Қоғам

Журналист Динара Егеубаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалды

Журналист Динара Егеубаева жол-көлік оқиғасынан кейін өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.

Динара Егеубаева

Оның айтуынша, іс Қылмыстық кодекстің 345-бабының 1-бөлігі – жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіру фактісі бойынша тіркелген.

Динара Егеубаеваның сөзінше, арызды бірнеше күн бұрын оның көлігімен соқтығысқан велосипедші берген. Журналист велосипедшінің қарсы бағытта қозғалып, көлікке жақындағанда жылдамдығын төмендетпегенін айтты. Ол өз сөзін бейнебақылау камераларының жазбалары дәлелдейтінін мәлімдеді.

«Үш күннің ішінде әкімшілік іс қылмыстық іске айналды», – деп жазды журналист.

Сондай-ақ Егеубаева өзіне Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынғанын хабарлады. Оның айтуынша, тергеуші жария етпеу туралы қолхатқа қол қоюды талап еткен, алайда ол одан бас тартқан.

Журналист бұл істі өзіне жасалған қысыммен байланыстырып, болған оқиғаны арандату деп бағалайды. Сонымен қатар аталған жайтқа қатысты құқық қорғау органдары әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз