26.10.2021, 12:20
759
Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы тарихы тереңнен тамыр тартқан өңір. Аты айтып тұрғандай, мұнда қазақтың соңғы хандарының қатарына жататын Бөкей мен оның ұлы Жәңгір хандық құрған.
Бөкей хандығы қазақ даласындағы алғашқы мектеп, дәріхана, аурухана, қазынашылық мекемесі, қару-жарақ палатасы және т.б. әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандар ашылған жер. Жақында осы қасиетті топырақта Бөкей хандығының 220 жылдығына орай дүбірлі той өтті. Жан-жақта жүрген Орда ауылының азаматтары мен көршілес аудандар, Ресей елінен келген қонақтар аудандық мәдениет үйінде бас қосып, мәре-сәре болысты. Жиналған қауым Бисен Жәнекешев, Мәншүк Мәметова және Ұлы Отан соғысына сарбаздарының ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып тағзым етті.
Шара шымылдығын ашқан аудан әкімі Нұрлыбек Даумов: «Қымбатты бөкейліктер! Еліміздің тойы, ортақ тойымыз құтты болсын! ХІХ ғасырда Еділ мен Жайық арасында құрылған Бөкей хандығы тек билік құрылымы емес, өркениеттің бастауы болды. Болашақты болжай біліп, батысты бетке алып көшкен Бөкей ханның, оның ісін жалғастырған Жәңгір ханның бізге қалған мұрасы мол. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Бөкей хандығының 220 жылдығының қатар келуінің өзі заңдылық. «Ұмыту өткен тарихты – болашақ үшін қауіпті» дейді. Өткенімізден сабақ алып, бүгінгі барымыздың бағасын білейік», – деп сөз алды. Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов облыс басшысы Ғали Есқалиевтің құттықтауын жеткізді.
Салтанатты шарада өзінің елеулі еңбегімен ауданның өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарға «Ауданның құрметті азаматы» атағы берілді. Мұндай құрметке ие болғандар қатарында Есқайыр Сапаров, Майдан Батыров, Қитеш Бисенғалиев, Қуаныш Есеев, Қаламқас Жасқалиева, Ерсайын Құбышев, Амангелді Мақсотов, Өтеміс Мырзағалиев (қайтыс болды), Иманбай Машотов, Ержан Өмірзақов, Ахметкерей Салауатов, Баубек Теміров, Қанатбай Айтқалиевтер бар.
Бұдан кейін салтанатты шара театрландырылған көрініспен жалғасты. Облыстық Хадиша Бөкеева атындағы театр тарландарының қатысуымен Жәңгір хан өмірінен көрініс көрсетілді. Той екінші күні дала қызықтарымен жалғасты.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР