Диқандар дауы облыс әкіміне жетпей, ушығып тұр

Ақын ауылындағы жер дауын шешуге облыс әкімі неге құлықсыз?!

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

15.10.2020, 10:55

3649

Естеріңізде болса, Сырдария ауданы Асқар Тоқмағанбетов ауылындағы диқандардың мәселесін өткен нөміріміздің бірінде жазған болатынбыз. Жеті жыл жоғалып кетіп, қайта келген инвестордың күйкі тірлігіне налыған шаруалардың шағымы күріш науқанында қайта туындады.

Сырдария аудандық жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, тараптар арасындағы дау «Асқар Тоқмағамбетов Жер» ЖШС-ның жарғылық қорының 90 пайызының иесі А.Бисенбайдың сенімді өкілі М.Алдоңғаров пен серіктестіктің бұрынғы директоры М.Есжановтың арасындағы өзара келіспеушілігі (қаржы мәселесі) нәтижесінде туындап отыр екен.

Осы мәселе бойынша М.Алдоңғаров серіктестіктің осы уақытқа дейінгі жүргізген қаржылық есептеріне тексеру жүргізуді, қылмыстық іс қозғауды талап етіп, аудандық полиция бөліміне арыз түсіріп, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде-мыс.

Ал енді даудың басты себебі – екі мың гектарға жуық күріштік жердің иесі болған ауыл тұрғындары, осы жерлері қалайша басқа біреудің меншігіне кетіп қалды деп бас қатыруда. 

Сонау тәуелсіздіктің елең-алаңыңда 900-ге жуық тұрғынның пай есебінде алған күріш алқабының түгелдейі дерлік, бүгінде басқа адамның иелігінде. Осыған наразы жұрт егістік жерін қайтарып алуды көздейді. Жерін даулаған тұрғындар облыс әкіміне алты айдан бері кіре алмай, қапы болып жүр екен.

– Бізге өз жеріміз керек. Оны Мадияр Алдоңғаров алып қойып отыр. Өзіміз далада қалдық. Халықтан береке кетті, күнде у-шу. Пікірімізді облыс әкіміне айтайық десек, темір қоршаудың аузынан қайтамыз, кіргізбейді. Жерімізді алсақ, балаларымызға қалар еді ғой, – дейді 75 жастағы еңбек ардагері Орынбасар Үмбетова.

Ауыл тұрғындары үлескер ретінде осы серіктестікке біріккен. Тоғыз жүзге жуық адамның пайға алған жеріне серіктестік арқылы күріш егіледі. Шаруа қожалығы арқылы 87 адам тұрақты айлық алып келген. Сонымен қатар дивиденд ретінде күріш алады. «Серіктестікке инвестор ретінде иелік етіп отырған бұрынғы шенеунік ауылды тонап болды» дейді халық.

– Мына Мадияр инвестор болып келіп еді, енді қожайын болып шыға келді. Жерімізді алып қойды. Халықпен санасып жатқан ешкім жоқ. Билікке бәрібір. Заң да солардың жағында. Халық ешкім емес. Алдоңғаров ауылдан кетсін. Бізде басқа талап жоқ. Ұрыс, айқай керек емес. Ол адамның ақшасы да, басқа дүниесі де, техникасы да керек емес. Тек халыққа жерін беруі керек, бостандық қана қажет бізге, – дейді А.Тоқмағамбетов ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Пернебек Алиакпарұлы.

Шарт бойынша инвестор күріштен түскен пайданың бір бөлігін ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге жұмсауы тиіс. Алайда ол шарттың пұшпағы түгілі бұл ауылда күріш оратын техникалары да жоқ екен. Шаруалар трактор-комбайнды көрші ауылдардан жалға алып, қам жасайтын болып шықты.

– Ол осыдан 16 жыл бұрын біздің ауылдың жерін иемденген. Бірақ не бір техника, не комбайн алмаған. Ауылдың бар мүлкінің быт-шытын шығарды. Күріш сатудан түскен пайданың қызығын тек өзі көріп келеді. Не жол жөндеуге көмектеспеді. Ауылдың тоз-тозы шықты. Ол облысты басқарып тұрған кезде теміржолдың үстінен өтетін көпірді салу кезінде ақшасын жеп қойып, үстінен іс қозғалған. Енді шу басылған соң, қайтадан басын көтеріп, халыққа жауыздығын істеп жатыр. Күнде төбелес, қырғын, әбден басынып болды. Халықтың қамын басшылар неге ойламайды? Полициямен қоршап қойды. Облыстағы басшылардың бәрі сол Алдоңғаровтың сөзін сөйлейді. Тыныш жатқан, ешкімге зиянымыз жоқ ел едік. Қазақстанда заң бар ма? Бар болса,  бізді мына бәледен құтқарсын, – дейді зейнеткер Нұрлыбек Баймен.

Құжат жүзінде серіктестік белгісіз А.Бисенбайдың атына тіркелгенмен, «А.Тоқмағамбетов Жер» шаруашылығының іс жүзіндегі қожасы М.Алдоңғаров екен. Ертеректе күріште құн болмаған заманда инвестор серіктестікті осындағы адамдарға тастап кеткен. Ал күріш бағасы көтеріліп, қымбаттағанда, қайта келіп, халықпен санаспай, бәрін иемденіп отыр дейді тұрғындар. Серіктестікті бес жыл басқарған төраға Меңдіғали Есжановты  Мадияр Алдоңғаровтың үлескерлермен ақылдаспай, алғызып тастауы да дау-дамайды күрт күшейтіп жіберген.

– Серіктестіктің жан-жақта қарызы көп. Биыл өнім жақсы шықты. Гектарынан 55-60 центнерге дейін күріш аламыз деп отыр едік. Күрішті сатудан түскен ақшамен ондаған миллион теңге қарызды жабамыз деген жоспарымыз болған. Оған Алдоңғаров күріштің бәрін өзім орғызамын, бермеймін деп отыр. Серіктестікті осы уақытқа дейін басқарған адамдарды жұмыстан шығарып тастады. Шындығында, мұның бәрі үлескерлердің дауысқа салуы арқылы жүзеге асуы тиіс. Ол жалпы жұрттың атынан жалған құжат жасап, жалпыға ортақ жиналыс өткізген сияқты көрсетіп отыр. Карантинде қайдағы жиын? Биыл күріштен қағылатын түріміз бар, – дейді серіктестіктің экс-төрағасы Меңдіғали Есжанов.

Айтпақшы, белгісіз жердің иесі А.Бисенбайды «Азамат» шаруа қожалығының басшысы Азамат Сқақов «таниды» екен.

– Күрішімнің жартысын орып тастағанмын, енді соны жинатпай жатыр. Күріштің басы үгітіліп, шашылып бітті. Барлық жағынан шығынға ұшырап жатырмын. Облысқа да шағымданып бардым. Олардың жауабын 16 қыркүйектен бері күтіп келемін, шешілетін түрі жоқ. Жердің иесі Алдоңғаров емес, серіктестіктегі үлескерлер. Мен жерді алып кетпеймін, келісім бойынша еккен күрішімді жинаймын, болды. Бұлар соған бөгет жасап отыр. Бұл Алдоңғаров 2019 жылдың 8 сәуір күні біздің ауылдың жерін Тереңөзек кентінде тұратын Бисенбай Айбек деген 93 жылғы жігітке «сыйға» беріп жіберген екен, – дейді шаруа қожалығының иесі.

Амалы таусылған халық мәселені шешіп береді ғой деген үмітпен облыс әкіміне кіріп, жағдайды баяндағысы келді. Алайда ауыл азаматтарын Әбдіқалықова қабылдамады.

– Облыс әкімі халықтан үлкен емес шығар? 7 балам бар, пайға алған жерім бар. Халықты қашанғы зарлатып қояды, – дейді «Алтын алқа» иегері Роза Қоянбаева.

Осындайда ойға түседі. Облысты 7 жылға жуық басқарған Қырымбек Көшербаев «Туған жерге деген жанашырлық – әр адамның перзенттік парызы, азаматтық міндеті» деген ұстаныммен кезінде инвесторлардың кесірінен, банктерге өтіп кеткен бірнеше аудан шаруашылықтарының кепіл жерін халқына қайтарып берген еді. Заты нәзік болғаннан ба Гүлшара Наушақызының бұндай іске қыры да, қайсарлығы да жоқ сыңайлы. Бірақ заты «берік» орынбасарлары ше?! Мәселен, елордадан ертіп келген бірінші орынбасары Серік Ахметке тапсыруына болар еді ғой. Қарауындағы басқармалардың онсыз да атқарылып жатқан жұмысын есеп етіп, көз қылып, жүргеннен гөрі бұл шаруаны еңсерсе, есесіне, халыққа етене жақын болар еді, әрі танымалдылығы артып, табиғилығы қалпына келер еді. Айтпақшы, инвестор-құрылтайшы Мадияр Алдоңғаров  2008-2012 жылдар аралығында бұрыңғы облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың бірінші орынбасары болып қызмет еткен.

Шырылдаған халықтың меселін қайтармай, мәселесін шешуге облыс әкімі неге құлықсыз болды? Ол жағы беймәлім. Аудан әкімдігіне итере салған облыс әкімдігіндегілер халықтың мұңына сөйтіп, бас қатырмады.

Даулы мәселеге орай, Сырдария ауданының әкімі Талғат Дүйсебаев біз  білмейтін бірнеше мәселелерді мәслихатта ортаға салды.

– Ауыл ақсақалдары Алдоңғаровқа наразылықтарын айтып, келешекте жұмыс істемейміз деді. Егістік жиналып болған соң, шаруашылықтың жалпыға ортақ жиналысы болады. Сол кезде пайы бар үлескерлер серіктестіктен шыға алады. Халық жерімізді қайтарамыз деп отыр. Серіктестіктің 15 мың гектардай жері бар, оның 1084 гектарына күріш егілген. Үлескерлер Алдоңғаровқа наразы, ол рас. 16 жылдан бері шаруашылықтың иесі бола отырып, оған қарамаған. Басқа ауылдармен салыстырғанда, жағдайы төмен ауыл. Сегіз жүздің үстінде үлескер бар. Алдоңғаров 150 млн теңге құйдым деп отыр, қағазын көрмеген соң, оны нақты айта алмаймын, – деді әкім.

«Бұл – негізінен, екі кәсіпкердің арасындағы кикілжің» деген әкім тағы бір мәселенің шетін шығарды.

– Бұл дау көктемде басталған. Ал күзде «Азамат» шаруашылығының төрағасы А.Сқақов рұқсатсыз «А.Тоқмағанбетов» ЖШС-на қарасты 105 гектар жерге өз техникасын кіргізіп, егін жұмыстарын бастап кеткен болатын. Бұған ауыл тұрғындары қарсы болып, тиісінше, аудан әкімдігі мен құқық қорғау органдары бірлесіп, біреудің жеріне бей-берекет егін егу заңға қайшы екенін түсіндірген. Сол уақыттан бастап, Сқақов егін жұмыстарын тоқтатқан еді. Дегенмен, сол уақытта шаруашылық директоры болған Меңдіғали Есжанов құрылтайшыларға ескертпей, олардың келісімін алмай, 105 гектарға егін егуге оған рұқсат берген. Енді күріш жинар алдында осы дау қайта көтерілді. Себебі, шаруашылық құрылтайшысы Мадияр Алдоңғаров берілген рұқсатнаманы заңсыз деп таныды. Оған Сқақов көрсеткен құжатта шаруашылықтың мөрі болмағанын дәлел ретінде келтіріп отыр. Күздің күні, егін бой көтерген уақытта Сқақов ауыл тұрғындарын жинап, өзі еккен күрішті оруға кіріседі. Соған байланысты шаруашылықтың бас бухгалтері Алдоңғаровтың атынан аудандық полицияға шағым түсіреді. Алқап басына барып, екі жақтың азаматтарымен жолықтым. Тұрғындарды өзара келісуге шақырдық. Бір күн ішінде өзара келіспеген жағдайда іс сотқа жеткізілетінін ескерттік. Дегенмен, екі жақ та бір мәмілеге келе алмады. Күріш орылып қойғандықтан, дәндері түсіп қалмау мақсатында екі жақтың азаматтарына тағы ұсыныс білдірдік. Онда бейтарап комбайн тауып, бейтарап қоймаға күрішті жинау еді. Күріш қоймада тұрып, сот үкімі шыққан кезде, тиісінше, егесіне берілетін. Дегенмен, екі тарап та өз қоймаларын алдыға тартып, бұған да келіспеді. Ендігі уақытта егілген күріштің өнімділігіне зиян келуі әбден мүмкін, – дейді Сырдария ауданының әкімі.

Әкімнің айтуынша, шаруашылық құрылтайшысы Мадияр Алдоңғаров шығынның құжатын көрсеткен адамдарға толық шығынын өтеп беруге әзір екен. Тек жұмсалған қаражаттың дәлелді құжаты болуы керек. Ал дәлелі жоқ диқандарға бір тиын да бұйырмайды. Дегенмен, екінші тарап оған келіспеуде. Олар барлық күрішті орып, шаруашылыққа 80 тоннасын ғана тапсырамыз деген.

Күріш жаңбырдың астында қалып, малдың жеміне айналып кетпеу үшін қоймада сақтаған жөн. Сондықтан ортақ мәмілеге келу екі жақтың да басты шаруасы болу керек.

Бір қызығы, сот жұмыстары әлі де басталмаған. Себебі, екі тарап та сотқа арызданбаған екен. Иә әкімдіктің ұсынысын қабылдамай, не сот көмегіне жүгінбей отырған кәсіпкерлер алдағы уақыттан нені күтіп отырғаны белгісіз. Бұл даудың биыл ғана тұрақтамай, бірнеше жылға созылатын түрі бар. Ал бітік шыққан күріштің жағдайы не болатынын енді уақыт көрсетеді. Ал 90 пайыз жердің иесі А.Бисенбайдың, оның иелігіне халықтың жері қалайша өтіп кеткені жайындағы уәжін алдағы уақытта білетін боламыз. Енді ешкім білмейтін тағы бір жайт, серіктестіктің экс-төрағасы Меңдіғали Есжанов инвестор Мадияр Алдоңғаровтың туған күйеу баласы екенін айтады араағайындары.

Негізінен, дауға себеп болған мәселелер «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 сәуірдегі №220 заңына сәйкес, серіктестік қатысушыларының жалпы жиналысында шешілуі қажет. Егер де, екі тарап ортақ келісімге келе алмаған жағдайда, мәселе ҚР заңнамаларына сәйкес, сот тәртібімен шешілуі тиіс.

PS: Мақала дайындалып жатқанда, Тоқмағамбетовтегі күріштік атызда болған сұмдық оқиға әлеуметтік желіні шарлап кетті. Алқаптағы айқай-шу, бейнежазбадағы сұмдық жайттардан адамды көлік қағып кеткенін аңғаруға болады.

Әзірге, ресми мәлімдеме бермеген биліктен, сол жерде жүрген орган қызметкерлерінің телефондарымен «фиксация» ғана жасап жүргенінен басқа қолдарынан ештеңе келмегенін аңғаруға болады.

Ал күріш иесі Азамат Сқақов фейсбук парақшасына бейнежазбамен қатар, мынадай пікірін қалдырыпты.

«Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы дауды шешетін билік жоқ. Бір айдан бері кәсіпкердің жұмысын тоқтатып тастаған аудан әкімі, аудан прокуроры, аудандық полицияға бүгін облыс прокурорының бірінші орынбасары Т.Әлібаев пен облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары қосылды. Сырттан келіп, ауылымызды билеп төстеп алған М.Алдоңғаров егістің басына қарулы күзетпен келіп, халыққа оқ атып, көліктерімен адам қағып, ойларына келгенін істеп, халықты тағы ашындырды. Мұны көріп тұрған құқық қорғау органдары өздерінің дәрменсіздігін көрсетіп, шарасыз болды. Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде шулап, облыс әкімі Г.Әбдіхалықоваға шағымын айтып, кіре алмаған халықтың билікке деген сенімдері мен үміттері үзілді» деп жазыпты Азамат Сқақов.

Ал Қызылорда облыстық полиция департаменті бұл жайға орай мынадай мәлімдеме таратты.

«Сырдария аудандық полиция бөліміне Қызылорда қаласының тұрғынынан А.Тоқмағамбетов ауылындағы күріш егістігіне полиция нарядын жіберу жөнінде хабарлама түсті. Хабарлама бойынша жүргізілген тексеру барысында «А.Тоқмағамбетов Жер» ЖШС-ның күзетшілері мен тұрғындар арасында жанжал туындағандығы анықталды. Оқиға орнына тиісті құзырлы органдардың өкілдері барды. Қызылорда облысының прокуратурасы, Сырдария ауданының прокуратурасы, Қызылорда облысы Полиция департаментінің және Сырдария аудандық полиция бөлімінің басшылығы жиналған тұрғындармен заң шеңберінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Осыдан кейін, күріш егістігінде жиналған 15 тұрғын тарқап, үйлеріне қайтарылды» делінген хабарламада.

Бірақ адам қаққан күзетшілерге қандайда бір шара қолданғаны жазылмаған. Сұрау салғанымызбен, онымыздан дәнеме шықпады.

Ал «А.Тұрмағамбетов» ЖШС-ның қазіргі басшылары бұрынғы директор Меңдіғали Есжановтың үстінен арыз жазғандықтан, ҚР ҚК 250-бабының 1-тармағы бойынша іс қозғалған. Күрішін ала алмай жүрген Азамат Сқақовтың да үстінен екі бап бойынша полиция тергеуді бастап кеткен. Ашынған ауылдың адамдары болса, «енді ешнәрседен тайынбай, инвесторды қуып, жеріміз бен күрішімізді қайтарып аламыз» деп отыр.

Жағдай осылайша ушығып, халық ашына бастаса, облыс әкімі командасымен бірге қатаң жауапқа тартылуы ықтимал. Өйткені мемлекет басшысы бұндай сорақылыққа көз жұмып қарап отырмайтыны белгілі.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Батырхан Тоғызов 20.10.2020, 10:58
Әр адамның еңбек өтілі дербес есептелсін
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 20.10.2020, 10:51
Биотехнопаркті мақсат еткен Аэлита
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 20.10.2020, 10:41
Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:17
Карантиндік шектеулер күшейтілді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 20.10.2020, 10:13
Күштінікі – диірмен тартады
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 20.10.2020, 10:05
Қарағанды билігі жасыл желекке неге шүйлікті?

Аңдатпа


  • Мырзан Кенжебай: Менің атымды жамылған кім?
    20.10.2020, 14:28
  • Егіндібұлақ елінің еңсесі езіліп тұр
    20.10.2020, 10:41
  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38