Қоғам

«Жүрегі соғып тұрса да аппаратты өшірді»: Ербаян Мұхтардың анасы ұлының өліміне қатысты тексеру жүргізуді талап етті

Әскерде ауыр жарақат алып, үш жылға жуық уақыт бойы комада жатқан Ербаян Мұхтардың қайтыс болуына байланысты жаңа мәліметтер жария болды. Марқұм сарбаздың анасы ұлының өліміне қатысты барлық жағдайдың мұқият тексерілуін талап етіп отыр.

Ербаян Мұхтар

Әлеуметтік желілерде Ербаянның ауруханада жатқан кезінде түсірілген видео тарады. Кадрларда сарбаздың ата-анасы дәрігерлерден ұлын не себепті аппараттан ажыратқанын сұрап, оның денесі әлі жылы болғанын және жүрегі соғып тұрғанын айтқан. Ал медицина қызметкерлері сол сәтте науқастың өмір белгілері тоқтағанын жеткізген.

Марқұмның туыстары ауруханадағы бірқатар жайтқа да назар аударды. Олардың айтуынша, палатадағы бейнебақылау камералары жұмыс істемеген. Соның салдарынан отбасы Ербаянға кімдердің кіріп-шыққанын және оған қандай медициналық күтім көрсетілгенін растайтын жазбаларды ала алмаған. Сарбаздың ағасы да өз күдігін білдірді. Оның сөзінше, Ербаяндың тыныс алуына арналған түтіктің іріңге толып қалғаны анықталған. Осыған байланысты марқұмның жақындары оның қайтыс болуына қатысты барлық мән-жайды жан-жақты зерттеп, тәуелсіз тексеру жүргізуді талап етіп отыр.

Еске салайық, Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін Ербаян Мұхтардың 2023 жылы әскери қызмет кезінде алған ауыр бас-ми жарақаты салдарынан ұзақ уақыт вегетативтік жағдайда болғанын мәлімдеген еді. Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы маусымда науқастың жағдайы күрт нашарлап, сепсис пен көп ағзалық жеткіліксіздік дамыған. 23 маусым күні оның биологиялық өлімі тіркелді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз