Қазақ мақтасы қайда барасың?

Махамбет САПАРМҰРАТОВ

03.11.2020, 03:33

251

      Жалпақ жұрттың аузында желдей есіп жүйткіп жүрген бір сөз бар: мақта бағасы тым төмен. Диқандардың үкілі үміті биыл да ақталмайтын түрі бар. Шығыны мен қайтарымы таразы басын тең басып тұрған сияқты. Сырты аппақ болғанымен, іші батпақ мақта шаруашылығы шатқаяқтап, бей-берекетсіздікке бой алдырған сияқты. Мақта тазалау зауыттарының қожайындары шитті мақтаның тоннасын 130 мың  теңгеге әкеп тіреп қойды.  Бұл баға диқандарға көтеріңкі көңіл күй сыйламасы анық еді. Машақаты көп мақта терімі аяқталуға жақын қалғанда, қысқа күнде қырық құбылған мақта бағасы 155 мың теңгеге бір-ақ секірді. Мұндай «төңкерістің» табиғатын түсінуге көп ақылдың керегі жоқ. Биыл мақта аз, құрт жеп қойған. Араны ашылған зауыттар аз мақтаға таласып, бағаны көтеріп отыр. Дегенмен диқандар «уһ» деп бір терең тыныс алғандай болды. Тәуелсіз елдің диқандарын қайдағы бір Ливерпуль биржасына тәуелді етіп қойған  қай Құдайдың қырсығы десеңізші. Доллардың құны шарықтап тұрғанда  қазақтың көбік теңгесіне көл толмағанымен, көңіл толатын  кезі болады екен. Өткен жылдары тоннасы 185 мың теңгеге көтеріліп, диқандардың арқа-жарқа болғаны бар. Сонда ғой, бір әумесер ауылдасымыз арақ ішіп алып: «Сенің құның – бір тонна мақта», – деп, көлік жүргізушіге жұдырық ала жөнелгені. Өкініштісі, былтыр да, биыл да мұндай «концерт» тамашалаудың сәті түспей тұр.

      Жүз жылдық тарихы бар, бірінің орнын бірі басқан бесінші ұрпақтың  кәсібіне айналған қазақ мақтасының бүгінгі даму қарқынына қарап, келешегі бұлыңғыр екенін бірден байқауға болады. Еріккеннің ермегіне, көрінгеннің қолжаулығына айналған, жүйесіздік жайлаған мақта өндірісі үлкен бетбұрысты күтіп тұрған тәрізді. Оңтүстікте өндірілетін 300 мың тоннадай шитті мақтаның ұлттық экономика қоржынына қосып жатқан үлесі ауыз толтырып айтуға келмейді. Мақта шикізаты бізде өнделмейді. Шитті мақтадан тұқымды ажыратып алуды ғана білеміз, бар болғаны талшығын теңдеп, белін сымтемірмен буып, шетелге асырып жібереміз. Әйтпесе бір тонна шитті мақтадан 3000 метр мата тоқуға, талшығынан химиялық жолмен өндеу арқылы 700-ден астам бұйым түрін жасауға болады. Ал біз өзімізде мақта бола тұра, иіретін жіпті шетелден тасимыз. Түріктерді айтпағанда, қазақтарды киіндіріп келе жатқан қырғыздар ғұрлы болмадық.

     Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің мақта туралы бүй дейді: «Мақта егуді қысқарту керек.  Бұл туралы талайдан бері айтып келе жатырмын. Өйткені қазір мақта егу өте тиімсіз. Оның орнына басқа көкөністер егу керек». Мақта егуді атакәсібіндей көретін диқандарға бұл сөздің ауыр тиетіні анық. 

       Ағын судың тапшылығы, топырақтың шектен тыс тұздануы, шитті мақта бағасының тұрақсыздығы мен адами факторларды ескерсек, мақта өсіретін егістік жерлердің көлемін қысқарту көңілге қонымды. Олай болмаған күнде үкімет түйеге мініп алып жасырынбақ ойнағанын қойып, жүйелі түрде жеткілікті көңіл бөлуі керек. Айтайын деп айтпайсың: жерді сорлануынан сақтайтын, топырақтың құнарлылығын арттыратын тік және горизонталды дренаждардың жұмысын жолға қоя алмай отырғанымыздың өзі басқасын айтпағанда, үкіметтен қайыр болмай жатқанын көрсетеді.

Мақта өсіру дегенде, баяғыдай аптапқа күйіп, аязға тонып, табаны тілініп, тегіс жерде сүрініп жүрген адамды көрмейсіз. Мақта өсірудің толыққанды технологиялық тізбегін бұзбай, барлық жұмысты тракторист жігіттер  атқарып береді. Келісімді бағасын берсеңіз болды, егістікке барып бас ауыртпайсыз. Өнім аз алынса технологияны сақтамай, жүрдім-бардым атқарғанын ешкім айтпайды. Гектар шығымы неге аз деп сұрайтын да ешкім жоқ. Бәрін қолайсыз ауа райы мен зиянкестерге жауып қоя салу әдетке айналған. Көсек құрты, өрмекші кенесі т.б. толып жатқан мақта зиянкестерінен аман қалған өнімді жинап алғанына мәз. Осыдан кейін мардымсыз өнімнің, «тексіз» тұқымның, сапасыз талшықтың түп- тамырын қазбаламай-ақ қойсаңыз болады. Жерге деген сүйіспеншілік,  кәсібіне деген адалдық, темірдей тәртіп, азаматтық жауапкершілік жоқ жерде мақта шаруашылығынан толағай табыс күтудің өзі күлкілі. 

      Жекеменшік мақта тазалау зауыттары шаруалардан шикізат қабылдап, қызмет көрсетіп жатырмыз деп мүләйімсігені болмаса, мойны жуан монстр, мүйізі қарағайдай магнатқа айналып кеткелі қашан. Шаруаларды азын-аулақ ақшамен байлап-матап қойып, көл-көсір байлықты иемденіп, қай елдің шотын шауып жүргендерін өздері де білмейтін секілді. Қазақ мақтасының билігі солардың қолында. 

      Айтпақшы, ана бір жылы экс-президент оңтүстікке сапарлап келіп, мақташы диқандармен кездесіп, арыз-шағымдарына құлақ асқандай болған. Сонда ғой, мақта зауыттарының басшыларына: «Сендер мақта бағасын көтеріңдер», – деп тапсырма бергені. Бірақ Тұңғыштың сөзін тақымына қыстырған ешкім болмады, қайта ертеңіне мақтаның бағасын тізеден төмен түсіріп жіберді. Содан кейін жекеменшік зауыттармен бәсекелестік орнатуды көздеп, қысқа мерзімде 60 мың тонна шитті мақта  қабылдап алуға  қауқарлы мемлекеттік мақта зауыты бой көтерді. Ол шіркініңіз 3-4 жыл жұмыс істеп, «айналайын» қолда өскен жемқорлар мен алаяқтардың арқасында банкрот болып жабылып тыңды. Осындай  көпсериялы көркем фильмге бергісіз, адамдарды қынжылтатын, диқандарды қажытатын көріністерден кейін «Қазақ мақтасы, қайда барасың?» деген сұрақ қоюға мәжбүр болады екенсің.

Тегтер: мақта мата диқан жиын-терім жеңіл өнеркәсіп отандық өндіріс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Нұр-Қасым ЖОМАРТ 27.11.2020, 14:48
Прокурор экс-әкімге 8 жыл сұрады
Айшуақ АРАЙ 27.11.2020, 13:20
Сотталушылар наразылық көрсетіп Жезқазған түрмесіне тергеу тобы барды (видео)
Сайт әкімшілігі 27.11.2020, 10:49
Пневмониядан 5 адам көз жұмды
Сайт әкімшілігі 26.11.2020, 17:56
Оңалту орталығына жасалған сый
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 26.11.2020, 10:18
Өндірісті өлке өміршеңдігін танытты
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ 26.11.2020, 09:20
Бір Өскеменге екі Пушкин әділет пе?

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36