Айып айғақталмаса, несі айып?

Мариям МАҚСАТ

03.02.2021, 08:50

1267

Павлодар облысындағы шенеуніктер қызметтік өкілеттерін асыра пайдаланып, міз бақпастан пара алғаны үшін күдікке ілінгенімен, олардың ішінен темір тордың ар жағына тоғытылғандары саусақпен санарлық қана. «Айран ішкені де, шелек жалағаны» да тұтылып, жазадан құтылып жүр. Бұл өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әлсіздігін көрсете ме, әлде атқамінерлердің айласы қырық түлкіден асып түсетінін айғақтай ма?

Былтыр Павлодар облысында 89 адам сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылды. Олардың небары 9-ы қалтасын заңсыз толтырғаны үшін жазасын түрмеде өтейтін болды. Қалғаны бас бостандығынан шектелді, айыппұл төлеуге міндеттелді. Сот белгілеген айыппұлдың жалпы көлемі 92 млн теңгеден асады.

Заңсыз ақша алғыштардың арасында ауыл шаруашылығы, полиция мен кеден ісі, әскери қызметшілер мен Қазақстан теміржолының басшылары бар. Тәжірибе көрсеткендей, олардың ілуде біреуі ғана түрмеге тоғытылады. Ал кейбір мемлекеттік қызметшілер тіпті жазадан құтылып, олардың кінәсін дәлелдейтін айыптар болмай шығады.

Айталық, Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдиновке қатысты өткен жылдың қараша айында Қылмыстық кодекстің екі бірдей бабы бойынша іс қозғалған-ды. Алғашқысы – аэродром құрылысына жарамсыз ғимаратты 240 млн теңгеге сатып алуы, екіншісі – Алексеевка–Жаңажол бағытындағы жолдың орташа жөнделуіне бөлінген бюджеттік қаржының мақсатсыз жұмсалуы бойынша тағылған айып. Бірақ тергеу барысында соңғысын дәлелдеу мүмкін болмай шықты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департамент басшысы Айдар Тастеміровтің айтуына қарағанда, жолға бөлінген ақшаның басқа бағытқа «бет алғанын» дәлелдеу үшін жұмысты қабылдау актісі керек. Ал ол жоқ. Сондықтан сыбайлас жемқорлық әрекеті бойынша тағылған екінші айыптан Қайыргелдинов құтылып кетті.  

«Жол жөндеуге тапсырыс берген Баянауыл ауданының әкімдігі әлі күнге дейін жұмысты қабылдау туралы актіге қол қойған жоқ. Ал бюджет қаржысын жымқыру бойынша фактілерді дәлелдеу үшін дәл осындай құжат керек. Сондықтан жол жөндеуге қатысты іс тоқтатылды», – деп түсіндірді Айдар Тастеміров. Ал қызметтік өкілеттерін асыра пайдаланып, облыстық бюджеттің ақшасына аэродром салуға келмейтін ғимаратты сатып алғаны үшін Оразгелді Қайыргелдинов үш жарым жылға бас бостандығынан шектелді.

Сыбайлас жемқорлықпен күресіп жүргендер облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ринат Қойсоймасов пен оның орынбасары Қизат Жақыповтың кәсіпкерден пара алғанын да айғақтай алмады. Нақтысын айтқанда, шенеуніктердің әрекетінен істі сотқа жолдауға ілік табылмады.

Белгілі болғандай, басқарма басшысы мен оның «оң қолы» жол жөндейтін компания иесінен мемлекеттік сатып алулар конкурсында «көмек көрсету» үшін 564 890 теңге алып, бұл қаржыға IPhone Pro 11 ұялы телефонын сатып алған.

– Қойсоймасов кәсіпкерден телефон алмауы керек еді. Біз бұл материалды қарап, істі сотқа жолдауға жететін айыптық негізді таба алмадық. Кәсіпкерді жауапқа тартар әрекет те жоқ. Яғни ол мемлекеттік қызметшілерге ақшаны актіге қол қою, сметаны бекіту сынды нақты істер үшін емес, жалпы қолдау үшін берді. Бизнесменнің әрекетінде де қылмыстық құрам жоқ, біз бәрін тексердік. Сондықтан бұл іс облыстық әкімдік жанындағы кеңесте қаралып, басқарма басшысы мен оның орынбасарын қызметтен босату туралы шешім шығарылды, –  дейді Айдар Тастеміров.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Ринат Қойсоймасовқа қатысты қозғалған тағы бір қылмыстық істі аяқсыз қалдырды. Жол жөндеуге жауапты бастық Ертіс ауданындағы Панфилов–Бестөбе бағытындағы жолды қалпына келтіруге қарастырылған қаржы мақсатсыз жұмсалды деп ойлаған еді. Алайда бұл күдік те дәлелденген жоқ.

– Бұл істі тіркеуге жедел әрекеттердің нәтижесі емес, тексеру комиссиясының аралық бақылау қорытындылары негіз болды. Нәтижесінде 2,6 млн теңгелік кейбір жұмыстардың атқарылмағаны анықталды. Соның аясында аудит, құрылыс-экономикалық сараптамалар жүргізілді. Сараптамалар жұмыстың толық көлемде атқарылғанын көрсетті. Сондықтан қылмыстық іс тоқтатылды, –  дейді Айдар Тастеміров.

Құзырлы органдар жемқорлық әрекеттерін дәлелдей алмай әлек болып жүрген тұста, павлодарлықтар істерін еш қиындықсыз шешу үшін шенділерге пара беруін тоқтатар емес. «Transparency Kazakhstan» қоғамдық қоры жүргізген сауалнаманың нәтижесі көрсеткендей, облыс тұрғындарының 57,8 пайызы жемқорлық біраз мәселенің басын қайыруға көмектесетінін айтады. Тағы 18,5 пайызы пара беру өмірдің ажырамас бөлігіне айналды деп санайды екен. Ал тұрғындардың 17,5 пайызы жемқорлық туралы әңгімелер асырасілтеушілік деген тоқтамға келген. Тұрғындардың осындай ой-пікірлерін ескерген қоғамдық қор Павлодар облысы сыбайлас жемқорлықтың таралуы бойынша «жасыл аймақта» тұр деген байлам жасаған. Яғни өңірде жемқорлыққа қатысты қылмыстық әрекеттер кеңінен таралмаған деген қорытынды шығарды. Бірақ бұл босаңсуға болатынын білдірмесе керек. Күдік шындыққа айналмаса, пара алу мен бюджеттік қаржыны жымқыру істері дәлелденбейтін болса, ісі сотқа дейін жеткен атқамінерлердің небәрі 1 пайызы бас бостандығынан айырылар болса, тексеру жұмыстарын шулатып жүргізудің не қажеті бар? «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегеннің кері болып тұр бұл.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 13:15
Дәрігерлер тұрғындарға үндеу жасады
Сайт әкімшілігі 10:48
Қырғызстанда жоғалған қазақстандық қыз өлі табылды
Сайт әкімшілігі 09:24
Еліміздің барлық өңірі «қызыл» аймақта тұр
Гүлжан СЕРІКҚЫЗЫ 30.07.2021, 17:53
Ішкі туризмнің халі қалай?
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:51
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі: мемлекетке сену құқығы
Сайт әкімшілігі 30.07.2021, 17:49
Жаңа кодекс қазақстандықтарды қалай қорғайды?

Аңдатпа


  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39
  • «Жас алаштағы» жасын жылдар
    15.07.2021, 10:58
  • Ташкенттен «Жас Алаш» газетінің түпнұсқасы табылды (видео)
    07.07.2021, 13:15