Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:03, 07 Қараша 2023

Жұмаділдаев армандаған журнал

Асқар Жұмаділдаев
Фото: из открытых источников

Өткен жексенбіде еліміздің ақпарат айдынына жаңадан қосылған ғылыми-танымдық журналдың тұсаукесері өтті. Атауы – «әл-Жәбрдің атасы». Қараша айындағы бірінші нөмірі 2000 данамен жарық көрген журнал екі айда бір шығады деп жоспарланып отыр. Редакция өкілдерінің сөзінше, жазылым құны, таралым саны әлі де нақтыланады.

ҚР президенті жанындағы ҰҒА-мен бірігіп жобаға қолдау көрсеткен Qalan оқу орталығының өкілі Асылтай Тасболат: «Журналдың басты мақсаты – жеткіншектерді ғылымға баулу. Ал коммерциялық мүдделер кейін барып ескеріледі, біздің мақсатымыз ақша табу емес», – десе, журналдың шығарушы редакторы Оралай Алейдарова: «Қазір балаларға арналған басылымдар бұрынғымен салыстырғанда аз. Контент көп болғанымен, сәттісі, салмақтысы сирек. Сол себептен де журналымыздың авторлары ғылымды балаларға қызықты етіп беруге барынша тырысуда. Осы мақсатта материалдардың мазмұнына сай толық иллюстрация жасадық, дизайнға да баса мән берілді», – дейді.

«Әл-Жәбрдің атасын» қолымызға алып, парақтап шықтық. Атауы айтқандай-ақ, ішкі мазмұны тұтас ғылыми бағытта. Тақырыптар мен суреттердің өзі менмұндалайды. Түрлі ағылшынша терминдер мен түсініктемелер, графикалар мен формулалар, оқырманмен кері байланысқа негізделген тапсырмалар, есептер расымен бөлек бір атмосфера түзген. Соның әсерінен болуы керек, күнделікті танымдық журналдардан ерекше. Осындай бүкіл республикаға тарайтын ғылыми басылымдардың үзілген жолын жалғау математик-ғалым, қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаевтің көптен күткен арманы екен. Айтуынша, «әл-Жәбрдің атасы» деген атаудың өзі үлкен мағынаға ие. Журналдың тұсаукесерінде атауына қатысты және өзге де сұрақтарымызды ғалымның өзіне қойып, едел-жедел сұхбат құрдық.

– Журналдың атауы сондай ерекше. Ал мағынасы қандай?

– Біздің Аралдың бойында туған, Иран мен Тұранға ғана емес, әлемге ортақ ғұлама әл-Хорезми бүкіл жаһандық өркениетке үлес қосқанын білеміз. Оның «Әл-жәбр уә-л муқабәла» (Толықтыру және теңдестіру арқылы есептеу туралы қысқаша кітап) деген атақты кітабы бар. Осындағы «әл-жәбр» сөзінен келіп қазіргі «алгебра» сөзі қалыптасыпты. Мұны бірі білсе, бірі біле бермейді. Яғни журналдың атауы алгебраның атасы, математиканың немесе есептің атасы деген мағынаны береді. Бір жағынан әл-Фарабиден де бұрын әлемдік цивилизацияға әсер еткен әл-Хорезмидің математика ғылымына сіңірген еңбегін осылайша көрсеткіміз келді.

– Цифрлық контент пен әлеуметтік желілер, видеохостингтер баланың назарын жаулап алған бүгінгі заманда оларды қандай тәсілмен ғылыми, танымдық журналдарға, зияткерлік дүниелерге қызықтыра аламыз?

Мойындауымыз керек, қазір расымен де ғылым жөніндегі журналдарға сұраныс жоқ деуге болады. Неге екені белгісіз, біздің балалардың бәрі әнші болғысы келеді, ақын, әртіс болғысы келеді. Ал ғылымға ұмтылатындар саусақпен санарлық. Журналды шығаруға себеп болған да сол. Жеткіншектердің ғылымға, технологияға деген қызығушылығын арттыру қажет. Мәселен, мен де алысқа шықпаған ауыл баласы едім. Өз кезегінде мені ғылымға жетелеп әкелген осындай журналдар. Біз оқитын екі-үш газет-журнал болатын. Олар: «Қазақстан пионері», «Балдырған», «Білім және еңбек». Сол «Білім және еңбектің» жабылып қалғанына отыз-қырық жылдай болды. Жолы үзіліп қалды. Қазір Қазақстанда 10 мыңнан аса газет-журнал шықса, соның арасында ғылымға арналған бір журнал, бір газет жоқ. Бұл жақсылықтың нышаны емес. Ғаламтордан бәрін табасың дегенмен қағаз журналды іздейтіндер де бар екен. Сондықтан баланың назарын цифрлы контенттен білімге аудару үшін ең алдымен сапалы журнал, қызықты материалдар қажет. Ол үшін ойлау жүйемізді, психологиямызды, тілімізді жаңа заман мен технологияға лайықтап өзгертуіміз керек. Терминдер мен ғылым тілі қазақшаланса құба-құп. Одан қорқатын ештеңе жоқ.

– «Қазақстанда ғылыми атмосфера қалыптаспаған, ғылымға қызығушылық аз, кадр тапшы, себебі салаға келетін жастар жоқ» деген пікірлер жиі айтылып жатады. Ал осы секілді ғылыми журналдар аталған мәселелерді шешуге септігін тигізеді деп айта аламыз ба?

– Жалғыз журнал ештеңені шешпейді. Ал егер ғылыми басылымдардың қатары артып, «әл-Жәбрдің атасына» бәсекелестер пайда болса, олардың інісі, қарындасы, қосымшалары шықса ғылымға қызығушылықтың артуына септігін тигізері сөзсіз. Математика, химия, физика, биология, барлық саланы алғанда ең кемі он журнал ғылыми бағытта шығып тұрса керемет қой. Ал «әл-Жәбрдің атасы» солардың басы. Сондықтан да арқалаған жүгі ауыр. Әрі «халықтық журнал» деген ат беріп отырмыз. Неге? Егер бір маман шығып осы мәселені көтеремін, балалар білуі керек мынадай ақпараттар бар десе, тарихшы болсын, басқа болсын, біз оны шығарамыз. Тіпті алыс-жақын шетелдерден де авторларды тартамыз. Осылайша, журнал халықтық журналға айналып, Орта Азиядағы өзге де тілдерде шыққанын қалаймыз. Өйткені жастарға арналған ғылыми-танымдық басылымдардың болмауы қазақ қоғамына ғана емес, өзге көрші мемлекеттерге де тән проблема. Сөйтіп, түбінде физика-математикадан бөлек ғылым мен технологияның барлық саласын жастар ұғымына лайық етіп сөйлете алатын журнал болғанын армандаймын. Міне, алғашқы саны шықты, тұсауы кесілді. Көріп отырғандарыңыздай, көпшіліктің ниеті жаман емес. Қалай жазыламыз деп сұрап жатқандар көп. Оған байланысты детальдар жақында жарияланады. Одан бөлек, алдағы уақытта онлайн платформамыз да ашылады. Журналға қосып, цифрлық нұсқаны да дамытамыз.

– Журналдың бірінші санында бірнеше материалыңыз жарияланыпты. Ары қарай да автор ретінде жаза бересіз бе?

Әрине. Себебі ғылымды жазатын авторлар жоқтың қасы. Алдағы уақытта да өзім автор ретінде жазып, әртүрлі атпен шығара беремін. Өкінішке қарай, бізде ғылымды жазатын журналистер жоқ. Бәрі айтысты жазады, тарихты жазады, басқаны жазады, бірақ ғылымға қалам тартатындар төбе көрсетер емес. Егер ғылымды жазатын мамандар шыға бастаса, мен бәрін тастап, орнымды босатамын.

       Баян Мұратбекқызы