейбір пысықтармен бірлесіп, мемлекет қаржысын талан-таражға салып, істі болған-ды. Жапаров соның бірі ғана.

Көкшетау

Келесі алаяқтық әрекеті Көкшетаудың жер қатынастары саласының қызметкері жасаған. Шілденің 8-күні Көкшетау қалалық соты жер қатынастары басқармасының сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісіне үкім шығарды. Сот Асхат Вазировқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салды. Одан бөлек, келтірген шығындарды 10 есе көлемінде өтеуге міндеттеді. Сөйтіп, ол енді мемлекетке 10 млн теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.

Вазиров не бүлдіріп жүр? Құзырлы қызметтер таратқан ақпараттарда Асхат Вазиров өзінің қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланған. Екі кәсіпкерге қосымша жер телімін алуға көмектесемін деп, 1 млн теңге пара алған. Пара аламын деп қылмысқа шатылды деген осы.

Қостанай облысы 

Қанттан ши шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті Қостанай облысында бағаны тұрақтандыруға арналған қантты бөлуде алаяқтық жасаған.

Қылмыс жүйесі былай: Қостанай облыстық әкімдік қызметкерлері мен «Тобыл» компаниясының қызметкерлері өңірдегі қант жетіспеушілігін асыра пайдаланған. Олар сыбайласу арқылы облыстық бағаны тұрақтандыру қорынан қанттың әр келісін 420 теңгеден кезектен тыс алған және нормадан артық алып кәсіпкерлерге берген. Бұл «жақсылығы» үшін кәсіпкерлер әкімдік қызметкерлері мен әлгі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметкерлеріне алғыс ретінде 500 келіге дейін қант беріп отырған.

Ал қантқа қолы жеткен кәсіпкерлер бағаны тұрақтандырудың орнына, қалтаның қарекетін қылған. Қанттың бағасын 100 пайызға көтеріп, пайда тауыпты. Тергеп-тексеру кезінде тұрақтандыру қорының қойма меңгерушісінің жеке гаражынан 900 келі қант шыққан.

Тегтер: Без Тега
Кемел Жан
Кемел Жан Кемел Жан

Оқыңыз