09.09.2021, 08:08
334
Қазақстандағы қалалар мен ауылдардың инфрақұрылымдық проблемаларының интерактивті картасы «Красный автобус» аналитикалық орталығының мәліметтері негізінде құрылды және тұрғындардың келіп түсетін сұраныстарына байланысты ақпараттың толықтырылуы жалғасуда. Картаны qhp.kz/suqaida сайтынан алуға болады.
Қазақстан халықтық партиясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, халықтың ауызсумен қамтамасыз етілуі – ең өзекті мәселелердің бірі. Ауылдарда су құбыры жоқ, ал тартылған құбырлар технологиялардың бұзылуы, құбырлар мен механизмдердің тозуының жоғарылауы, жөндеудің болмауы және жергілікті биліктің қаржыны игермеуі салдарынан жұмыс істемейді. ҚХП мәжіліс депутаты Айбек Паяев:
– Мынадай парадокс бар: мемлекеттік бағдарламалар бар, мемлекет ақша бөледі, бірақ көптеген ауылдарда су мәселесі шешілмеген, бір ауылда ақша жұмсалды, бірақ сумен қамтамасыз етілмеді, екіншісінде жаңа су құбыры су мәселесін, керісінше, күшейте түсті. Мұндай мысалдар көп. Біз картаға ауызсудың жоқтығы немесе сапасына шағым түсетін барлық ауылдар туралы ақпаратты белгіледік. Бұл біздің үкіметке және ауылдарға баруды ұнатпайтын облыс әкімдеріне пайдалы болады деп үміттенеміз. Егер олар оны ашып қараса, мәселенің ауқымын көреді, – дейді.
Азаматтардан ауызсу проблемалары туралы ақпарат күн сайын дерлік партияның аналитикалық орталығына сенім телефоны арқылы өтеді және интерактивті картада көрсетіледі.
ҚХП өкілдері картаның көмегімен әкімдіктердің қателермен жұмыс жасауы жеңіл болады деп есептейді. Аймақтарға сумен жабдықтау мен кәрізге бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Мемлекет үнемі миллиардтаған қаражат бөлсе де, көптеген ауыл тұрғындары сусыз қалып отыр.
ҚХП бұл мәселелердің барлығын жақын арада президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдау арқылы жеткізбекші.
Партия өкілдері қазақстандықтарды сенім телефонына хабарласуды жалғастыруға және 8-700-088-19-17 нөміріне сумен байланысты мәселелер туралы хабарлауға шақырады. Әлеуметтік желілердегі өз парақшаңызда #СУҚАЙДА #SUQAIDA хэштегімен пост жариялауға болады.
Осыған дейін хабарланғандай, ҚХП депутаттары ауылдардағы судың сапасы туралы президентке үндеу дайындап жатыр. «Қызыл автобуста» отырған партия өкілдері еліміздің үш облысын аралап, сапалы ауызсудың апаттық тапшылығынан үрейленгенін айтты. Депутаттар Тоқаевқа жүгінуден басқа, премьер-министр Асқар Маминнің атына сауал дайындауды да жоспарлады, онда «Мемлекет басшысының бұйрығын жергілікті атқарушы органдар неліктен бұзып жатыр?» деген сұрау жіберуге ниетті.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР