Арзан баспана – әкімдерге!

Шымкенттегі пәтер дауын министр бақылауына алды

Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ

29.04.2022, 05:00

1741

Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілетін пәтерлерге қатысты шу шықты. Дәл қазіргі уақытта аталған бағдарламаға қатысушылардың бірқатары конкурстың әділетсіз өткізілгенін айтып жатыр. Шымкент қалалық әкімдігі құжаттардың автоматтандырылған жүйе арқылы қабылданғанын алға тартуда. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіқұзырлы органдардың тиісті тексеру жүргізіп, кінәлілердің жазаға тартылатынын хабарлады.

Мәселенің мән-жайына қарағанда, Шымкент қаласы әкімдігі 900 пәтерді жоғарыда аталған бағдарлама шеңберінде беруге құжат қабылдаған. Алдын ала белгілі болғандай, берілетін пәтерлердің шаршы метрінің құны 180 мың теңгені құрайды. Баспананың зарын тартып жүрген азаматтардың айтуынша, бұл нарықтық бағадан екі есеге, элиталық үйлердің бағасынан үш-төрт есеге арзан. Осыдан кейін мемлекеттің жеңілдігін пайдаланып қалғысы келгендердің неге өте көп болғандығын түсіну қиын емес.

 Пәтерлерді «Тұран» шағын ауданынан және Арғынбеков көшесінің бойындағы тұрғын үйлерден беру көзделген. Өтінімдер арнайы сайт арқылы   11 сәуір күні cағат 09:00 ден бастап, 15 сәуірдегі сағат 19:00-ге дейін қабылданған. Айтпақшы, өтінім берушілерге қойылатын біраз талаптар бар. Біріншіден, олар Қазақстан азаматы, әрі табысы болуы тиіс. Екіншіден, ипотекалық несиесі және баспанасы болмауы қажет. Шымкент қалалық әкімдігі таратқан мәліметке қарағанда, Shymkent-baspana.kz сайтына «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «7-20-25» бағыты бойынша несиелік тұрғын үйлер алуға, жалпы, 11 919 өтінім келіп түскен. Ал берілетін пәтерлердің саны 900 екендігін жоғарыда айттық. Осы жерде ескерте кетейік, құжатты алғаш тапсырғандардың мүмкіндігі жоғары. Яғни кезектің басында тұрғандарға баспаналы болу бақыты жақынырақ деген сөз.

Конкурсқа құжат қабылдау аяқталған соң, әкімдіктің әділетсіздік жасағаны туралы шу шықты. Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге қарағанда, өтінім қабылдау бастала салысымен қалалық әкімдіктің 300 қызметкері, алдымен, өтініш тапсырып қойған. Өтінім берген шенеуніктердің қатарында Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдірахмановтың, Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың, әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаевтың аттары аталады. Бұл шенеуніктердің әбжілдігі соншалықты олардың құжаттары өтінім беру уақыты басталған сағат 9-00-ден бар-жоғы 15-20 секунд өткенде қабылданған.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желі қолданушылары келтірген мәліметтер рас болса, арзан пәтер алуға дәмелілердің қатарында Бұхарбай Пармановтың ұлы мен осы конкурсты өткізіп отырған тұрғын үй басқармасы басшысының әйелі де бар көрінеді. Бұл мәселеге белгілі блогерлер де араласып, пікір білдіріп жатыр. Олар арзан пәтердің қарапайым халыққа арналғанын алға тартып, тізімді қайта жаңартуды талап етуде.

Дау үдеп бара жатқан соң, арнайы брифинг берген қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Утенбаевтың айтуынша, өтінімдер толығымен автоматтандырылған Shymkent-baspana.kz порталы арқылы жүргізілген.

– Азаматтардың өтінімдеріне сәйкес, пәтерлерді бөлуді аталған портал автоматты түрде өзі жүзеге асырады. Бұл орайда, ешқандай адами фактор әсер ете алмайды. Бағдарлама арқылы өтінім берушілерге өтінім берген уақыты және ID нөмірін көруге қолжетімділік қарастырылған. Сондай-ақ аталған порталдың толығымен автоматтандырылу жұмыстарын Цифрландыру басқармасы жүзеге асырған, – деген басқарма басшысы  әлеуметтік желіде таралып жатқан ақпараттардың жалған екендігін мәлім етті.

 Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков өтінім берген азаматтардың құжатын тексеру үшін арнайы комиссия құрылатынын, комссияға өзі төрағалық ететінін, оның құрамына қоғамдық кеңес мүшелерінің енгізілетінін хабарлады.

Шымкенттегі дауға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіде түсінік беріп, мәселені министрдің қатаң бақылауына алынғанын жария етті.

–  Министр Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасына сәйкес, құзырлы органдар кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырады. Нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады, – делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ресми хабарламада. 

Соңғы мәліметтерге қарағанда, тұрғын үй басқармасының басшысы Ғалымжан Утенбаев қызметінен шеттетілген. Ал арзан пәтер алудан дәмелі шенеуніктердің алды өтінімдерін қайта ала бастаған көрінеді. Алмағанда  қайтсін?! Әкімдердің жеңілдетілген пәтерге өтініш тапсыруы заңға қайшы келмейді, бірақ гәп мұнда емес. Тізімде аты аталған шенеуніктердің бірі Бұхарбай Пармановтың жасы биыл алпыста. Осы уақытқа дейін 2-3 ауданды басқарған, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болған. Ал әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев қала әкімі аппаратында лауазымды қызмет атқарған, қалалық мәдениет басқармасына басшылық жасаған. Лауазымды шенеуніктердің қара бастарына осы уақытқа дейін бір баспана бұйырмады дегенге сіз сенесіз бе?

Тегтер: баспана мәселе халық қоғам

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 10:30
Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 09:43
Коронавирус жұқтырған жеті қазақстандық ауыр жағдайда жатыр
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01