«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»

Тұрғындар батырлардың ескерткішіне неге қарсы?

Мариям МАҚСАТ

10.06.2021, 12:04

4417

Павлодар облысының Баянауыл ауданы көптеген батыр, ғалым, ақын-жазушылардың кіндік қаны тамған жер екені әмбеге аян. Жасыбай мен Олжабай батырлар да осы қасиетті қара топырақтың тумасы. Шенеуніктер бабалардың есімін ұлықтау үшін ескерткіш қоюды ойластырғаны сол еді, жергілікті жұртшылық бұған үзілді-кесілді қарсы екендіктерін білдірді. Неге?

Себебі әкімдіктің есептеуі бойынша ескерткіштерді орнатуға 1 млрд 51 млн теңге қаржы қажет. Баянауылдықтардың пайымынша, бұл соманы аудандағы айта-айта әбден жауыр болған күрмеулі мәселелерді шешуге жұмсаған дұрыс.

Қоғам белсендісі Орал Сартаев оның орнына кәріз жүйесі мәселесін шешу керек деп санайды. Себебі бүгінгі күні кәріздерден шыққан қалдық ауданның іргесіндегі көлге барып құйылады. Бұлай жалғаса беретін болса, алдағы 15-20 жылда экологиялық апат орын алуы бек мүмкін.

– Бүгінгі таңда Баянауылға ең керек нәрсе – кәріз жүйесі. Біздің жеріміз тастақ. Сондықтан тұрғындардың үйлерінен, әлеуметтік орындардан шыққан қалдықтың бәрі көлге барады. Бұл жайтты әлдеқашан экологиялық тұрғыдан дәлелдеп қойғанбыз. Бірақ сөзімізге құлақ асар билік жоқ, – дейді Орал Сартаев.

Осы ауданның тағы бір тұрғыны Сержан Жұмашев та алдымен өңірдегі өзекті мәселелерді шешіп алу керек деген ойын білдірді.

– Былтыр Баянауылда орталықтандырылған су жүйесін тартқанда 200-ге жуық үй қосылмай қалды. Бірінші кезекте сол істі біржақты ету керек. Одан қалса, ауылдарда интернет, ұялы байланыс нашар. Қашықтан оқу, жұмыс істеу түгіл, дыбыстық хабарламалар мен сурет, бейнелерді жіберудің өзі мұң. Осы мәселелердің бәрі шешілген соң ғана батырларымызға ескерткіш қоюға болады. Оның өзінде 1 млрд теңгеге емес. Сондай-ақ қазіргі жобадағы сияқты саз жерге емес, төбелерге қойған дұрыс болады. Шынын айтсақ, ескерткіштердің нобайы да көңіл көншітпейді. Атқа қонып, қолына найза ұстаған батырлардың ескерткіштері қазір әр қалада бар. Жалпы, мұндай мәселелер көпшілікпен талқылануға тиіс. Қалаған жерге қыруар ақшаға ескерткіш қоятындай Баянауылдың жері әкімдіктің жекеменшігі емес. Қазбалайтын болсақ, қымбат ескерткіштердің ар жағынан жемқорлық қылтиып тұр, – дейді ол.

Бұл пікірді ауданның ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеуғали Мусин де қостап отыр. «Жақсы ескерткішті орынды жерге 1 млрд теңгеден аз қаржыға салуға болады», – деп пайымдайды ақсақал.

Ал Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтің ойынша, батырлардың 1 млрд теңгелік ескерткіштері жұрттың ашуын тудыратындай соншалық қымбат дүние емес.

– Ескерткішке жұмсалатын 560 млн теңгені демеушілер береді. Оған қоса, бұл аумақта 600-ден астам ағаш, 2,5 мың шаршы метр гүлзар, 100-ден астам жарық шамдары, балаларға, жастарға арналған алаңдар болады. Бір сөзбен айтқанда, демалыс орнына айналады. Сол себепті жоба тым қымбат деп айта алмаймын, – дейді шенеунік.

Бүгінгі таңда жоба сараптамадан өтіп, оған мемлекеттік конкурс жарияланып қойған екен. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады.

Сондай-ақ баянауылдықтар аудан орталығының кіреберісіндегі стелланың ауысуына да наразы. Әкімдіктегілер қазіргі стелланы алып тастап, оның орнына 430 млн теңгеге жаңасын қоймақ. Тұрғындардың ойынша, бұл да далаға ақша шашумен бірдей.

– Баянауылдың әкімдігі әлі сыры кетпеген стелланы неге өзгертпекші? Ол апаттық жағдайда құлағалы тұр ма, жоқ әлде атқамінерлер оны ауданның көркін қашырып тұр деп есептей ме екен? Мұндай шешімге келуге не түрткі болғанын тұрғындардың алдында айтып, есебін берсін. Бұл жазу біздің балалық шағымыздың белгісіндей болып тұр, сондықтан оны ауыстыруға түбегейлі қарсымыз. Келімді-кетімді кісілерге қауіп төндіріп тұрса, әңгіме басқа. Ал оның жаңасын қоюға жарты млрд теңгеге жуық қаржыны жұмсау ақымақтықтың нақ өзі, – дейді аудан тұрғыны Жанар Айтпаева.

Түптеп келгенде, Баянауыл жұртшылығы жоғарыда аталған жобалардың барлығы өз қалтамыздан төленетін салықтан құралған бюджеттік қаражатты ысырап қылу деген тоқтамға келіп отыр. Сол себепті 1,5 млрд теңгенің жұмсалуына түбегейлі қарсы. Бірақ әкімдік те алғашқы ойынан бас тартпақ емес. Бұл тартыста билік халық үніне құлақ аса ма, әлде әдеттегідей білгенін істей ме – ол уақыт еншісіндегі мәселе.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 22.10.2021, 19:13
Ы.Жақаевтың 130 жылдық мерейтойына орай ауыр атлетикадан жасөспірімдер турнирі өтті
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 22.10.2021, 14:40
Тас жолдарды тоздырған жүк көліктері жүгенсіз кетті
Еркежан АРЫН 22.10.2021, 11:37
Алматыда ұжымдық иммунитет қалыптастыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Расул ЖҰМАЛЫ 21.10.2021, 16:47
Азамат!
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 12:01
Арықта ұйықтап қалған бала отбасына оралды
Сайт әкімшілігі 21.10.2021, 11:58
Алты адам қаза тапқан жол апатының себептері анықталып жатыр

Аңдатпа


  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30
  • Гүлшара Әбдіқалықова «Жас Алаштың» тілшісімен кездесті
    05.10.2021, 11:21
  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31