Қой мен қозы қынадай қырылып жатыр

Таунар ҚАЙРАТҰЛЫ

19.05.2021, 09:13

8288

Қорадан мал кетсе, елден береке кетеді. Қытымыр қыстың құрсауынан енді ғана босаған жұрт төлдің аузы көкке тиер шағында қорадағы малынан айырылып қалды. Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданына қарасты бірнеше елді мекенінде белгісіз дерттен мал шетінен өліп жатыр. Жергілікті тұрғындар қорамыз қаңырап қала ма деп алаңдайды.

       Шілікті ауылы Қытай елімен іргелес жатыр. Шекара шебінде орналасқан халықтың негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Өкінішке қарай, ауданға белгісіз дерт тарап, мал шетінен қырыла бастаған. Қорадағы түлігінен айырылған малшылар «шекаралық ауданнан үдере көшкеннің көкесі енді болайын деп тұр» дейді.

«Әкімдік тарапынан сараптама да, акт де жасалған жоқ»

       Аудан тұрғындарының айтуынша, бұл жағдай сәуір айының соңына қарай басталған. Жергілікті биліктен қайыр болмаған соң, тұрғындар малдың қырылып жатқанын видеоға түсіріп, редакциямызға жолдады.

      Белгілі болғандай, Шілікті, Жалши, Қарасай ауылдарында мал шығыны көп. Видео Шілікті ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде түсірілген. Мұнда 100-ден астам қозы қырылды. Алдымен малдың ауыз және мұрын қуыстарының шырышты қабаттары жараланып, кейін аяғын баса алмайды. Мәселенің анық-қанығын білмек ниетпен сол жердегі шаруа қожалығының иесімен тілдестік.

     — Қазір менде 120 бастан астам қозы қырылды. Ауылда ірі қара да өліп жатыр. Осыған дейін әкімдік тарапынан сараптама да, акт де жасалған жоқ. Енді ғана қимылдады. Өлген төлдерді әкімшілік мамандарымен бірлесіп, ауыл азаматтары өзіміз тазартып жатырмыз. БАҚ өкілдеріне хабарласқанымыздан кейін ғана облыстан тексеру келіп, сараптама жасады. Ауру белгілері: ұсақ мал алдыңғы екі тізесінен кібіртіктеп ақсайды. Ауыз және мұрын қуыстарының шырышты қабаттары жараланып, тынысы тарылады. Кейін ыстығы көтеріліп, өкпесін соғып өледі. Жұғымталдығы өте тез. Біздің ойымызша, бұл жұқпалы ауру, — дейді «Нұр­дәулет» шаруа қожалығының иесі Айболат Лекеров.

«Өлген малды көтерем деу ақылға сыймайды»

       Аталған ауылдар карантинге жабылмаған. Себебі облыстық ветеринария басқармасының өкілдері «ауру жұқпалы емес» деп отыр.

     — Ешқандай жұқпалы ауру жоқ. Ауылдық округтегі барлық мал қыстан көтерем шыққан. 25-28 сәуір аралығында күн суытып, жауын жауды. Осыған байланысты иммунитеттері әлсіреген мал қолайсыз ауа райы салдарынан өліп жатыр. Ауырған малдан сынамалар алынып, облыстық зертханаға тапсырылды, — деді ШҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин.

      Ал тұрғындар болса оқиға орнына аяқ баспаған басқарма өкілінің неге бұлай жорта сөйлегенінің байыбына бара алмай отыр.

    — Көтерем малдың аяғы ақсап, аузы шірімейді. Аурудың бары анық. Десе де, сараптама нәтижесі шықпай, өлген малды көтерем деу ақылға сыймайды. Алдымен өзі келіп жағдайымызды көрсін. Бұрыннан мал бағып келеміз. Ауру мен көтерем малды ажырата аламыз. Төрт түлігіміз көтерем болатындай жемшөбіміз жетпей қалған жоқ. Керісінше, артылып қалып, көрші-қолаңдарыма таратып бердім. Басқарма ондай мәліметті қайдан алып отыр? Малымыздың күйін қазір келіп көрсін. Белгісіз дерттің адамға жұқпасына кім кепіл?! Басшылық мәселені жылы жауып қоя салғысы келеді. Ауруды қанша жасырғанымызбен, малымыз арам қатып жатыр, — дейді ашынған малшы.

       Қожалық өкілінің айтуынша, сараптама нәтижесі ұзаққа созылыпты. Тіпті осыған дейін екі рет сынама алынған. Бірақ теріс нәтиже көрсеткен.

     — Шекаралық аймақта тұрамыз. Бұл жағдай жалғаса берсе, ауыл қаңырап бос қалуы әбден мүмкін. Себебі малмен жан бағып отырмыз. Жас төлдер бұл ауруды көтере алмайды екен. Сынама ұзаққа созылып кетті. Нәтижесі шыққанша қорамыз қаңырап бос қала ма деп алаңдаймыз. Болмаса көшіп кетеміз бе? Білмейміз. «Бос жатқан жер жау шақырады» дегендей, ел көшсе, жер бос қалады, — дейді Айболат Лекеров ауыл болашағына алаңдап.

«Өтемақы төленсін!»

      Жергілікті тұрғындар әкімдіктен өлген малға өтемақы төлеуді талап етуде. Себебі мұндай көп шығын малшы қауымға оңайға соқпапты.

     — 2013 жылы осы ауру тектес індет Шілікті ауылдық округінде тіркеліп, ауыл карантинге жабылды. Бірақ дерт мұнша тез тарап, мал өлмеген еді. Бізге сараптама нәтижесін шығарып, қырылған малға өтемақы төлесе жақсы болар еді. Індеттің таралу ауқымы үлкейіп барады, — дейді қожалық иесі Айболат Лекеров.

      Ертай Батхолдиннің сөзінше, Шілікті ауылдық округінде 17 азаматтан 100-ге жуық ірі қара, 110 бас қой мен ешкі дертке шалдыққан. Қазіргі уақытта округ аумағында ветеринариялық дәрігерлер халықпен бірлесіп ауру малды емдеуде.

      — Тексеру барысында 12 бас ірі қара мал, оның ішінде жеті бас бұзау, бес бас ірі қара, бір бас қозының өлексесі анықталды. Мамандар бір қозы мен бір бұзаудың патологиялық материалдарын тексеруге алды. Шілікті ауылдық округінде барлығы 10,5 мың бас ірі қара, 24 мыңнан астам ұсақ мал, 52 мың жылқы, 150 ит, 2343 құс бар. Мал жыл бойы жайылымда ұсталады. 2021 жылғы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар толық көлемде орындалды. Атап айтқанда, нодулярлық дерматитке, эмкарға, құтыру, сібір жарасы, жұқпалы жылқы ауруларына қарсы уақтылы екпе салу жұмыстары жүргізілді. Шілікті ауылдық округінде соңғы үш жылда мал шаруашылығы бойынша қауіпті індет тіркелмеген, — деді Ертай Батхолдин.

       Ауыл тұрғыны Бауыржан Жақыпбековтің де бұзаулары өлген. Қазір олар өз беттерімен емдеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

    — Он бұзауым өлді. Жайылымда әлі қаншасы қырылғанын түгендей алмай жатырмын. Малдың өлекселеріне ешқандай акт жасалған жоқ. Бұл жағдай бізге оңай тимеді. Енді әкімдік тарапынан өлген малға өтемақы төленсе, — дейді Бауыржан Жақыпбеков.

      Зайсан ауданының әкімдігі «Шілікті өңірінің малы қыстан жүдеп-жадап шықты» деп уәж айтуда. Бірақ тұрғындар мұнымен келіспейді. Керісінше, әкімдіктің сылбыр жұмысын сынға алды. Оқиғаның бұдан ары өрбуін газет тілшілері назарында ұстайды.

Тегтер: мал шаруашылығы мәселе әкімдік жергілікті әкімшілік

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

М.СӘУЛЕБЕК 24.09.2021, 15:04
Инвесторлар үшін тартымды өңір
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 24.09.2021, 11:13
Жезқазғанда экспедиция қатысушылары бұрын зерттелмеген петроглифтерді анықтады
Сайт әкімшілігі 24.09.2021, 09:25
Нұр-Сұлтаннан Ыстамбұлға шыққан ұшақ шұғыл қонды
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 15:30
Жастардың мемлекеттік саясаты өзгеруі мүмкін
Еркежан АРЫН 23.09.2021, 13:00
Еріктілер вакцинаның маңыздылығын насихаттауда
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 23.09.2021, 08:30
Сарандағы РТБ зауыты ауданында тіршілік жаңарды

Аңдатпа


  • Ұлт құндылығының ұлағаты
    14.09.2021, 12:30
  • «Жас Алаштың» 100 жылдығы Жамбылда жалғасты
    03.08.2021, 11:01
  • «Жас Алаш» газетінің мерейтойына орай бильярдтан турнир өтті
    30.07.2021, 12:31
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай Таразда бильярдтан турнир өтуде
    29.07.2021, 12:29
  • "Жас Алаштың" 100 жылдығына орай ұйымдастырылған бильярд турнирі тартысты өтті
    14.03.2021, 11:39