Қара бастың қамын күйттейтіндер

Айтбала Сүлейменқызы

29.04.2022, 11:45

4182

Облыс билігіндегі өзгерістерге тіксіне қарайтын кірпияз қарағандылықтар наурыздың ортасында аймақ әкімінің орынбасары тағына Ербол Әліқұлов отырғанда, сол сырбас әдетіне басты. Аймақ жетекшісінің  әлеуметтік, ішкі саясат және қоғамдық даму жөніндегі орынбасары көпшілікті жиып, ауқымды бір жиын өткізгенде, шақырылғандар арасындағы саяхатшы желаяқ әріптесіміз  – Асхат Қажытайұлы болған екен. Ол әлеуметтік желіде: «Жиналғандардың дені өз қандастарымыз бола тұра, облыс әкімінің орынбасары Ербол Шымкентбайұлы қазақшасына іле орысша сурдоаударма жасап отырды», – деп сойып салды. Осылайша, су жаңа орынбасарға алғашқы «негативный» пікір тарап кетті. Біз де, «бұл қай сасқаны?» деп тіксіндік.

Мың естігеннен, бір көрген артық

Облыстың  білім беру, мәдениет, спорт, жастар саясаты, тілдерді дамыту секілді бірнеше саласына жетекшілік ететін су жаңа орынбасар өткен аптада өңірдегі БАҚ өкілдерімен кездесті. Саясаттың қазанында қайнап келе жатқан шенеунік бастапқы күдігімізді сейілтті. Аңғарғанымыз, ана тілінің уызына қанып өскен азамат екен. Өзге ұлтты әріптестеріміздің сауалына қамшы салдырмай, жауап берді. Олардың ығына жығылған жағымпаздық сипаттағы қылығын аңғармадық. Бар көргеніміз осы. Бәлкім, фейсбуктегі сын садағынан кейін сабасына түскен болар. Әкім орынбасары таныстық сипаттағы кездесу барысында, аймақтағы журналистердің ой-пікірін тыңдап, проблемаларына құлақ асты. Әдеттегідей, желдей есуге желпініп тұратын электронды ақпарат құралдарының өкілдері бірінші болып, суырылып сөз сұрады. «Сарыарқа» телеарнасы директорының орынбасары Жәнібек Садықанов, аймақтың басты арнасына арнайы келген әкімнің жаңа орынбасарына емен-жарқын кездесуі үшін алғысын білдірді. Тендерден олжа алып отырғандар көпшілік алдында ықыластарын жарыса жеткізді. Разы пейілдегілердің алғысы әлдекімдердің құштарлығын қоздырса керек, майлы сүйектің бір шетін мұжуға зар болып отырған жекеменшік «Новое телевидение» қалалық арнасының директоры Руслан Никонович алқалы жиында отырғанын ұмытып, облыстық бюджеттен «қалжа» сұрап, қайта-қайта бұйымтайын айтты. Рас, нарықтық заманда мемлекеттік тапсырыстың бір пұшпағына іліну әр БАҚ-тың басына қона бермейтін бақ екені аян. Ал соған зорға жеткен Абай, Жаңаарқа секілді аудандық газеттердің басшылары  «бөлінген қаржының бақыр тиын құрлы құны жоқ», деп шағынды. «Жаңаарқа» газетінің ұжымы мемлекеттік тапсырыс тақырыбындағы мақалаларды екі айдың ішінде орындауға болатынын, алайда жергілікті ішкі саясат басқармасы жедел әрекетімізге тоқтау салып отыр деген наз айтты. Абай қалалық газетінің құрылтайшысы Құрманғазы Өтебай «биыл басылымға тендерден небәрі 2 млн 700 мың теңге бұйырды, қалалық  ішкі саясат басқармасындағылардың қаламгерлерге құрметі төмен», деп түйреп өтті. Оның айтуынша, газет бетінде билік өкілдеріне қатысты сыни сараптамалық мақала жарияланса, биліктегілер жеке басына қатысты ұйымдастырылған өшпенділік деп қабылдайды. Спикерлердің уәжінен оймақтай ой түйдік. Аймақтағы барлық ішкі саясат басқармасындағы БАҚ-қа жауапты кадрлар «кімнің арбасына мінсең, соның әнін шырқауға тиістісің!» деген монополистік принципті ұстанған. Құлқынның қамын айтқан басқосудың ауанын облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Қасымхан Ғалым мен қалалық «Пенсионерка» газетінің журналисі Елена Панкова және біз қостап, оқырмандар мүддесіне қатысты мәселеге қарай бұрдық. Біздің тілек  – ортақ.  Ол: «газет оқырмандар қолына айлап жетеді, баспасөзге жазылу науқанында қадау-қадау кедергілер көп, міндетінде міні көп «Қазпоштаның» жүгенсіз әрекетіне қашан тоқтау болады?» – дедік.

Қазақшаға қанық, орысшасы анық облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары жақын арада аймақтағы барлық басылым мен «Қазпошта» өкілдерінің басын қосып, өзекті мәселені ашық талқылауға уәде берді. Сонымен қатар  Ербол Әліқұлов мемлекеттік тапсырыс жөніндегі  проблеманы оңтайлы шешетін уақыт келгенін айта келе, болашақта әкімдіктер жанындағы ішкі саясат басқармасымен еркін форматта келелі кездесу өтетінін хабарлады.

Тегтер: қоғам пікір пайым парасат

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 10:30
Келесте 14 мал ұрлығына қатысы бар топ ұсталды
Сайт әкімшілігі 23.05.2022, 09:43
Коронавирус жұқтырған жеті қазақстандық ауыр жағдайда жатыр
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 19:13
Шымкенттегі жарылыс: Оқиға салдарынан бір нәресте шетінеді
Сайт әкімшілігі 21.05.2022, 18:29
Шымкент:Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы жарылысқа байланысты шұғыл брифинг берді
Нұр-Қасым ЖОМАРТ 20.05.2022, 11:50
Кәсіпкерлік ортаның бәсекесі қыза бастады
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 19.05.2022, 11:25
Қарағанөзектік балалар өлімге бас тігіп жүріп білім алуда

Аңдатпа


  • Не істеу керек?
    24.05.2022, 08:00
  • Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді (видео)
    24.05.2022, 08:07
  • «Зың әкімге» де тықыр таянды ма?
    24.05.2022, 08:05
  • НӘН-байдың заманы мен зауалы
    20.05.2022, 08:09
  • Амалбек Тшанов: Бұлардың көзқұрты – колледжің жері
    20.05.2022, 08:01