Зубайда САХИҚЫЗЫ. Сұлба-ғұмыр
СҰЛБА-ҒҰМЫР әңгіме– Келін, терезенің алдында состиып не істеп тұрсың?
Көрпелерді қағып-сілкіп, менің шайымды демде! – Ұрқияның даусы бүгін күндегіден де қатқыл. «Келін» демесе, мен бұл үйге келін екенімді ұмытып кетеді дей ме, неге сонша азан-қазан шу көтереді екен?» деп іштей кейіген келіні тұрған орнынан жылдам көтеріле қоймады. Айы-күні жетіп отырған Гүлзираға енесі Ұрқия мүлде суық қарайтын. Бағын ұрлатқандай о бастан-ақ мұны мүлде жақтырмады.– Той жасап, бұл қатынға қанша дәулетімізді шаштық? Енді жүкті деп жатқызып қоюым жетпеп еді? Тез қимылда да, үйдің ішін ретте! – Енесінің айғайынан соң гүлдерін баптап, терезенің алдында байыз тауып тұра алмасын білген Гүлзира қаздай мамырлап тірлікке араласып кетті. Көрпелер мен төсеніштерді ішіне салып көтеріп, сыртқа тасыды. Оларды шаңынан арылтып, әлі жеткенше қаққансыды. Ойламаған жерден көршісі кіріп келмесі бар ма? Гүлзира іштей қуанып кетті. Осы бір жылы жүзді әжейді алғаш көргеннен-ақ ұнатқан. Өзі мейірімі көзінің шарасынан төгіліп тұратын ізгі жан. Шіркін, енесі осындай болсашы!– Гүл қызым-ау, аузы-мұрныңнан шығып отырып, үйді жуып-шайғаның не? – Әжей мұны көре сала қамқорси сөйлеп, жай-жапсарды білмек болып шұқшиды.– Апа, – деді Гүлзира кенет жыламсырап, – апа… – Жас келіншектің өксік аралас үні кілт үзілді. Ту сыртынан баж еткен Ұрқияның даусы сөзін бөліп жіберді.– Әй, тексіз қатын, сен менің үйімде көршіме мені жамандап тұрмысың? Арсыз, шешеңнің ерте өліп қалғаны осы қылығыңнан ғой. Кәне, кір үйге!– Ұрқияш-ау, күні таяп отырған келініңді сонша неге жәбірлей бересің? Өзің де анасың ғой. Бұл байғұс тіпті сені сөккен де жоқ, – деп шырылдаған көршісіне де құлақ аспастан есігін тарс жапты. Сарт етіп жабылған есік солқылы Гүлзираның тәлкек тағдырын мазақ еткендей біразға дейін дірілдеп тұрғандай көрінді. «Апа, деді ішінен қыстығып, анашым, неге менің бойжеткен күнімді қызықтамастан тастап кеттің? Неге сонша түнек тылсымға асықтың? Дертіңе дауа таппай тағдырыма лағнет айтқан сол күні жүрегіме бір шеменді байлап едім.» Қатерлі ісік ауруы анасын тез-ақ алып жыққан болатын. Содан бері бір ашылмаған жетім көңілі Арманды көріп, жұбанғандай еді. Ұзын бойлы, сымбатты жігітті алғаш көргеннен-ақ жақын тартып, тез-ақ шүйіркелесіп кеткен. Бүкіл асыл сезімдерінің арнасына Арман деп ат қойған. Оның қабағын кірібің шалса, жаны қысылатын. Арманының жүзі жадыраса, бақыт атаулы қолына қонғандай шаттыққа кенелетін. Алматы кешін серуендеуге шыққан бір күнде Арман тосыннан Гүлзираны үйіне ертіп апарып, «болашақ келіндерің» деп таныстырған. Сонда осы Ұрқияның асаудай тулағаны әлі көз алдында. Ұлын мөлдіреген жас қыздан қызғанды ма, әйтеуір ұзақ тұлан тұтты. Оған ерегескендей, Арман мұны үйінен қайтып шығармады. Өзі жоспарламаған тұста келін атанды. Әкесі Алдиярдың «қызым ақ көйлегін киіп, қалыңдық болып ұзатылмады-ау» деп көкірегін кере күрсінгенде, Ұрқияның айтқан мазағы санасында жатталып қалды. «Қызың өзі келген,» – деп еді сонда қанын ішіне тартып тұрып. Әкесі жас балаша жалынып, «туыс-туғаннан ұят болды, екі жақты таныстырып, кішігірім дастархан жасайық,» – деп қолқалады. Ақыры Ұрқия жетім қыздың тойындай етіп, он екіде бір нұсқасы жоқ дастархан жайғансыды. Бүгін бұлдаған базынасы сол болатын.– Сенің көз жасың кімге керек? Алматыны тентіреп кетсең де мейлі, бүгін үйімнен кетесің! – Шаңқ еткен қатқыл дауыстан егіліп жылап отырған Гүлзира есін жиып алды.– Апа, Арман жұмыстан келсін! Жалғыз өзім қайда барамын?– Қайда барсаң, онда бар! Тайып тұр! – Ұрқия келінін ұзын шашынан орамдай ұстап, босағаға қарай сүйрей жөнелді. Шермиген қарнын ұстап жасқанған келіншек дыбыс та шығара алмады. Аяғын әлтек-тәлтек басып Алматының күзгі жапырақтардан кілем жайылған көшесімен келе жатыр. Осы қалада көзін ашып, армандап бой жетіп еді. Енді сол сүйікті шаһары өзіне қас дұшпандардың қара түнек мекеніне айналғандай. Күзгі күн қанша күлімдесе де, бұған аяушылық білдірмейтін сыңаймен сәулесін мысқылдай шашып тұр. Жел де күңіреу үнін көміп, жұтып жібергісі келгендей, тоғай жапырақтарын тегіс сыбдырлатты. Кенет құрсағындағы жаңа адам қатты тепкіленіп қоя берді. «Мына қапас өмірге келуге сонша құштармысың, балам? Асықпашы. Әлі екі ай бар емес пе? Күн шуағы болса да қараңғы, жел лебі болса да қапырық мына өмірге келуге ынтықпай қоя тұршы.» Бетін жас жуған келіншек жерге жүрелеп отыра кетті. Жаңа адам анасын біржолата беймаза етті. Шөкелеп отырған жас әйелге назар салғандар болса да, көмекке ұмтылғандар көрінбеді. Қарыштай басқан аяқ алыстары мен түрлі-түрлі бәтеңкелерді көзімен шығарып салып отырған Гүлзираның иығынан бір әлуетті қол тартып қалды. «Арман ғой, Сүйіктім менің жан азабымды сезіп, жұмысынан сұранып келген болар,» –деп үміттенген Гүлзира қолдың иесіне жалт бұрылды. Үміті жалп етіп өше қалды. Арманы емес бұл. Бейтаныс жан «Жедел жәрдемге» қоңырау шалып тұр еді. … Мерзімінен ерте жарық дүние есігін ашқан ұлын көруге Арман еш асықпады. Ол жас тәнін тояттатуға Валя есімді орыс әйел тауып алды. Оның жанын тек Гүлзира түсінетіндей көрінгені бекер екен. Шаңырақ көтерген соң, Гүлзира бұл үшін бітпес дауға, айықпас дертті мәселелер қамалына айналған. Көбіне жылап күнін өткізетін әйелінен қашқақтай бастағаны да сол себептен еді. Ал Валя оған еркіндіктің, жалындаған жастық шақтың кілтін ұстатты. Ешбір жауапкершіліксіз, титтей де парызсыз жанында жүре беру еркекке таусылмас ләззат сыйлады. Бұл кезде Гүлзира әкесінің аядай үйінде тұңғышын жалғыз өзі қырқынан шығарды. Жиенінің атын нағашы атасы Асылбек деп қойды. Асылбек шала туғанмен өмірге тым құштар болып қара құлақтанып өсіп келе жатты. Алматының қарлы боранын үдеткен қысқы ақ таңдарда жас ананың тілегі – сәбиі әкесіз қалмаса етті деген бір ой болды. Ұзақ түнде әрең қылаң берген сұрқай таңда Арманын күтуден бір талмады. Кеш қараңғыланса, шамдай болып сәулесін төгіп келер деп және күтті. Бірақ сүйіктісі араға жеңгесін салып, «өзі келсін» деген суық пәрменін ғана жеткізді. Қосағын тағдыры деп таныған Гүлзира бұл шешімге титтей де қарсылық көрсетпеді. Бір-ақ күнде Алматыдағы көп пәтер жалдаушылардың бірі болып шыға келді. Дөңгеленген уақытта бір тыйым болсын ба? Күндер күңіреніп аптаны арқалап, айлар аһ ұрып жылдарды жылжытып жатты. Бар жаратылыс Гүлзираға қарсы тұрғандай ол екінші сәбиін күтіп жүргенде әкесі аяқ астынан бақилық болды. Тіпті ауырып төсек тартып жатпады. Ұйқыға жатып, сосын мүлде оянбады. Мұны да тағдыр ісі деп өзін іштей жұбатқан Гүлзира ендігі өмірінде бір-ақ тірегі – Арманы болатынын жақсы түсінді. Тек сол тірек еткісі келген жары көкірегінен итеріп, көңіліне қаяу сала берді. Шыдамының бүрме көйлегі сөгіліп, тігіс-тігісінен айырылып кетердей бір халге жетсе де, екінші ұлы дүниеге іңгәлап келгенде, тістене шыдап бақты. Бұл жолы Ұрқия дауылдата жетіп, жас шаңырақтың әптер-тәптерін шығарды.– Әй, Арман, сен мына делқұлы қатыннан не таптың? Екі жыл сайын күшіктеген бұл қатынға жас өміріңді қор етіп қайтесің? Одан да емін-еркін өмір сүр!– Апа,– деді сонда келін болып түскелі тұңғыш рет енесінің жүзіне тік қараған Гүлзира. – Қос перзенттің әкесі болған ұлыңызға ақыл айтудың орнына неге оны теріс жолға айдап салып тұрсыз? Көздегеніңіз не?– Мына мыстанға тіл бітейін деген не? Жүзіқара, ешкімі жоқ бейшара, балаларыңды тартып алып, өзіңді қаңғытып жіберейін бе?– Жоқ, – деді келіншек ышқынып. – Жоқ! Балаларымнан басқа ешкімім жоқ! Оларға жоламаңыз!– Онда менің еркіндігіме тұсау салмайтын шығарсың, – деген күйеуіне Гүлзира жалт бұрылды. О, тоба, кезінде өзін ғашық еткен ойлы жанарды шел басыпты. «Еркіндік» деп езуі көпіре сөйлеген санасыз өзінің Арманы ма? Әйел бақытының қолынан жылжыған құмдай сусып бара жатқанын бүкіл жанымен сезген Гүлзираның іші ұлып қоя берді. Дәрменсіз, қауқарсыз күйде тек іштей зарланып қала берді. Ұрқия масатты жүзбен шайын сораптап ұзақ отырды. Ұлының басына ашық бостандық әпергеніне өз-өзіне дән риза.Жалғанның жарығы өшкендей болып еді, екі жасар Асылбектің былдыр тілі әйелді қайтадан жарық дүниеге оралтты.– Апа, апа, беш, беш, – деп қыңқылдаған ұлын көкірегіне баса берді. Қалған өмірінде жар қызығын көрмесе де, аналық парызынан ешқашан бас тартпайтынын өзі де жақсы білетін.– Сен аспандағы айды әпер десең әпереді бұл анаң, – деді Гүлзира өзін де, ұлын да жұбата сөйлеп.– Иә, әпересің. Мынадай жалдамалы бір бөлмеде тұрып, туа берсең, ай түгіл шіріген шеңгелді де әпере алмассың, – деп шешесі мысқылдап еді, Арманның қоса күлмесі бар ма. Бұл табалаған, жанын азалы күйге душар еткен ащы күлкі Гүлзираны қайрай түсті. Ол іштей еңсесін көтеріп, тағдыр тақсыретінде жеңілмеуге ана махаббатымен өз-өзіне ант берді. Бұның балалары өз үйлерінде ер жетуі керек. Көрінгеннің босағасын сағалаған ит өмірді перзенттері сүрмеу кеерек. Осы ой қамшылаған Гүлзира ауылды жерге жұмысшы болып сұранып, біршама табалдырықты тоздырып, ақыры бір күнде ауылдың ақ жаулықтысы болып шыға келді. Өзегін өртеткен сол күні жаттай көрінген күйеуі неге екені белгісіз, әйелімен еріп, күріш алқабына жұмысқа орналасты. Оның қасында қарайып жүргені де дәтке қуат, көңілге демеу. Пияз алқабында кенжесін арқасына таңып алып, бел жазбай еңбек етті. Ақыры үй алуға жетер ақша жинадым-ау деген жылы Алматыға қайта қоныс аударды. Бұл кезде Ұрқия алпыстан асып, бетін шалбарланған әжім басқан кәдімгі кемпірге айналған. Жалғыз тұрғаннан ба, әрекеттері де бұрынғыдай оғаш емес. Түзеліп қалған сыңайы бар. Бұл оң райды сезген Гүлзира енесіне еш қабақ шытпастан, ауылдан келе сала, жинаған ақшасын енесінің қолына ұстатты. Ұрқия сәл ойланған болып біраз отырды. Арманды да жанына шақырып алып сөйлеп кетті.– Балам, менің қуықтай ескі үйім сендерге пана болып жарытпас. Одан да мына ақшаға қаланың ішінен жақсы пәтер қарастырыңдар. Оған дейін ақшаларың менің қолымда аманат болып тұра тұрсын. Үй іздеуді тіпті бүгіннен бастаңдар.– Не асығыстық, апа? Бес жыл шартты мерзімге кесілгендей ауыр жұмыс істедім. Енді еңсемді көтердім бе десем, сіз бір жақтан, келініңіз бір жақтан «тұрмысты оңда» деп қыспаққа ала бердіңіздер. Мен ескі достарыма барып қайтайын.– Арман, үй қарауға бірге шықпадық па? – Әйелінің сөзін жүре тыңдаған Арман шығып жүре берді.– Келін, көрдің бе, оның сенде көңілі жоқ. Одан да тыныш қана үйді босат та тайып тұр! – Ұрқия табан астында әбжылан кейпіне ене қалды. «Өзгерді, жақсы адам болды» деген енесінің сиқын көріп, Гүлзира жылап жіберді. Ақшасын қолынан тартып алу үшін, әдейі мейірімді ененің түрін танытқан екен ғой. Тағы да алданды. Бес жыл бойы тірнектеп жиған ақшасы көзден бұл-бұл ұшты.– Апа, өз балаларыңызға олай жасамаңыз! Менің ұлдарым – сіздің немерелеріңіз. Олармен пәтер жалдап қаңғи алмаймын.– Қаңғығанда қандай? Бәлкім, өзіңе тең бір еркекпен жолығарсың. Қатыны өлген шал болса да қол ұстасып кетерсің! – Ұрқия екі иығы селкілдей мырс-мырс күлді.– Менің өмірімде Арман мен қос ұлымнан басқа ешкім болмайды. Жылап отырып, өз ары алдында ант ішкен келіншек бұл үйдің өзіне пана болып жарытпайтынын аза бойы қаза болып отырып сезді.Амалын тауып, мына тозақ өмірден құтылса, шіркін! Әрі Арманы оңалар, ел қатарына қосылар деген дәмесі де жоқ емес-тін... Асылбекті балабақшадан алып қайтып келе жатып, басқа көшеге қиыстап түсіп кетті. Қайда бара жатқанын өзі де білмеді, тек анау Ұрқияның тамұқ мекенінен құтқаратын лашық болса да жетіп жатыр. Кібіртіктей басып келе жатып, төрт қабатты жатақханаға көзі түсті. Батыл басып, басшысына жолықты.– Барлық төрт қабаттың еденін жуып, дәретханасын тазалауға келіссеңіз, сізге бір бөлме беремін, – деді шашы сұйық жасамыс еркек. Гүлзира еш ойланбастан басын изеді. Бұл Ұрқиядан құтқаратын ғажап жол тәрізді көрінді.Оңаша тұрса, Арманмен арасы қайта жылынар, кім білсін… Балалары жетім баладай жұпыны киінбесін деп, жанын сала жұмыс істеді. Жатақхана еденін де жуды, дәретханасын да тазалады. Өзі балабақшада еден жуа жүріп, бос уақыт тапса, елдердің үйлерін әктеп, қосымша табыс тапты. Ұлдары әжептәуір киініп, көз алдында құлдыраңдап жүргенін көрсе, ана көңілі бір демделіп қалатын. Әйткенмен Арманмен арасы жылынар емес. Жылынбақ түгілі оның жүзін көру де арманға айналды.– Балалар, бүгін жексенбі. Екеуіңді оңаша қалдырамын. Сара тәтейдің үйін әктеп, жинап беремін. Сендер тоқаштарыңды жеп, тып-тыныш отырыңдар, жарай ма?– Иә, апа! Қайтарда балмұздақ әкеліп берші, – деп екі ұлы бірдей өтініш тастады. Қалай жоқ десін? Гүлзира күлімсіреп, басын изеді. Ал шаршап-шалдығып, қолына екі балмұздақ алып қайтып келгенде, ұлдары зар еңіреп отыр еді. Төбесіне жай түскендей болған Гүлзира буыны дірілдеп, жерге отыра кетті.– Құлындарым, не болды сендерге?– Әкем бізідің ойыншықтарымызды алып кетті. Орыс тәтеге кеттім деп есікті теуіп кетті. Ол енді келмеймін деді.– Асылбектің шала-шарпы түсіндіргенінен бір сұмдықтың ұшығын сезген Гүлзира орнынан атып тұрды.Айнала шола қараса, бөлмедегі қажетіне деп алған ескі-құсқы жиһаздары да жоқ. Тістеніп, ашудан қалш-қалш еткен келіншек есікті айқара ашып сәл тұрды да, оны Арман үшін қайта ашылмастай етіп қатты жапты. «Сұрқия ене, жүгенсіз күйеу. Осы ма тәңірден сұраған бағы? Қай күнәсі үшін жапа шегіп жүр? Бұға берсе, сұға береді екен. Еңсесін өзі тіктемесе, бөгде біреу келіп, қолын жылы суға салмасы анық. Рухыңды жи, Гүлзира! Еңсеңді көтер, Гүлзира!» Өз-өзін буырқанған намыс теңізіне тастап, есін жинаған әйел қос ұлын баурына басып, көктемгі кеші жадыраған Алматы аспанына үміттене қарады... … Күйеуі тірі болса да жесір, әкесі жер басып жүрсе де жетім атанғандар қаншама? Гүлзира сол сансыз тірі жесірдің санатында күн кешіп жүр. Намысын осқылаған қанжардай болып, соттың шақыру қағазы жылт етті. Күйеуі мұнымен ажырасқысы келеді екен. Әкелерінің атын ести сала, екі ұлы бебеу қағып қоя берді. Гүлзира ұлдарын әкелерімен қоштастырмақ ниетте сот залына ерте келді. Үзілмеген үмітінің соңғы талы дірілдеп, «сүйгенім қайта оралар ма» деп соңғы талшығына сүйеніп тұрды.– Әке, – деді Асылбек кемсеңдеп. – Неге кетіп қалдың?– Әкетай, – деді кенжесі жасы бетін жуып. – Бізді тастамашы!– Ары тұрыңдар. Шешелеріңнің ойыны ғой бұл. Мен қайтып келмеймін. Ол есікті жапқаным – сендерді ұмытқаным. Сот мырза, мені мына әйелден дереу ажырастырыңыз. Өз бақытымды тапқым келеді.– Қос бірдей ұлың бар екен. Әрі әйелің де ажырасуға бейілді емес. Мен сендерге ойлануға алты ай уақыт беремін. – Сот шешімінен соң алты ай мерзім ішінде өлмес үмітінің жібін қайта жалғаған Гүлзира тұрмысын оңдауға барынша тырысты. Адамның дегені болмай, Алланың пәрмені орындалды. Алты айда бір рет төбе көрсетпеген Арман ақыры келесі сот отырысында ажырасып тынды. Бұл кезде ат құйрығын кесіскен күйеуінің қылықтары Гүлзираның жанына батпандап жара салып үлгерген болатын. Ал бала болса да әке махабббатынан мақұрым өсіп келе жатқан ұлдары әкелерінен көңілдері қалып, оған деген сағыныштың орнын суық реніш басты.… Бақыт атты болмасты іздеп, адамдар сан тарау жолға түсіп арпалысады. Кейде тіпті қолында бақыт шырағы жанып тұрса да, өзі үрлеп өшіріп, тамұқ тірліктің қамытын өзі киеді. Ал өзгермейтін, бұлжымайтын уақыт көші тек адамдардың жүзіне әжім салып, тек қана алға зымырай береді. Иә, уақыт көшінде тоқтау жоқ. Гүлзира терең күрсінді. Махаббаттан көңілі қайтып, жаз өмірінің суалғанына да жиырма жыл толыпты. Үлкені Асылбек шетелге оқуға аттанбақ. Кенжесі де өз арманының арғымағын жуасытып мінген.– Апа, соңғы кездері тым көңілшек болып кеттіңіз. Терезеге қарап, тұңғиық ойға батасыз да отырасыз. – Асылбек келіп, анасын ту сыртынан қапсыра құшақтады.– Алыс елге жол тартып барасың. Алаңым көбейіп кеткені де содан.– Еш уайымдама, анашым. Сізге уайым деген сөзді айтуға да болмайды. Қатты уайымның соңы не болғанын білесіз ғой, – деп кенжесі ағасын қостап, анасының сол жағына тұра қалды.– Иә, қатерлі ісіктен Алла сендер үшін менің жанымды алып қалды. Ендігі жағдайым жақсы. Сендердің бақыттарың үшін ауырмауға уәде беремін.– Апатайым уәде берсе, демек орындайды. Жүр, апа, ұшаққа кешігіп қалармын. Үшеуі артынып-тартынып, әуежайға келді. Тіркеуге дейін әлі екі сағат бар. Әкесінен сырт келбеті аумай қалған Асылбек анасын күтіп бәйек болып жүр. Отадан кейін қандай дәрілер ішуі керектігін де қайта-қайта есіне салуда.– Аға, анамның қасында мен бармын ғой. Сендей оқымысты болмасам да, дәрілердің атын ажырата аламын, – деп кенжесі әзіл тастады ортаға.– Балам, мен үшін алаң болма. Өз-өзімді күтетін шамам бар. Әрі қарттығым да жетіп тұрған жоқ. – Гүлзира сөзін аяқтай аламай қалды. Бір еркек оны қағып өтіп барып тоқтады. Иығын ауырсына қабағын кіржиткен әйел назарын тіктеп еді, қарсы алдында әрі жақын, әрі жат көрінген сұлба тұрды. Өткен күндерінің елесі атылып көз алдына келді. Ұрқия енесі қайтыс боларда соңғы рет барып қайтқанда осы сұлбаны байқаған. Енесі тілге келіп, жан тәсілім етерден бұрын келінінен кешірім сұраған. Сонда дәл осы сұлба жеЛке тұсында қудай болып тұрған да қойған. Міне, сол міскін жақындап келе жатты. Артта қалған азапты күндерінен арылған әйел екі жағына қос ұлын алып, бақыт шуағына қарай аттады. Ал сұлба сүмірейіп жалғыз қала берді...Фото: rus.delfi.ee