Жемшөп Шымкентте дайындалады

Б.ЕРНАЗАР

19.10.2021, 07:21

332

Шымкент миллионнан астам тұрғыны бар, республикадағы ірі қала болғанымен,  ауыл шаруашылығы жақсы дамыған өңір ретінде есептеледі. Үшінші мегаполистегі ауылшаруашылық тауарларын өндіру мен басқа да жетістіктері былтыр, биыл үкімет отырысында да жоғары бағаланған болатын.  Шымкентте осы бағытта бірқатар тың жобалар жүзеге асып жатыр.

Мегаполисте ауылшаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіпорындар орналасатын «Бозарық» индустриалды аймағы құрылуда. Аймақта  құны 6,7 миллиард теңгені құрайтын алты инвестициялық жобаның өтінімдері қабылданды. Дәлірегі, мұнда биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісін және сүт өндіру зауытын салу, сонымен қатар шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобаларды жүзеге асыру көзделген.

Жуырда мегаполисте мал шаруашылығын жемшөппен қамтамасыз ету мақсатында 2021-22 жылдарға арналған арнайы жоспар бекітілді. «Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасы бойынша ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің жем-шөп сатып алу шығындарын арзандату қолға алынды. Осыған сәйкес, жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, осы жөнінде қала әкімдігі қаулысының жобасы дайындалуда», – делінген Шымкент қаласы әкімдігі таратқан ақпаратта.

 Жемшөп қорын молайту үшін қала аумағындағы шаруашылықтармен бірлесе жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Қасқасу-С» шаруа қожалығы мал азықтық дақылдары егілетін жерге тамшылатып суару әдісін енгізіп, жылына төрт рет өнім алуды жоспарлап отыр. Шетел тәжірибесімен топырақтың құрамын зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге аталған шаруашылық базасында гидропоникалық әдісті қолдану арқылы шырынды мал азығы дайындалады. Соның нәтижесінде  екі келі астық дәнін сеуіп, жеті күнде 12 келі шырынды мал азығын алуға болады. Жаңа әдісті насихаттау үшін алдағы уақытта шаруашылықтарға арнайы семинарлар өткізу жоспарланып отыр.

Мамандардың айтуынша, гидропоника, яғни өсімдіктерді топырақсыз жасанды ортада өсіру жер тапшы немесе климаты қаталдау өңірлерге таптырмайтын әдіс. Сүт, мал бордақылау шаруашылығының бәріне тиімді. Тіпті мұны құс, балық өсірушілердің де қолдануына болады. Мәселен, сіздің шаруашылығыңызда 100 сиыр бар делік. Мұншама малды асырап, жемшөппен қамтамасыз ету үшін өте көп гектар жер қажет. Шаруашылықты одан әрі дамытып, мал басын көбейту үшін сіз тағы жер сұрайсыз. Ал әкімдіктің жер қорында беретін жайылым жоқ.

Бұл жайт шаруашылығыңызды өркендетуді тежейді. Гидропонды технология осы проблеманы оңтайлы шешу үшін қажет. Осындай жолмен өсірілген «жасыл жемде» малдың салмақ қосуына, құнарлы сүт беруіне қажетті дәрумендердің бәрі кездеседі. Құрамында 4-5 пайыздық майлылық бар. Бұл сүттің көбеюіне ғана емес, майлылығының артуына да әсер етеді. 28 пайызға дейін протеин бар. Яғни көкмайса – мал бордақылаушылар үшін таптырмайтын азық. Жаңа технологияның арқасында малдың өлім-жітімі азайып, қымбат тұратын дәрумендік қоспаларға, биологиялық белсенді заттар мен ветеринарлық препараттарға жұмсалатын шығын қысқарады. Қарапайым мысал: егер сол арпаны малға құрғақ күйінде берсе, ағзаға сіңуі 40 пайыздан аспайды. Ал гидропонды әдіспен өндірілген арпаның сіңімділігі 90 пайызды және одан да көп болады. Қарапайым қоректендіру кезінде малға шөп, пішен, сүрлем және басқа да қоспалар дайындау керек. Ал гидропонды азық мұны қажет етпейді. Бұған «жасыл жемнен» қалдық шықпайтынын қосыңыз.

Сонымен бірге Шымкентте әртараптандыру бағдарламасын іске асыру нәтижесінде жыл сайын егіс алқаптарын 0,7-ден 1 мың гектарға дейін арттыру жоспары қойылған. 2018-20 жылдары ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқаптары 3,6 мың гектарға артып, 29,3 мың гектарды құраған болатын. Соның ішінде мал азықтық дақылдар 700 гектарға артқан.

Мал азықтық дақылдарын ұлғайту бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, соның негізінде тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, қала бойынша мал азығына қажетті жемшөп 358,5 мың тоннаны құраса, жыл сайын оның 186,4 мың тоннасы Шымкентте дайындалады. Яғни қазір жергілікті шаруалар қажеттіліктің 52 пайызын қамтамасыз етуде.

Қалада ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің сатып алатын жемшөбінің құнын арзандату мақсатында 148 миллион теңге бөлінген. Жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен бұған қосымша 100 миллион теңге қарастыру көзделіп отыр.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Миуа БАЙНАЗАРОВА 11:40
Ғанибек Қазантаев, Қызылорда қаласының әкімі: Басты мақсат – халыққа жағдай жасау
Арайлым ЕРКЕБАЕВА 10:35
Теміртау тағы тоңып отыр
Сайт әкімшілігі 09:36
Шортандыдағы жарылыс, Абай кенішіндегі апат. Министр кінәлілерді атады
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 18:00
"Алматыда жойқын жер сілкінісі болса, ғимараттардың 60 пайызы қирайды"
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 16:22
БЖЗҚ-дағы артық қаражатты "Отбасы банкіне" тек 2022 жылдан бастап аударуға болады
Сайт әкімшілігі 06.12.2021, 12:55
Қарағанды облысында 11 айда 3,7 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді

Аңдатпа


  • Жастармен бірге тыныстайтын басылым
    30.11.2021, 18:08
  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14