Жириновскийді түсінде шошытқан Жаңа Түрік империясы елес емес
Баспасөз беттерінде Түркия «бауырлас» мемлекет Әзірбайжанды өзіне қосып алғысы келеді деген кәдімгідей батыл пікірлер пайда бола бастады.
Армениямен соғысты сол үшін бастап жіберді деседі. Мұндай пікірдің қаншалықты жаны бар екенін пайымдап көрелік.
Түркияның экспорттаушылар қауымдастығының ресми деректері бойынша, 2020 жылдың қаңтарынан бері Анкараның Әзірбайжанға жеткізген әскери тауар-өнімдерінің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда алты есеге (!) өскен – 20 миллион доллардан 123 миллион долларға дейін бірақ секірген екен. Мәселен, тек 2020 жылдың қыркүйек айында ғана түріктер өз одақтастарына 77 миллион доллардың қару-жарағын жөнелтіп жіберіпті.
Түркия бұл соғысқа сонша қаражатын неге аямай төгіп жатыр? Оларды тек «бауырлас Әзірбайжанға көмектесу» немесе Армениядан Таулы Қарабақты тартып алу керек деген қарабайыр мақсат жетелемесе керек. Трамп тарапынан «геосаясаттағы шахматшы» деген жоғары баға алған Ердоған ұсақ жүріс жасамас.
Бұл арада Анкара жаһандық деңгейдегі ұлы мақсаттарын көздеп отырған болуы да мүмкін. Ендеше Түркия Әзірбайжанды өзіне қосып, «үлкейіп» алуды көздейді деген пікірмен санасу қажет. Бұған дейін де, нақтырақ айтқанда, 2014 жылы Әзірбайжан Меджлисінің бір топ депутаты Анкарамен бірлесіп, «бір ұлт – біртұтас армия» деген формуланы жүзеге асыру бастамасын көтерген болатын. Бұл талабының орынды екенін дәлелдеу үшін депутаттар 2013 жылы Молдавия мен Румыния арасында осыған ұқсас әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанын алға тартқан. Саясаткерлер мұндай аса маңызды тақырыпты бекер көтермейтінін ескерсек, біртұтас мемлекеттің ауылы шынымен де алыс емес сияқты.
Ал делік, Әзірбайжанды Түркиясына қосып алған Ердоған не ұтады? Ұтатыны көп екен. Әзірге Түркияның қолы жетпей тұрған мұнайға бай Каспий теңізіне тікелей иелік етеді, геосаяси маңызы зор құбырларымен бірге. Сосын Каспий жағалауына Түркияның әскери базаларын орнату мүмкіндігін алады.
Анкараның Қарабақ үшін соғыста Әзірбайжанды қолдап отырғаны аздай, қақтығыс аумағына Сирия мен Ливиядан ислам содырларын жөнелтіп жатқаны «НАТО екі тарапты қарулы қақтығысты тоқтатып, мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырады» деген мәлімдеме ұстанған Еуроодаққа ұнамады. Түркияның ықпалымен Сириядағы террористердің Қарабаққа келіп жатқанын алдымен, Сирия араб республикасының президенті Башар Асад хабарлаған. Бұл ақпаратты растаған Ресей сыртқы барлау қызметінің басшысы Сергей Нарышкин тіпті «қақтығыс аймағына мыңдаған радикалдар тартылуда» деген ақпаратты қоса берді.
Бірақ Түркия мұндай делдалдығы үшін НАТО құрамынан шығара қоймас. Анкараны Сирияда күрдтерге қарсы әсери операция жасағанда да, Ресейден С-400 зениттік-зымыран кешендерін сатып алғаны үшін де альянстан шығармақ болған, бірақ шығара алмады. Батыс «альянстан шығару» туралы ақпараттық-психологиялық қысым көрсеткендей болып күжірейгенмен, сөзден әріге бармайды. Өйткені Түркияны НАТО құрамынан шығаратын нақты заңды тетік жоқ. Оның үстіне, НАТО үшін Түркия тым маңызды серіктес. Альянстың барлық мүшесінің ішінде тұрақты армиясының саны жағынан Түркия екінші орында. Әскери қорғанысы мен әскери әлеуеті бойынша Түркия әлемдегі ең үздік ондыққа кіреді. Сосын Анкара Таяу Шығысты айтпағанда, НАТО мүшесі ретінде Қара теңіз, Жерорта теңізі мен Казваз өңірінде Ресейді ауыздықтау фукциясын атқарады. Бұл жағынан Түркия НАТО-ға өте керек, ендеше Ердоған мен Батыс әлемі арасындағы қазіргі келіспеушіліктің жарасы тым жеңіл деуге келеді.