Есірткімен күрес болашақ үшін қажет

Кемел ЖАН

18.05.2022, 12:05

905

ХХІ ғасырда адамзатқа төнген ең үлкен індеттің бірі – есірткі. Есірткіге есі кеткендердің қатарында Қазақстан азаматтары да баршылық. Өткен жылғы мәлімет бойынша, 18 мың қазақстандық есірткіге тәуелділер қатарында есепке алынған. Оның дені жастар екенін ескерсек, бұл өте үлкен көрсеткіш. Әлгі 18 мыңның 1500-і әйелдер, 62-сі жасөспірім. Есірткіге тәуелділік болған жерде міндетті түрде есірткі бизнесінің болатыны заңдылық. Былтырғы деректерге жүгінсек, есірткі саудасымен өте белсенді түрде айналысқан жеті қылмыстық топ құрықталған.

Таратып айтайық. Былтыр 9 айда 1929 есірткі қылмысы ашылса, оның 1136-сы есірткі өткізу дерегі бойынша, ал 326-сы есірткіні аса ірі көлемде сақтау дерегі негізінде анықталған. Одан бөлек, 12 тоннадан артық есірткі құралдары тәркіленген. Мәселен, 4,9 келі героин, 9 тонна марихуана, 376 келі гашиш және 107 келі синтетикалық есірткі алынған. Бұл былтырғы жағдай. Ал биыл ше? Биыл да оңбай тұр. Алғашқы үш айдың өзіндегі деректер адам санасына салмақ салады.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауында: «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын», деген болатын.

Қазақстан Президенті атап айтқандай, қазір жастар арасында синтетикалық есірткі пайдаланатындар өте көп. Ішкі істер министрлігі биыл Қазақстан бойынша 8 есірткі зертханасының көзін құртты. Оның ішінде пайдалануға дайын 33 келіден астам есірткі болған, 14 келіден астам синтетикалық есірткі және 19 келі қарасора, 165 литр прекурсор тәркіледі. Есірткі өндіруге қажетті заттар да болды. Әлгі сегіз зертхананы құрған 16 адам құрықталды.

Есірткіге қарсы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілгелі бері синтетикалық есірткілердің жаңа буыны пайда болған. Мәселен, осы уақытқа дейінгі бақылауда болып келген тізімге тағы осындай 115 зат кіргізілген. Одан бөлек, 182 келі синтетика тәркіленгенін де атай кетейік.

Есірткі бизнесінің көзін жоюға бола ма? Бұл біз үшін ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін өте қиын сұрақ. Бірақ есірткі тұтынушылардың санын азайтуға, жастар арасында есірткіге қарсы іс-шара жүргізуге болады. Мәселен, жыл басынан бері Алматы полициясы есірткіні жарнамалайтын 450 сайтты бұғаттады. Аз емес. Шамалап есептейтін болсақ, әр сайтты кемінде 1 мың адам қарайтын болса, 450 сайтты 450 мың адам шолып шығады деген сөз. Оның тең жартысы тапсырыс береді деп жорамал жасасақ, 225 мың алматылық есірткі тұтынады деп түйін шығаруға келеді.

Алматы қалалық ПД басшысы Қанат Таймерденов: «380 келі есірткі, 15 келі синтетикалық есірткі тәркіледік. Біз синтетикалық есірткі өндірісімен айналысып отырған 3 есірткі зертханасының көзін жойдық. Одан бөлек интернет арқылы сауда жасап келген екі ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Биылғы жылдың басында тағы бір есірткі зертханасы анықталып, одан 150 миллион теңгенің есірткі өндіретін шикізаты тәркіленді» – деді, есеп беру кездесуінде. Президент тапсырмасында айтылғандай, полицейлер қарқынды жұмыс жасап жатыр…  

Есірткінің түрі көп, сондықтан да оның жолын кесу көптеген қиындық тудырады қазір. Өткен жылы адам ақылын арбап, есін алатын есірткі бизнесінің көзін жою үшін «Қарасора» операциясы жүргізілген болатын. «Қарасора» операциясы кезінде 851 қылмыс әшкереленді. Биылғы есеп әлі шыққан жоқ. Себебі «Қарасора» жинау маусымы енді келеді. Сондықтан полицейлер «Қарасора» егіп қарық боламыз дегендердің жолын кесіп, ертерек қам жасаса дейсің...

Абай: «Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық.

Аздырар адам баласын» деген. Тамағы тоқ, жұмысы жоқ жастардың ермегі – есірткі екенін психологтардың өзі айтып отыр. Көп жағдайда жастарды тура жолдан тайдыратын азғындар әуесті жастың қалтасына, әлеуметтік жағдайына қарайды екен. Өйткені оларға есірткілерін сатып алатын ақшалы адам керек. Бұл бизнес. Әлеуметтанушылардың «есірткі байлардың ермегі» дегенінде де жөн бар. Алайда қазір бұл құмарлықпен қалтасында соқыр жармағы барлар да айналысатын болған.

Ел ертеңі – жастар. Сол жастардың адамның есін алып, ақылынан аздыратын есірткімен әуестенбегені абзал. Ұлт боламыз дейтін елдің ұрпағы ақылынан азбайды.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.06.2022, 11:44
Қарағанды облысында кәсіпкерлер саны өсуде
Сайт әкімшілігі 22.06.2022, 09:49
Абай облысында орман өртеніп жатыр
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 22.06.2022, 08:30
Отставкіге кетуге дайын
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 21.06.2022, 10:40
Н. ҰРАНХАЕВ: Семейдің өзекті мәселесі жетерлік
Б.СӘРСЕНБІ 17.06.2022, 16:20
Тасқынның тақсіретін тартпаймыз десек...
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 16.06.2022, 13:30
Шет ауданында мал қырылуда

Аңдатпа


  • Қазақстан азаматтығын тарату – қылмыс
    23.06.2022, 09:23
  • «Тойсаңдар, тоба қылыңдар»...
    23.06.2022, 09:20
  • Ертең «мың ұлысты Қазақстан» боп тұрмайық
    23.06.2022, 09:11
  • Аймағамбетовтың реформасы жаңа министрге үлгі бола ма?
    22.06.2022, 08:36
  • Тоғжановтың қиялы...
    22.06.2022, 08:33