Журналист Лұқпан Ахмедияров куәлігін қайта алғанын мәлімдеді
Журналист Лұқпан Ахмедияров Астана полициясы оның Ресейде халықаралық іздеуде болуына байланысты жүргізуші куәлігін ауыстырудан бас тартқанын айтқан еді.
28 тамызда ол полиция қателігін мойындап, құжатын қайта рәсімдеп бергенін хабарлады.
Ахмедияровтың сөзінше, таңертең оған полиция полковнигі хабарласып, кеше жүргізуші куәлігін ауыстырудан бас тарту негізсіз болғанын айтқан. Оның түсіндіруінше, Ресейдегі халықаралық іздеу жүргізуші куәлігін ауыстырудан бас тартуға заңды негіз бола алмайды.
Журналист өтінішін қайта тапсырғаннан кейін шамамен жарты сағат ішінде жаңа жүргізуші куәлігінің дайын болғаны туралы хабарлама алған.
Ахмедияров бұл жағдайды «жеңіс» деп бағалап, өзін қолдаған және мәселенің көтерілуіне үн қосқан азаматтарға алғыс айтты.
«Бұл жағдай мәселенің болғанын және оның тек көпшілікке жария болғаннан кейін шешілгенін көрсетеді», - деп жазды журналист.