14.01.2021, 12:19
532
Нұрсұлтан Назарбаевқа келгенде «нұрланып» шыға келетін елімізде Дінмұхамед Қонаевқа қатысты дүниелерге қырын қараған, қолдау таппаған кездер аз болған жоқ. Нұрсұлтан атауымен Астананың аты ауысып жатқанда Қордайдағы Степной ауылының тұрғындары Қонаев атын сұрағанымен, жергілікті билік, бәлкім, жоғары жаққа жалтақтады ма, әлде басқа себебі болды ма, әйтеуір, ауыл аты ауыспай қалған еді.
Степнойды Дінмұхамед ата атымен ауыстыра алмаса да, Тараздан Қонаевқа ескерткіш қойылатын болды. Бұл жылымық жаңалық жайында мәдениет және спорт министрлігінің жолдаған хатынан хабардар болдық. Хатта «Тараз қаласындағы Д.Қонаев атындағы көше бойына аса көрнекті қоғам қайраткерінің ескерткішін қоюға қолдау көрсетілсін» делінген.
Қонаевпен қоса, өткен жылы дүниеден озған даңқты спортшы, Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің ескерткішін «Тараз Арена» спорт кешенінің алдына салуға қолдау білдіріліпті.
Сонымен қатар Қазақстанның Мемлекеттік туының авторы, суретші Шәкен Ниязбековтің ескерткішін өзінің кіндік қаны тамған Жамбыл ауданы Бесжылдық ауылына орнату мақұлданса, Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың мүсінін де туған жері – Байзақ ауданы Түймекент ауылындағы мәдениет үйінің алдына қоюды қолдаған.
Жалпы, Жамбылда бұған дейінгі қойылған ескерткіштердің қайсысын алсаңыз да, тас тұғырлардың айналасында дау-дамай, талас-тартыс, абың-күбің әңгіме аз болған жоқ. Сол жағдайлардан Сапарбаев қорытынды шығарып, Қонаев абыз бастаған тұлғалардың тас тұғырларын сапалы жасатып қойдырады деген үміттеміз.
ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР